Қазір әлемдік тәртіп пен күштер балансының жаңа үдерістерге бет алып жатқаны айқын байқалады. Бұрын әлемдік геосаясаттағы «ауа-райын» ірі державалар жасап, ықпал ету тетіктерін өз уысында ұстаса, қазір «middle power», яғни орта державалардың да әлемдік саясатта ықпалы артып келеді. Түрлі дерек көздеріне сенсек, бірі әлемде 50-ден астам орта держава бар дейді, енді бірі 10-нан астам осындай ықпалды елдерді көрсетеді. Қай деректі алсақ та, әсіресе еуропалық зерттеушілер Қазақстанды ықпалды орта державаға жатқызады. Мұндай елдер әлемдік саясатқа ықпал етіп, халықаралық қатынастарда маңызды қызмет атқарады. Атап айтқанда, алпауыт мемлекеттер арасында көпір болып, дипломатиялық ықпалы арқылы саяси теке-тіресті реттейді.
Бірер жыл бұрын SWP немістің талдау орталығы Қазақстанды алғаш рет «орта держава» деп атаған еді. Бұл зерттеу орта державаларға арналып, мұндай мәртебеге сай 12 мемлекет белгіленді. Олардың қатарында Қазақстаннан бөлек Түркия, Мысыр, Сауд Арабиясы, Үндістан, Индонезия, Мексика, Бразилия, Израиль, Эфиопия, Кения, Оңтүстік Африка сияқты елдер бар.
Қазақстанды бұл санатқа не қосады? Еліміздің геосаяси орналасқан жері, Ресей мен Қытай арасында маңызды орны бар, Орталық Азиядағы ең ірі көшбасшы мемлекет әрі Еуропа мен Азияны байланыстыратын негізгі құрлық дәлізі. Бұл географияның өзі елімізге стратегиялық салмақ берсе, екінші жағынан, Қазақстанның көпвекторлы саясаты өз жемісін беріп жатыр. Ресей, Қытаймен экономикалық байланыс, АҚШ және Еуропамен инвестициялық әріптестік, Түркі мемлекеттерімен ықпалдастық, жалпы Ислам әлемімен қарым-қатынас жоғары деңгейде. Бұдан бөлек халық саны да артып келеді. Әлемдегі халық саны 20 миллион адамнан асқан 60-тан астам мемлекеттің қатарына кіреміз. Яғни, ішкі нарық та біртіндеп өсіп келеді.
Оның үстіне орта державалар әлемдік саясаттағы маңызды тақырыптарды талқылауға бастамашы боп отыр. Олардың қатарында еліміз бұрыннан көтеріп келе жатқан БҰҰ реформасы, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік, жасыл экономикаға көшу, ЖИ-ді дамыту, ядролық қарусыздану сияқты өзекті мәселелер бар.
Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығы кезінде де, Сирия процесін реттеуде де атқарған қызметі елеулі болды. Еліміздің арағайындық әлеуеті зор. Астана әлем елдерін қашанда бейбіт келісімдерге шақырып, маңызды басқосуларды өткізу үшін өз алаңын ұсынады. Бұл тұста дағдарыс ошағы боп жатқан аймақтан гөрі нейтралды аймақта келіссөздердің жүргізілгені сәтті шешім болғаны хақ. Сарапшылар орта державалардың дипломатиялық жетістіктеріне Қазақстан ұйымдастырған Сирия мәселесі бойынша Астана процесі мен Түркияның бастамасымен әрі арағайындығымен жүзеге асқан Қара теңіздегі «Астық келісімін» жатқызады.
Әрине, дүниежүзінде халықаралық мәселелерді талқылап, өзіндік делдал немесе көпір қызметін атқаратын келіссөз алаңдары баршылық. Десе де Астана процесінің мамандар тарапынан жоғары бағалануы еліміздің орта держава ретінде халықаралық саясатта өз орны, өз үні барын аңғартады.
Орта державалар әлемдегі көптеген қақтығыстарды бейбіт реттеуге мүдделі. Себебі түптің түбінде кез келген қақтығыстың бір ел шеңберінде қалмай, өңірлік, аймақтық, әлемдік деңгейде өз салдары болады. Қазақстан сияқты бірқатар орта державалардың БҰҰ аясындағы бітімгершілік операцияларына да белсенді қатысуы жалпыадамзаттық маңызды мәселелерге бетбұрыс қана емес, бұл аталған елдердің әлемдік саясатта тұрақты орны бар ықпалды субьектілерге айналғанының да бір белгісі.
Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға, 2011 Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етті. 2003 жылдан бастап әр үш жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі тұрақты өткізіп келеді. Ал 2017 жылдан бастап Сириядағы азаматтық соғысты бейбіт жолмен шешуге атсалысты. Бұдан бөлек қазақ елінде әлем назарын аударған Астана экономикалық форумы, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы, ЕАЭО мен ТМД саммиттері, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесі өтті. Бұл шаралар әлем назарын елімізге аударып қана қоймай, халықаралық саясаттағы Қазақстанның салмағын анық аңғартты.
Орта державалар әр аймақта бар. Мәселен, Солтүстік және Оңтүстік Америка құрылықтарында – Канада, Мексика, Бразилия, Аргентина, Перу, Колумбия, Чили орта держава ретінде дамып келеді, Еуропада – Еуроодаққа мүше елдер мен Украина, Норвегияны бұл санатқа қосуға болады. Азияда Қазақстан мен Түркиядан бөлек Иран, Сауд Арабиясы, Израиль, БАЭ, Ирак, Катар, Кувейт, Жапония, Оңтүстік Корея, АСЕАН мүшелері, т.б. елдерді жатқызуға болады. Келешекте бұл санатқа Өзбекстан да кіруі мүмкін, себебі көрші, бауырлас елдің адами капиталы, яғни ішкі нарығынан бөлек, экономикалық, әскери әлеуеті де зор.
Кәмшат ТАСБОЛАТ,
Қазақстан Республикасы
Президенттік орталығының
жетекші ғылыми қызметкері