Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Жапаров Әблязовпен әңгімесі туралы айтты

Жапаров Әблязовпен әңгімесі туралы айтты
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 2020 жылы Мұхтар Әблязовпен телефон арқылы сөйлескенін мәлімдеді. Оның сөзінше, Әблязов Бішкекке келіп, Қазақстанда төңкеріс ұйымдастыруға рұқсат сұраған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Жапаров телефонды өзіне қазір қамауда отырған Мелис Аспеков бергенін жеткізді. Қырғызстан басшысы әңгіме Әблязов айтқандай 40 минут емес, шамамен екі минутқа созылғанын алға тартты.

Президенттің айтуынша, Әблязов Алмазбек Атамбаев билігі кезінде Қырғызстан азаматтығын алғанын және қырғыз паспорты бар екенін айтқан. Жапаров оның ұсынысын қабылдамағанын мәлімдеді.

«Біріншіден, көрші елдердің саясатына араласпаймын. Екіншіден, сіз үшін Қазақстанмен қарым-қатынасымды бұзбаймын. Одан да келмей-ақ қойыңыз, өз ісіңізбен айналысыңыз дедім», — деді ол.

Жапаров бұған дейін Әблязовпен таныс болмағанын да атап өтті. Сондай-ақ одан ақша сұрағаны жөніндегі мәлімдемені жоққа шығарды. Оның түсіндіруінше, телефон әңгімесі Қырғызстандағы билік ауысқаннан кейін болған және сол кезде оған қаржылай көмек қажет болмаған.

Қырғызстан президенті өзін қамаудан босатып, билікке әкелген халықтың қолдауы ақшадан маңызды болғанын айтты.