Контентке өту
Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

ҚазҰУ студентінің өлімі: Университет проректоры мен факультет деканы қызметінен босатылды

ҚазҰУ студентінің өлімі: Университет проректоры мен факультет деканы қызметінен босатылды
Фото: ҚазҰУ баспасөз қызметі

Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші курс студентінің қайтыс болуына байланысты оқу орнында кадрлық өзгерістер жасалды. Университеттің проректоры мен факультет деканы қызметінен босатылып, жатақханада кезекшілік атқарған қызметкерлер жұмыстан шеттетілді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл туралы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасады. Оқу орнының хабарлауынша, студенттің мезгілсіз қазасынан кейін университет басшылығы шұғыл шаралар қабылдаған. Атап айтқанда, тәрбие жұмысын тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны, жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету міндеттерін орындамағаны үшін екі басшы қызметінен босатылды.

Олардың бірі – университеттің басқарма мүшесі, әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор. Екіншісі – География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы.

"Болған оқиға – университет қауымы үшін орны толмас ауыр қайғы. Студентіміздің қазасы қабырғамызды қайыстырды.

Қайғылы жағдайға байланысты университет басшылығы тарапынан шұғыл шаралар қабылданды: тәрбие жұмысын ақсатқаны, жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмағаны үшін басқарма мүшесі – әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор, география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы лауазымынан босатылды", – делінген университет хабарламасында.

Қайғылы оқиға болған күні жатақханада кезекшілік атқарған жауапты қызметкерлерге қатысты да тиісті шаралар қабылданған. Университет басшылығы олардың жұмыстан шеттетілгенін және қазіргі уақытта әрекеттеріне құқықтық баға беріліп жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар ҚазҰУ өкілдері марқұм студенттің ата-анасы мен жақындарына көңіл айтып, отбасымен тұрақты байланыста екенін жеткізді.

"Қазаның отбасы үшін қаншалықты ауыр екенін терең сезініп, ата-ана мен жақындарының қайғысына ортақтасамыз. Университет отбасымен байланыста және қажетті қолдау көрсетуге әрдайым дайын", – делінген мәлімдемеде.

Студенттің қазасынан кейін жоғары оқу орнының барлық жатақханасында кешкі бақылау шаралары күшейтілді. Университет әкімшілігінің мәліметінше, білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларға кәсіби психологиялық көмек көрсету бойынша қосымша шаралар енгізілген. Сондай-ақ оқу орны құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеуге жан-жақты қолдау көрсетіп отырғанын мәлімдеді.

"Университет бұл оқиғаға қатысты ешқандай деректі жасырмайды, құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеуге толық көмек көрсетуде және істің әділ, ашық өтуіне тікелей мүдделі", – деп хабарлады ҚазҰУ баспасөз қызметі.

Дегенмен университет қылмыстық іс бойынша барлық мәліметті жариялай алмайтынын түсіндірді.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жариялауға шектеу қойылған.

"ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес, тергеу құпиясына байланысты өзге ақпаратты жариялай алмағанымызбен, қоғам мен марқұмның жақындары үшін барлық жаңалық туралы шынайы түрде хабарлап отырамыз", – делінген хабарламада.