Ақмола облысының Макинск қаласында көлік қағып кеткен 8 жастағы қыз ауруханада қайтыс болды. Қайғылы жағдай баланың анасымен бірге болған сәтінде орын алған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиға 7 қыркүйек күні сағат 18:00 шамасында Мәскеу көшесінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Mercedes жүргізушісі жолды белгіленбеген жерден кесіп өтіп бара жатқан баланы қағып кеткен.
Қыз ауыр жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілген. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Жол апатынан кейін көлік жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Алайда жергілікті тұрғындар қайғылы жағдайға жол инфрақұрылымының да әсері болуы мүмкін екенін айтып отыр. Олардың сөзінше, оқиға болған Мәскеу көшесінде жаяу жүргіншілерге арналған тротуар жоқ. Көшеге өткен жылы жаңа асфальт төселгенімен, тротуар салуға қаражат жетпегені айтылған.
Тұрғындар бұл көшеде көліктердің жылдам жүретінін айтып, жол қауіпсіздігін күшейтуді талап етіп отыр.
Полиция жүргізушілерді жылдамдық режимін сақтап, жолда барынша мұқият болуға шақырды.