Контентке өту
Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

90 жасқа таяған әкесін байлап, ұрды деп айыпталған ер адам кінәсін мойындамады

90 жасқа таяған әкесін байлап, ұрды деп айыпталған ер адам кінәсін мойындамады
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Атырау облысында өз ұлынан жәбір көргенін айтқан 90 жасқа таяған қария сотқа өзі келіп, басынан өткен жағдайды баяндады. Денсаулығы біршама жақсарған Әділхан Сисенов Жылыой аудандық сотында жауап берді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Журналист Жанат Молдашованың мәліметінше, қарияның сотта айтқан сөздері биыл жазда берген сұхбатындағы әңгімесімен толық сәйкес келген. Ол бірнеше ай бұрын болған оқиғаны қайта еске алып, өз ұлының әрекетінен қалай зардап шеккенін жеткізді.

Әділхан Сисенов Атырау облысы Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында тұрады. Қарияның айтуынша, биыл маусым айында 47 жастағы кенже ұлы оны үйге қамап, қол-аяғын скотчпен байлаған. Сондай-ақ басынан бірнеше рет ұрған.

Қарт кісі сол түні үйден қашып шығуға мәжбүр болғанын айтады. Ол терезе арқылы сыртқа шығып, туыстарынан көмек сұраған. Бұл оқиға көпшілікке белгілі болғаннан кейін қоғамда қызу талқыланып, қарияның ұлына қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Сот отырысында Әділхан ата сол жағдайдан кейін денсаулығы күрт нашарлағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, ұлының әрекетінен соң инсульт алған. Сондай-ақ өзіне тиесілі киім-кешегін де ала алмағанын айтқан.

Қарияның туыстары оның жуырда микроинсульт алғанын жеткізді. Соған қарамастан, қазіргі уақытта жағдайы біршама оңалып, сот отырысына өз аяғымен келуге мүмкіндік туған.

Ал іс бойынша айыпталып отырған 47 жастағы ер адам өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Әзірге сот түпкілікті шешім шығарған жоқ.