Контентке өту
Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Қостанай облысында бюджет қаржысы жымқырылған: білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды

Қостанай облысында бюджет қаржысы жымқырылған: білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды
pexels.com

Қостанай облысында прокуратура жүргізген тексеру барысында білім саласына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру және мемлекеттік сатып алу талаптарын бұзу деректері анықталды. Нәтижесінде аудандық білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылып, тағы жеті лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қостанай облыстық прокуратурасының мәліметінше, заңбұзушылықтар Қарабалық аудандық білім бөлімінің қызметін тексеру кезінде белгілі болған.

Қадағалау органы бюджет қаражатының жұмсалуын, білім беру мекемелеріне арналған жабдықтардың сатып алынуын және мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің заңдылығын зерделеген.

Тексеру нәтижесінде жауапты лауазымды тұлғаның 768 мың теңгені тиісті есепке алмағаны анықталды.

Сонымен қатар құны 8,7 миллион теңге болатын мектеп жабдықтарының және оларды сатып алуға бөлінген 744 мың теңгенің жоқ екені белгілі болды.

Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 2-бөлігінің 3-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

Бұл бап сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу әрекеттеріне қатысты қылмыстық жауапкершілікті қарастырады.

Прокуратураның хабарлауынша, тергеу барысында келтірілген материалдық залал толық көлемде өтелген.

Осыдан кейін қылмыстық іс рақымшылық жасау туралы актінің негізінде тоқтатылған.

Бұдан бөлек, тексеру кезінде мемлекеттік сатып алу саласында да бірқатар заңбұзушылық анықталды.

Атап айтқанда, білім бөлімі жалпы құны 50 миллион теңгеден асатын тауарларды конкурс өткізбестен сатып алған.

Оның үстіне сатып алынған жабдықтардың белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар мен кепілдік міндеттемелері болмаған.

Прокуратура мұндай әрекеттердің мемлекеттік сатып алу заңнамасының талаптарына қайшы келетінін атап өтті.

Тексеру қорытындысы бойынша прокурорлық қадағалау шаралары қабылданды.

Нәтижесінде Қарабалық аудандық білім бөлімінің басшысы атқарып отырған қызметінен босатылды.

Сондай-ақ заңбұзушылықтарға жол берген тағы жеті лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Бөлісу