Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Саясат

Құрылтай депутаттары Регламентті қабылдады

Құрылтай депутаттары Регламентті қабылдады
Quryltai.kz

Құрылтай депутаттары жұмыс барысын ұйымдастыру тәртібін айқындайтын Регламентті қабылдады. Құжатта отырыстар мен тыңдаулар өткізу, Үкімет сағатын ұйымдастыру, заң шығару процесі, сондай-ақ депутаттық бірлестіктердің қызметі реттелген, деп Arasha.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Регламент жобасын отырыста депутат Снежанна Имашева таныстырды. Оның айтуынша, құжат 31 тарау мен 310 тармақтан тұрады.

Құрылтайдың жұмыс тәртібі

Құрылтай қызметінің негізгі нысаны – сессия. Кезекті сессия жылына бір рет өткізіліп, қыркүйектің алғашқы жұмыс күнінен маусымның соңғы жұмыс күніне дейін жалғасады.

Сессиялар арасындағы кезеңде депутаттар заң шығару бастамасы құқығын жүзеге асырып, заңдарға түзетулер әзірлейді және сайлаушылармен жұмыс істейді. Өңірлерге шығу үшін депутаттарға 10 күнге дейін уақыт беріледі. Мұндай сапарлар бір сессия барысында кемінде екі рет ұйымдастырылуы тиіс.

Құрылтай отырыстары, әдетте, сәрсенбі және бейсенбі күндері, тыңдаулар жұмада, ал Үкімет сағаты дүйсенбіде өтеді.

Отырыстың өтуі үшін депутаттардың жалпы санының кемінде үштен екісі, яғни кемінде 97 депутат қатысуы қажет.

Құжатта Құрылтай жұмысының ашықтығына басымдық берілген. Отырыстар ашық түрде өткізіліп, тікелей трансляцияланады. Заңда көзделген жағдайларда ақпаратқа қолжетімділікті шектеу талаптарын сақтай отырып, жабық отырыстар өткізуге де мүмкіндік бар.

Заң шығару процесі қалай жүреді?

Регламент заң жобасының Құрылтайға енгізілген сәтінен бастап заң қабылданғанға дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Заң шығару бастамасы тек Құрылтайда жүзеге асырылады. Заң жобасы тіркелгеннен кейін Бюро оны тиісті бейінді комитетке жібереді. Комитет жұмыс тобын құрып, құжатты әрі қарай қарауға дайындайды.

Заң жобалары үш оқылымда қаралады. Халықаралық шарттарды ратификациялау немесе денонсациялау туралы заң жобалары бұған жатпайды. Олар екі оқылымда қаралады. Бірінші оқылымда заң жобасының мақсаты, міндеттері, негізгі ережелері және қабылданған жағдайда туындауы мүмкін әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және өзге де салдарлары талқыланады. Бірінші оқылымнан кейін депутаттар түзетулермен жұмыс істейді. Олар жұмыс тобы мен бейінді комитет тарапынан жинақталып, салыстырмалы кестеге енгізіледі. Екінші оқылымда заң жобасына жұмыс тобына немесе бейінді комитетке енгізілген түзетулер қаралады. Үшінші оқылым заң жобасын Құрылтайда қарау рәсімін аяқтайды. Бұл кезеңде Конституция мен қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіруге, заң техникасы талаптарын сақтауға, ішкі қайшылықтарды жоюға және редакциялық ескертулерді түзетуге қатысты өзгерістер ғана қаралады. Екінші оқылымда мақұлданған заң жобасының мазмұнын өзгертетін түзетулер үшінші оқылымда қаралмайды. Сонымен қатар Регламент депутаттар, комитеттер мен фракциялар енгізетін түзетулерді қарау, оларды жұмыс тобы мен бейінді комитетте талқылау және салыстырмалы кестелер әзірлеу тәртібін белгілейді. Құжатта Құрылтайда қаралып жатқан заң жобаларына Үкімет тарапынан ұсынылатын өзгерістерді қарау тәртібі де көрсетілген. Комитет Үкімет ұсыныстарын қарап, оларды салыстырмалы кестеге енгізу немесе енгізбеу туралы шешім қабылдайды. Заң жобасын заң шығару бастамасы субъектісі оны қараудың кез келген кезеңінде кері қайтарып ала алады.

