Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Қазақстан мен Әзербайжан арасында маңызды цифрлық жоба іске қосылды

Қазақстан мен Әзербайжан арасында маңызды цифрлық жоба іске қосылды
Бағдат Мусин. Фото: gov.kz

Қазақстан мен Әзербайжан арасында Каспий теңізінің түбі арқылы өтетін талшықты-оптикалық байланыс желісі іске қосылды. "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин жаңа жобаның ел экономикасы мен цифрлық инфрақұрылымы үшін маңызын түсіндірді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев екі елді байланыстыратын жаңа халықаралық байланыс желісін ресми түрде іске қосты.

"Қазақтелеком" және AzerTelecom компаниялары бірлесіп жүзеге асырған жоба аясында Каспий теңізінің түбімен 380 шақырым талшықты-оптикалық кабель тартылған.

Бағдат Мусиннің айтуынша, жаңа инфрақұрылым Қазақстанның халықаралық деректер тасымалы нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейтеді.

"Қазақстан үшін бұл – Азия мен Еуропа арасындағы маңызды цифрлық торапқа айналу жолындағы тағы бір қадам. Жаңа бағыт халықаралық деректер транзитін дамытуға, еліміздегі Деректер орталықтары алқабын (Data Center Valley) өркендетуге және ірі технологиялық компанияларды тартуға қосымша мүмкіндіктер ашады", – деп жазды ол Instagram парақшасында.

Сондай-ақ "Қазақтелеком" басшысы жобаны жүзеге асыруға атсалысқан мамандардың еңбегіне ерекше тоқталды.

"Бірақ мен үшін бұл жоба, ең алдымен, адамдар туралы. Біздің инженерлер, теңізшілер, сүңгуірлер, кабель төсеушілер мен оны іске асыру жолында айлап еңбек еткен барша жандар туралы. Әзербайжандық әріптестерімізге және "Қазақтелекомның" бүкіл командасына алғыс айтамын! Осы кабельдің әрбір шақырымының артында сіздердің орасан зор еңбектеріңіз тұр. Бүгін біз ортақ жұмысымыздың нәтижесін көріп отырмыз. Қолдан келді", – деді Бағдат Мусин.

Жаңа байланыс желісі Қазақстан мен Әзербайжан арасында деректерді тікелей тасымалдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол еліміздің Азия мен Еуропа арасындағы цифрлық транзит орталығы ретіндегі әлеуетін арттыруға бағытталған.