Контентке өту
Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

ҚТЖ басшысы қызметіне төрт ай бұрын тағайындалған: Ұсталған Елжас Отыншиев кім?

ҚТЖ басшысы қызметіне төрт ай бұрын тағайындалған: Ұсталған Елжас Отыншиев кім?
Елжас Отыншиев. Фото: instagram.com/prokadrykz

Сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталған "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Елжас Отыншиев бұл қызметке 2026 жылдың шілде айында тағайындалған. Бұған дейін ол "Самұрық-Қазына" қорында бірнеше басшылық лауазымды атқарған, деп хабарлайды Arasha.kz.

12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстандағы екі ірі ұлттық компанияның басшылары ұсталғанын ресми түрде хабарлады. Олардың қатарында "Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиев бар.

ҰҚК мәліметінше, лауазымды тұлғалар 11 қарашада сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталған. Қазіргі уақытта қылмыстық істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ведомство сотқа дейінгі тергеудің өзге деректерін жариялаған жоқ.

Елжас Отыншиев кім?

Елжас Мұратұлы Отыншиев "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы қызметіне 2026 жылғы шілдеде тағайындалған. Осылайша, ол компанияны шамамен төрт ай басқарған.

ҚТЖ-ның ресми сайтында жарияланған өмірбаяндық мәліметке сәйкес, Елжас Отыншиев Мәскеу физика-техникалық институтында білім алған. Аталған жоғары оқу орнында "Қолданбалы математика және физика" мамандығы бойынша бакалавриат пен магистратураны тәмамдаған.

Еңбек жолын 2007 жылы халықаралық Ernst & Young компаниясының Мәскеудегі кеңсесінде талдаушы болып бастаған.

2009-2012 жылдары "Тау-Кен Самұрық" ұлттық тау-кен компаниясында инвестициялық жобалар департаментінің менеджері, кейін директоры қызметтерін атқарды.

2012 жылы "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына ауысып, 2019 жылға дейін қордың инвестициялық бағытындағы түрлі лауазымдарда жұмыс істеген.

Ал 2019-2023 жылдар аралығында жеке холдингтік компанияларда және KIDF тікелей инвестициялар қорының басқарушы компаниясында басшылық қызметтер атқарған.

2023 жылдың сәуірінде "Самұрық-Қазына" қорына қайта оралып, стратегия және активтерді басқару жөніндегі тең басқарушы директор болып тағайындалды. Бұл лауазымда 2025 жылдың сәуіріне дейін еңбек етті.

2025 жылғы сәуірден 2026 жылғы шілдеге дейін қордың стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры қызметін атқарған.

Осыдан кейін, 2026 жылдың шілдесінде, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болып тағайындалды.

Елжас Отыншиев 2023 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы – "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталған.

Айта кетейік, ҰҚК хабарламасында Елжас Отыншиевпен бірге оның бұған дейінгі жұмыс орны – "Самұрық-Қазына" қорының басшысы Нұрлан Жақыповтың да ұсталғаны айтылған.