Олимпиада және әлем чемпионы Данияр Елеусінов алкогольге қатысты мәселесі болғанын ашық айтып, бір ай оңалту орталығында ем қабылдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Боксшының айтуынша, ішімдікке деген әуестік Олимпиададан кейін басталып, уақыт өте келе күрделі мәселеге айналған.
«Иә, мойындаймын. Олимпиададан кейін ішімдікке әуестігім пайда болды, алкоголизмге бейімділік болды. Оның қалай ауруға айналып кеткенін қазір өзім де білмеймін. Бірақ бұл күлетін нәрсе емес. Мен ішімдікті тастаймын», - деді спортшы.
Елеусінов жуырдағы жол-көлік оқиғаларына қатысты да пікір білдіріп, болған жағдай үшін жауапкершілікті толық мойнына алатынын жеткізді.
«Мысалы, уақытша ұстау изоляторында отырдым. Өз кінәмнен. Бұған дейін бәрі жақсы еді. 15 жасымда әлем чемпионы болдым, Азияны, Азия ойындарын жеңдім, Олимпиада чемпионы атандым. Кейін осындай жағдайларға тап болдым», - деді ол.
Спортшы бір ай уақытын оңалту орталығында өткізгенін де жасырмады. Сондай-ақ өз мәселесін ашық айтқан адамдарды айыптамауға шақырды.
«Кейбір адамдар өз проблемалары туралы ашық айта алмайды. Қазір заман басқа, мәселені жасырмай, барын бар деп айту керек. Бізде бәрі керемет болып көрінуі мүмкін, бірақ жұлдыздардың да өмірінде қиындық болады. Біз де адамбыз. Ешкім мінсіз емес», - деді Елеусінов.
Сонымен қатар боксшы басынан өткен жағдайлар спорттағы мақсатына нүкте қоймайтынын атап өтті.
«Мен ақталып отырған жоқпын. Мүмкін, мен ең мықты емес шығармын. Головкиннен де, Шуменовтен де, Жақияновтан да мықты емеспін. Мен біреуден артық болуға тырыспаймын», - деді ол.
Қазір Данияр Елеусінов спорттық мансабын жалғастыру үшін АҚШ-қа қайта оралған. Оның басты мақсаты – чемпиондық атақ үшін қайта күресу.
«Америкаға дәл осы үшін қайта келдім. Zuffa чемпионы болғым келеді. Қолдаңыздар, жанкүйер болыңыздар. Қазақтың жігіті чемпион атанса, қуаныңыздар», - деді боксшы.
Спортшы қазір өзі үшін ең маңыздысы - денсаулығы, отбасы және сүйікті ісімен айналысуды жалғастыру екенін жеткізді.