Бүгін – Қазақстан тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлау күні. Дауыс беру барысы сайлау учаскелерін аралап, сайлау процесінің ұйымдастырылуымен танысып жүрген халықаралық байқаушылардың қатаң бақылауымен өтіп жатыр. Олардың қатарында Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Сердар Мутта да бар. Ол Қазақ ұлттық өнер университетінде орналасқан сайлау учаскесіне барып, дауыс берудің ұйымдастырылуына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Сердар Муттаның айтуынша, Түркия делегациясы Қазақстанда екі күннен бері жүр. Бір күн бұрын халықаралық байқаушылар Орталық сайлау комиссиясының төрағасы және мүшелерімен кездескен. Кездесу барысында оларға елдің сайлау жүйесінің ерекшеліктері мен дауыс беру тәртібі түсіндірілген.
«Азаматтарды ақпараттандыруда ешқандай кемшілік жоқ екенін көрдік. Орталық сайлау комиссиясы бұл жұмысты кәсіби деңгейде жүргізіп жатыр», – деді Сердар Мутта.
Халықаралық байқаушы азаматтардың қай сайлау учаскесінде дауыс бере алатынын алдын ала білуі үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Қажетті ақпарат электрондық сервистер, БАҚ және Орталық сайлау комиссиясының түсіндіру жұмыстары арқылы қолжетімді.
Сердар Мутта сайлау учаскесіне барған кезде комиссияның жұмысымен, бюллетеньдерді беру тәртібімен және азаматтарға жасалған жағдаймен танысты
«Біз дауыс беру барысын тікелей бақыладық. Сайлаушылар жеке куәлігін көрсетіп, бюллетень алады, жабық кабинаға кіріп, таңдауын жасағаннан кейін толтырылған бюллетеньді жәшікке салады», – деді ол.
Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы мүгедектігі бар азаматтарға да барлық мүмкіндік жасалғанына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, сайлау учаскесінде көру және есту қабілеті бұзылған сайлаушыларға арналған жеке кабина мен арнайы жүйе қарастырылған.
Сердар Муттаның пікірінше, қолжетімді ортаның қалыптасуы азаматтардың сайлауға қатысуына кедергі келтіретін тосқауылдарды жойып, олардың демократиялық мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.
«Мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасалғанын көрдік. Бұл Орталық сайлау комиссиясының Қазақстанның әрбір азаматына айрықша мән беретінін көрсетеді», – деді ол.
Елдің саяси жүйесіндегі өзгерістерге тоқталған Сердар Мутта Орталық сайлау комиссиясының өкілдері байқаушыларға конституциялық өзгерістер мен қазіргі сайлау науқанының ерекшеліктері туралы ақпарат бергенін жеткізді.
Ол демократиялық институттарды дамыту үнемі жетілдіруді қажет ететін сабақтастыққа негізделген процесс екенін де атап өтті.
«Демократияның дамып, күн сайын жаңа тетіктермен толығып, жоғары деңгейге көтеріліп келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл үдеріс алдағы уақытта да жалғасын табады деп үміттенеміз», – деді Сердар Мутта.
Халықаралық байқаушының айтуынша, Қазақстандағы сайлау қалыпты жағдайда әрі мерекелік көңіл күйде өтіп жатыр. Ол азаматтардың дауыс беруге қатысуын елдің демократиялық дамуының маңызды бөлігі деп атады.
Сөз соңында Сердар Мутта Қазақстан халқына ізгі тілегін білдіріп, екі ел арасындағы тарихи және мәдени байланыстың тереңдігіне айрықша мән берді.
«Біз Қазақстан халқын дос әрі бауырлас халық деп қабылдаймыз. Қазақстан демократиялық даму жолында күн сайын тағы бір қадам алға баса берсін деп тілеймін», – деді ол.
Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Түркістанды түркі әлемінің рухани астанасы деп атап, Қожа Ахмет Ясауи мұрасының Қазақстан мен Түркия халықтары үшін айрықша маңызға ие екенін айтты.
Сердар Муттаның сапары Қазақстанда өтіп жатқан сайлауды халықаралық байқау аясында жүзеге асты. Дауыс беру қорытындысы бойынша халықаралық байқаушылар сайлау процесінің ұйымдастырылуына қатысты өз бағалары мен қорытындыларын ұсынады.