4 қазанда Қазақстанның көптеген өңірінде ауа райы күрт өзгереді. Батыс пен орталықта жаңбыр қарға ұласса, оңтүстік аймақтарда нөсер жауын жауып, екпінді жел соғады, деп хабарлайды Arasha.kz.
"Қазгидромет" мәліметінше, бірқатар облыста дауылды ескерту жарияланған.
Оңтүстікте нөсер жаңбыр жауады
Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында найзағай ойнап, қатты жаңбыр жауады.
Жамбыл облысында бұршақ пен дауыл болуы мүмкін. Кей жерлерде желдің жылдамдығы секундына 23–28 метрге дейін жетеді.
Шымкент пен Түркістанда күндіз ауа температурасы +15...+17°C шамасында болады. Жамбыл облысының таулы аудандарында температура +9°C-қа дейін төмендеуі мүмкін.
Қызылорда облысының солтүстігінде түнде топырақ бетінде -1°C-қа дейін үсік күтіледі.
Батыс пен орталықта жаңбыр қарға ұласады
Ұлытау, Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының кей жерлерінде жаңбырдың соңы қарға айналады.
Орал мен Ақтөбеде түнде ауа температурасы +1...+3°C-қа дейін түседі. Күндіз +5...+7°C шамасында болады.
Ақтөбе облысының солтүстігі мен батысында көктайғақ болуы ықтимал.
Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында түнде және таңертең тұман түседі.
Астанада күн күрт суытады
Елордада сенбімен салыстырғанда ауа температурасы айтарлықтай төмендейді.
Күндіз +8...+10°C болады. Кешке қарай жаңбыр қарға ұласуы мүмкін.
Желдің екпіні секундына 25 метрге дейін күшейеді. Ақмола облысының кей жерлерінде жел жылдамдығы 30 м/с-тан асуы ықтимал.
Алматыда күн жылы болады
Алматыда 4 қазанда жауын-шашын күтілмейді.
Қонаев пен Талдықорғанда да ауа райы салыстырмалы түрде жылы болып, күндіз температура +25...+27°C-қа дейін көтеріледі.
Бірқатар өңірде дауылды жел соғады
Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Қарағанды және Павлодар облыстарында қатты жел күтіледі.
Алакөл маңында желдің екпіні секундына 28 метрге дейін жетуі мүмкін.
Синоптиктер сондай-ақ 6 қазанда Абай облысында ауа райының одан әрі нашарлап, жел жылдамдығы 30 м/с-тан асуы мүмкін екенін ескертті.