24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Каспий теңізі жағалауында әскери оқу-жаттығу кезінде қайғылы оқиға болды. Алдын ала мәлімет бойынша, 19 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген.
Салдарынан әскери қызметшілер теңізге кеткен. Қазіргі мәлімет бойынша, олардың 9-ы қаза тапқан.
Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жеткізілген. Қалған әскери қызметшілерді іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Оқиға орнына Әскери-теңіз күштері мен Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылған.
Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін Маңғыстау облысына Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия аттанды.
Қорғаныс министрлігі қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, олардың отбасыларына қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Министрлік қосымша ақпарат ресми түрде расталған сайын жарияланатынын хабарлады.