Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Құтқарушы күніне арналған салтанатты жиынға қатысып, төтенше жағдайлар саласының қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табыстады. Мемлекет басшысы құтқарушылардың ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбегін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Президент салтанатты шара барысында құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың адам өмірін сақтап қалу жолындағы қызметіне ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушы мамандығының қоғамдағы орны ерекше екенін айтып, бұл қызметтің үлкен жауапкершілік пен батылдықты талап ететініне тоқталды.
"Құтқарушы" сөзінің мағынасы – өте кең әрі терең. "Құтқару" – әрдайым игі іс жасаумен, жақсылық істеумен байланысты ұғым. Адам өміріне араша түсу, азаматтарды қауіп-қатерден қорғау, оқыс жағдайға тап болған адамдарға қол ұшын созу, тіпті, олардың қорқынышын басып, жұбату сөз айту – осының бәрі де нағыз құтқарушының бойынан табылатын асыл қасиеттер. Сондықтан халқымыз сіздерді, яғни еліміздің барша құтқарушы мамандарын бейбіт күннің батырлары деп атайды. Бұл – шын мәнінде әділетті баға. Әрине, құтқарушы болу көптің алғысына бөлейтін абыройлы және мәртебелі қызмет екені сөзсіз. Алайда азаматтық қорғаныс саласында адал еңбек ету бәрінің қолынан келе бермейтін шаруа екенін де ұмытпауымыз қажет. Батыл, қайсар, ширақ әрі өжет болу – өз алдына өте маңызды талап екені даусыз. Бірақ құтқарушы ең алдымен елге жаны ашитын отаншыл азамат және білікті маман болуға тиіс. Осындай күрделі жұмысты рухы мықты, жауапкершілігі жоғары, жүректі адамдар ғана таңдайды", – деді президент.
Мемлекет басшысы төтенше жағдай кезінде азаматтарды құтқару үшін кәсіби дайындықпен қатар, шұғыл шешім қабылдай білу де маңызды екенін жеткізді.
Оның айтуынша, құтқарушылар кез келген қауіп-қатерге қарамастан, сын сағатта халыққа көмек көрсетуге дайын тұратын білікті мамандар.