Депутат Снежанна Имашева Құрылтай отырысында депутаттардың пленарлық жиын кезінде туған-туыстарын туған күнімен құттықтауына бола ма деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұл мәселе Құрылтайдың жаңа регламенті қабылданғаннан кейін көтерілген. Журналистер депутаттар енді мінберден анасына немесе басқа туыстарына жеке құттықтау айта ала ма деп сұрады.
Снежанна Имашеваның айтуынша, жаңа регламент мұндай жеке сипаттағы сөздерге жол бермейді.
"Депутат өз қызметін жүзеге асыруға, қалыпты жұмысқа кедергі келтірмеуге, Құрылтай отырыстарындағы, оның тұрақты және жұмыс органдарындағы, консультативтік-кеңесші құрылымдардағы сөзін депутаттық өкілеттіктерге қатысы жоқ жеке және өзге де өтініштер үшін пайдаланбауға міндетті. Бұл туралы регламенттің 274-тармағының 5-тармақшасында нақты жазылған", – деді ол.
Одан бұрынғы депутаттың мұндай әрекеті үшін қандай жаза алғаны да сұралды.
Имашеваның сөзінше, бұған дейін Мәжіліс регламентінде мұндай талап болмаған. Алайда жинақталған тәжірибені ескере отырып, жаңа Құрылтай регламентіне арнайы норма енгізілген.
"Бұрын Мәжіліс регламентінде мұндай норма болған жоқ. Енді мінберден жеке мәселелер айтуға болмайды. Депутат тек өз өкілеттігіне сәйкес сөз сөйлеуі керек", – деді Снежанна Имашева.