Ресей Альпинизм федерациясының классикалық альпинизм жөніндегі комиссия төрағасы Александр Яковенко Победа шыңына шыққан Наталья Наговицынаның тобы бастапқыдан-ақ үлкен тәуекелге барғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Сарапшының айтуынша, альпинистер маршруттың күрделілігін дұрыс бағаламаған. Бұған қоса, топтың құрамы, ауа райы және қатысушылардың физикалық дайындығы да шешуші рөл атқарған.
Наталья Наговицына 2025 жылдың тамызында халықаралық топ құрамында Тянь-Шаньдағы Победа шыңына шыққан. Барлығы алты адам болған. Шыңға апаратын соңғы бөлікте ол ресейлік альпинистпен жұптасып қозғалған.
12 тамызда төмен түсу кезінде, шамамен 7200 метр биіктікте Наговицына аяғын жарақаттап алған. Оны құтқару үшін бірнеше рет әрекет жасалғанымен, ауа райының қолайсыздығы жұмыстарды қиындатқан. Құтқаруға қатысқан альпинистердің бірі де қаза тапқан.
Александр Яковенконың пікірінше, Наговицына мұндай күрделі маршрутқа жеткілікті дайындықсыз және лайықты командасыз шыққан.
"Ол жерге сәйкес командамен барған жоқ. Маршрут жағдайы да қолайлы болмады, физикалық дайындығы жеткіліксіз еді. Алты адам болып шығып, соңында екеуі ғана қалды. Барлық ереже бұзылды", – деді сарапшы.
Оның айтуынша, өткен маусымда Победа шыңына шығу кезінде Наговицынаны қоса алғанда бірнеше адам қаза тапқан.
Яковенко мұндай биіктікке шығатын адам кез келген сәтте өміріне қауіп төнуі мүмкін екенін түсінуі керектігін атап өтті. Оның сөзінше, аман қалу ықтималдығын тек жақсы дайындық, қолайлы ауа райы және тәжірибелі команда арттыра алады.