Түркия билігі Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға қатысты Интерполдың «қызыл бюллетенін» шығару рәсімін бастады. Бұл туралы Түркияның Әділет министрі Акин Гюрлек мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұл бастама Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізуді көздеген Global Sumud Flotilla белсенділеріне қатысты оқиға бойынша Түркияда жүріп жатқан қылмыстық істің аясында көтерілген.
Гюрлектің айтуынша, Ыстанбұлдың 11-ші ауыр қылмыстық істер жөніндегі сотында 35 адамға қатысты іс қаралып жатыр. Олардың қатарында Нетаньяху мен Израиль өкілі Афек Москович те бар.
Түркия соты 2026 жылғы 14 шілдеде Нетаньяху мен Московичті «геноцид» жасады деген айып бойынша қамауға алу туралы ордер шығарған. Осыдан кейін елдің Әділет министрлігі Ішкі істер министрлігіне оларды халықаралық деңгейде іздеуге беру үшін Интерполдың қызыл бюллетенін рәсімдеу жөнінде өтініш жолдаған. Қажетті құжаттар Сыртқы істер министрлігіне де берілген.
Іс Газаға гуманитарлық көмек апарған белсенділерге халықаралық суларда күш қолдану және оларды ұстау деректеріне байланысты қозғалған. Түркия тарапы айыпталушыларға адамзатқа қарсы қылмыстар, геноцид, азаптау және басқа да ауыр қылмыстар бойынша айып тағып отыр.
Акин Гюрлек Түркияның аталған іс бойынша ұлттық және халықаралық құқықта қарастырылған барлық заңды тетікті пайдалануға ниетті екенін мәлімдеді.
Интерполдың қызыл бюллетені адамның автоматты түрде қамауға алынатынын білдірмейді. Оны жариялау туралы соңғы шешімді Интерпол қабылдайды.