Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Спорт

Төрехан Сабырхан қарсыласын бір минутта нокаутқа түсіріп, Азия ойындарының жартылай финалына шықты

Төрехан Сабырхан қарсыласын бір минутта нокаутқа түсіріп, Азия ойындарының жартылай финалына шықты
Төрехан Сабырхан. Фото: instagram.com/boxingkazakhstan

Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан 2026 жылғы Азия ойындарының жартылай финалына шықты. 70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін отандасымыз ширек финалда Мысыр өкілі Әли Ас-Сараиді мерзімінен бұрын жеңді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Жекпе-жектің алғашқы секундтарынан-ақ Төрехан шабуылға көшіп, қарсыласына қысым жасады. Бір минутқа жетпей қазақстандық боксшы қарсыласының дене тұсына ауыр соққы бағыттап, оны нокдаунға түсірді.

Мысырлық спортшы есеп аяқталғанша орнынан тұра алмады. Нәтижесінде төреші кездесуді мерзімінен бұрын тоқтатып, жеңісті Төрехан Сабырханға берді.

Осылайша, қазақстандық боксшы Азия ойындарында кемінде қола жүлдені қамтамасыз етті. Турнирде үшінші орын үшін бөлек жекпе-жек өткізілмейді.

Айта кетейік, 1/8 финалда Төрехан Сабырхан Катар өкілі Мұхаммед Дбичимен кездескен. Үш раундқа созылған жекпе-жекте қазақстандық боксшы төрешілердің бірауызды шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті.

Төрехан Сабырхан – әлем чемпионы

Төрехан Сабырхан 2025 жылы Қазақстан ұлттық құрамасы сапында дебют жасап, Англияның Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатында алтын медаль иеленген.

Финалда ол 2021 жылғы әлем чемпионы, жапониялық Севон Окадзавамен кездесіп, 3:2 есебімен жеңіске жеткен.

28 қыркүйекте Төреханның туған ағасы, екі дүркін әлем чемпионы Махмұд Сабырхан да Азия ойындарының ширек финалында рингке шығады. Оның қарсыласы – Оңтүстік Корея өкілі Жаенг Шин.