Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Әлем

Қызын фастфудтан тыймақ болған әкеcі адам сенгісіз әрекетке барған

Қызын фастфудтан тыймақ болған әкеcі адам сенгісіз әрекетке барған
Фото: ndtv.com

Үндістанда әкесінің қызын фастфуд пен зиянды тағамнан тыймақ болған ерекше тәсілі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

Желіде тараған видеода ер адам компьютерге жалғанған тінтуірді "УДЗ аппараты" секілді пайдаланып, оны қызының ішінің үстімен жүргізеді. Осы сәтте ноутбук экранында баланың асқазанында құрттар жүргендей бейне көрсетіледі. Әкесі мұны фастфуд жеудің салдары ретінде түсіндіреді.

Мұны көрген қыз қатты қорқып, жылап анасына қарай жүгірген. Кейін ол бұдан былай зиянды тағам жемейтінін айтқан.

Видео әлеуметтік желі қолданушыларын екіге бөлді. Бір тарап әкенің бұл әрекетін баланы дұрыс тамақтануға үйретудің ерекше тәсілі деп бағаласа, енді біреулер баланы әдейі қорқытуға болмайтынын жазған.

Кей қолданушылар мұндай тәсіл баланың ата-анасына деген сеніміне кері әсер етуі мүмкін екенін де алға тартты.

"Кейін балалардың өтірік айтқанына таңғаламыз. Олар мұны кімнен үйренді?" – деп пікір қалдырған қолданушылардың бірі.

NDTV жазуынша, бұған дейін Үндістандағы мектептердің бірінде балаларды смартфонды шамадан тыс пайдаланудан тыймақ болып, осыған ұқсас қорқыту тәсілі қолданылған. Ол жағдай да қоғамда ата-аналар мен педагогтердің бала тәрбиесінде қорқынышты пайдалануы қаншалықты дұрыс деген пікірталас туғызған.