Комитеттер мен Бюроның қызметі

Құрылтайдың жұмыс органдарына тұрақты комитеттер мен комиссиялар жатады. Олар заң жобаларын әзірлеумен және Құрылтайдың құзыретіне кіретін мәселелерді қарауға дайындаумен айналысады. Құрылтайдың үйлестіруші органы – Бюро. Оны Құрылтай төрағасы басқарады. Бюро құрамына төрағаның орынбасарлары, тұрақты комитеттердің төрағалары және саяси партиялар фракцияларының жетекшілері кіреді. Бюро заң жобалары бойынша бейінді комитеттерді анықтайды, күн тәртібінің жобасын әзірлейді, жұмыс органдарының қызметін үйлестіреді, тыңдаулар мен Үкімет сағатын өткізу туралы шешім қабылдайды.

Парламенттік бақылау тетіктері

Регламентте Құрылтайдың Конституциялық Сотпен, Үкіметпен және Қазақстан Халық Кеңесімен өзара іс-қимылына да жеке орын берілген. Құрылтай құзыретіне кіретін маңызды мәселелер бойынша тыңдаулар өткізу қарастырылған.

Парламенттік бақылаудың негізгі құралдарының бірі – Үкімет сағаты. Оның барысында депутаттар Үкімет өкілінің баяндамасын тыңдап, бейінді комитеттің қосымша баяндамасынан кейін сұрақтар қояды және мәселені талқылайды. Соңында тиісті ұсынымдар қабылданады.

Регламент депутаттық сауал жолдау тәртібін де белгілейді. Депутаттар Премьер-Министрге, Үкімет мүшелеріне, бірқатар мемлекеттік органдардың басшыларына және өңір әкімдеріне сауал жолдай алады. Депутаттық сауалға бір айдан аспайтын мерзімде жауап берілуі тиіс. Депутат талап еткен жағдайда жауап Құрылтай отырысында жарияланып, кейін сауал қойған депутаттың сұрақ қоюына және мәселені талқылауға мүмкіндік беріледі.

Парламенттік оппозицияға қандай құқық беріледі?

Регламентте парламенттік көпшілік пен оппозицияның мәртебесі жеке тарауда қарастырылған. Парламенттік көпшілік деп депутаттық мандат саны ең көп саяси партия танылады. Ал Құрылтайда өкілдігі бар, бірақ көпшілік құрамына кірмейтін саяси партиялар парламенттік оппозиция құра алады. Оппозицияның құқықтары тек мәртебесін белгілеумен шектелмейді. Оған бір сессия барысында кемінде бір рет тыңдау өткізуді бастауға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар оппозиция бір сессия кезінде кемінде екі рет Үкімет сағатының күн тәртібін анықтай алады. Тұрақты комитеттердің басшылығында да оппозиция өкілдерінің болуы қарастырылған.

Депутаттардың мәртебесі мен жауапкершілігі

Регламентте депутаттардың ант қабылдауы, өкілеттіктерін жүзеге асыруы, сайлаушылармен жұмыс істеуі, отырыстар мен жұмыс органдарына қатысу тәртібі белгіленген. Депутаттық бірлестіктердің негізгі екі түрі қарастырылған. Олар – саяси партиялардың фракциялары және депутаттық топтар. Фракция тиісті саяси партияның мүддесін білдіреді. Ал депутаттық топ өз өкілеттіктерін бірлесіп жүзеге асыру үшін құрылады. Оны құру үшін кемінде 15 депутат қажет. Сонымен бірге депутаттарға қойылатын жауапкершілік талаптары да белгіленген. Себепсіз жүйелі түрде отырыстарға қатыспау, өз дауысын басқа депутатқа беру және депутаттық әдеп ережелерін бұзу жағдайларында тиісті шаралар қарастырылған.

Құрылтай жұмысының ашықтығы

Регламентке сәйкес, отырыстардың, тыңдаулардың және Үкімет сағаттарының стенограммасы жасалып, бейнежазбасы жүргізіледі. Тиісті материалдар Құрылтайдың интернет-ресурсында жарияланады. Құжатта халықаралық ынтымақтастық мәселелері де қамтылған. Атап айтқанда, парламенттік делегациялардың қызметі, шетел парламенттерімен және халықаралық ұйымдармен байланыс орнату тәртібі реттеледі.

Құрылтайдың ұйымдастырушылық, құқықтық және ақпараттық-талдамалық қызметін қамтамасыз ету оның Аппаратына жүктеледі.