Ақтөбеде бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан кафеде газ-ауа қоспасы жарылып, екі адам жарақат алды. Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер олардың қазіргі жағдайы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиға 13 қараша күні Ақтөбе қаласындағы Тәуелсіздік даңғылы, 14/1 мекенжайында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан қоғамдық тамақтану орнында газ-ауа қоспасы жарылған.
Жарылыс салдарынан ғимаратқа жапсарлас салынған қосалқы нысан құлап, кейін өрт шыққан. Сонымен қатар жарылыс толқыны тұрғын үйдің терезе жақтауларына зақым келтірген. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, сағат 10:28-де жедел жәрдем қызметіне оқиға туралы шақырту түскен.
Шақырту тіркелгеннен кейін бір минут ішінде оқиға орнына жедел медициналық жәрдемнің екі бригадасы жеткен. Дәрігерлер оқиға кезінде жарақат алған екі адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оларды №1 қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендердің жағдайы тұрақты екенін мәлімдеді. Дәрігерлердің айтуынша, ауруханаға жеткізілген екі адамның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.