Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Қоғам

Көкпарда қаза тапқан 13 жастағы баланың ісі жабылды

Көкпарда қаза тапқан 13 жастағы баланың ісі жабылды
Сурет:check_point.kz

Ақмола облысында көкпар кезінде 13 жастағы Дінмұхамметтің қаза болуына қатысты тергеу тоқтатылды. Оқиға жазатайым жағдай деп танылып, қылмыс құрамы болмағандықтан іс жабылған. Алайда марқұмның туыстары бұл шешіммен келіспейді, деп хабарлайды Arasha.kz, check_point.kz-ке сілтеме жасап.

Қайғылы жағдай 26 мамырда Целиноград ауданы Қабанбай батыр ауылында болған. Дінмұхаммет көкпар жаттығуына келген.

Отбасының айтуынша, ойын кезінде жасөспірім ереже бойынша әрекет етіп, қарсыласына тулақты бермеуге тырысқан. Осы сәтте басқа команданың шабандозы қатты жылдамдықпен келіп, оның атымен бүйірден соқтығысқан. Салдарынан Дінмұхаммет аттан құлап, ауыр жарақат алған. Ол ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Марқұмның туыстарының сөзінше, адам өлімі дерегі бойынша қылмыстық істі бастапқыда полиция мен прокуратура тергеген. Алайда шамамен екі айдан кейін іс жүргізу тоқтатылған.

Туыстардың сот-медициналық сараптама қорытындысына да қатысты сұрақтары бар. Құжатта денсаулыққа ауыр зиян «қатты, доғал заттардың әсерінен» келгені көрсетілген. Ал отбасының айтуынша, құжатта жарақаттардың нақты аттан құлау салдарынан болғаны жазылмаған.

Қаза тапқан баланың жақындары істің жабылуымен келіспей, оқиғаның мән-жайы толық әрі объективті зерттелуін талап етіп отыр.