Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Астана қаласы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бұрынғы басшысы Ербол Махметовтің ұсталғанына қатысты ақпаратқа түсініктеме берді, деп Arasha.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін оның ұсталғаны туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тараған еді. Комитет мәліметінше, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Ведомство: «Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Бұдан өзге ақпаратты Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес жария етілмейді», – деп жауап берді.
Бұған дейін Астанадағы көші-қон қызметі басшысының орынбасары ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді.
Сондай-ақ ҰҚК екі ай ішінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты 201 құқық бұзушылықты анықтап, оның ішінде 110 қылмыстық істі сотқа жолдағанын хабарлаған.