Шариғат сотының шешімімен 11 адам көпшілік алдында дүре жазасына тартылды. Олардың төртеуіне некесіз жыныстық қатынасқа түсті деген айып тағылып, әрқайсысына 100 рет таяқ соғылған, деп хабарлайды Arasha.kz, BILD телеграм арнасына сілтеме жасап.
Жазаға тартылғандардың арасында екі әйел мен екі ер адам бар. Сот оларды некесіз жыныстық қатынасқа түсті деп таныған.
Тағы төрт адам некеде тұрмаған адамдар арасындағы «физикалық жақындыққа» байланысты 22 реттен дүре жазасын алған. Мұндай әрекеттерге құшақтасу немесе сүйісу секілді қылықтар жатқызылуы мүмкін.
Ал екі адам «шамадан тыс жақындық танытты» деген айыппен жеті реттен таяқ жазасына тартылған. Бұл санатқа, мәселен, қол ұстасу да жатуы мүмкін.
Сонымен қатар бір ер адам алкоголь ішкені үшін 20 рет дүре соғу жазасына кесілген.
Жергілікті шариғат заңнамасы бойынша құмар ойын ойнау, алкоголь тұтыну, некеде тұрмаған адамдардың физикалық жақындығы және бір жынысты адамдар арасындағы қарым-қатынас үшін де жаза қарастырылған. Мұндай үкімдер көп жағдайда жұртшылықтың көзінше орындалады.
Оқиға Индонезияның Ачех провинциясында болған. Бұл - ел аумағында исламның шариғат заңдары қолданылатын жалғыз провинция. Мұнда шариғаттың ерекше құқықтық жүйесі 2002 жылдан бері қолданылады.
БҰҰ көпшілік алдында дүре соғу тәжірибесін бірнеше жылдан бері сынап келеді. Ұйым мұндай жазаны адамның қадір-қасиетін қорлайтын әрекет деп бағалайды.