Қазақстандық курашшы Арайлым Шегенова Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Бұл – Қазақстан әйелдер құрамасының Азия ойындарында кураштан жеңіп алған алғашқы медалі, деп хабарлайды Arasha.kz.
29 жастағы спортшы 87 келіден жоғары салмақ дәрежесінде ел намысын қорғады. Жарыс барысында Шегенова Вьетнам және Оңтүстік Корея өкілдерін жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.
Финалға шығу үшін қазақстандық спортшы Оңтүстік Корея өкілі Ким Мин Ёнмен белдесті. Тартысты кездесуде қарсыласы 1:0 есебімен басым түсті.
Жарыс ережесіне сәйкес, үшінші орын үшін жеке белдесу өткізілмейді. Сондықтан Арайлым Шегенова Азия ойындарының қола жүлдесіне ие болды.
Бұл нәтиже Қазақстан әйелдер курашы үшін тарихи жетістік саналады. Бұған дейін отандық спортшы қыздар Азия ойындарында осы спорт түрінен жүлде алмаған.
Айти-Нагоядағы Азия ойындарында Қазақстан құрамасының кураштан қоржынында әзірге екі қола медаль бар. Бұған дейін 81 келіге дейінгі салмақта Әділет Ахметғали үшінші орын иеленген.