Контентке өту
Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

"Баламды сегіз адам жабылып ұрған": ҚазҰУ-да көз жұмған студенттің анасы жанайқайын жеткізді

"Баламды сегіз адам жабылып ұрған": ҚазҰУ-да көз жұмған студенттің анасы жанайқайын жеткізді
Видеодан кадр: КТК

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жатақханасында қаза тапқан бірінші курс студенті Дауыл Бәкіртайдың анасы қайғылы оқиғаның мән-жайын айтып берді. Сәуле Ордабаева ұлының өліміне екінші курс студенттерінің қатысы бар деп есептейтінін мәлімдеп, кінәлілердің барлығын жауапқа тартуды талап етті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қайғылы оқиға университет жатақханасында болған. Жақындарының айтуынша, бірінші курс студенті Дауыл Бәкіртай жоғары курс студенттерімен арадағы жанжалдан кейін көз жұмған. Марқұмның анасы қайғылы жағдайдың алдында ұлымен бейнебайланыс арқылы сөйлескенін еске алды. Сол сәт оның баласының дауысын соңғы рет естуі болған.

Сәуле Ордабаеваның айтуынша, оқиғаға екінші курста оқитын сегіз студент қатысқан. Анасының мәлімдеуінше, жоғары курс студенттері бірінші курстың екі студентін бөлмеге алып кіріп, күш қолданған. Алдымен олардың бірі соққыға жығылған. Кейін Дауыл Бәкіртайға шабуыл жасалған.

"Олар сегіз адам болған. Барлығы екінші курс студенттері. Бірінші курстың екі баласын ұстап, бөлмеге алып кірген. Алдымен әлгі баланы ұрған, содан кейін менің ұлымды соққыға жыққан. Жүрек тұсынан соққы тигенде балам құлап қалған. Кейін баламды басын төмен қаратып көтеруге мәжбүрлеген. Кеше аудандық полиция бөлімінде оның досы жылап отырып, осы сұмдықтың бәрін айтып берді", – деді Сәуле Ордабаева КТК телеарнасына берген сұхбатында.

Қара жамылған ана ұлының өліміне қатысы бар адамдардың барлығы заң алдында жауап беруі тиіс екенін жеткізді.

"Мен сегіз адамның бәрінің жазалануын талап етемін. Университет басшыларының да жауапқа тартылғанын қалаймын", – деді ол.

Айта кетейік, анасы баяндаған жайттар тергеу барысында тексерілуі тиіс. Оқиғаға қатысқан адамдардың нақты рөлі мен студенттің өлім себебін құзырлы органдар анықтайды. Дауыл Бәкіртайдың жақындары университет жатақханасында бірінші курс студенттеріне қатысты бейресми талаптар болғанын да мәлімдеді.

Олардың сөзінше, екінші курста оқитын кейбір студенттер төменгі курс студенттерінен ақша жинап, өздеріне ерекше құрмет көрсетуді талап еткен. Атап айтқанда, бірінші курс студенттері жоғары курс студенттерімен екі қолдап амандасып, оларға міндетті түрде «сіз» деп сөйлеуі керек болған. Бұл талаптарды орындамағандарға қысым көрсетілгені айтылып отыр.

"Университетте сондай бір жүйе бар екен. Екінші курс студенттері бірінші курс студенттерінен мәжбүрлеп ақша жинаған. Сондай-ақ олармен міндетті түрде екі қолдап амандасып, «сіз» деп сөйлесу керек болған. Мұның бәрін балам түскі ас кезінде әпкелеріне айтып берген екен", – деді марқұмның анасы.

Анасының бұл мәлімдемесі жатақханадағы студенттер арасындағы қарым-қатынас пен қауіпсіздік мәселесін де назарға шығарды. Дегенмен ақша жинау және бірінші курс студенттеріне қысым көрсету туралы ақпараттың қаншалықты рас екені тергеу нәтижесінде анықталуы қажет.

Дауыл Бәкіртайдың достары да оның қазасына сенер емес. Олардың айтуынша, марқұм бала кезінен спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанған. Дауыл бокспен айналысып, физикалық дайындығына ерекше көңіл бөлген.

"Дауыл менің досым еді. Біз бірге өстік. Ол өте мықты жігіт болатын. Бір соққыдан құлап қалатын бала емес. Мен оны жақсы білемін. Тіпті боксқа да бірге барғанбыз", – деді оның досы.

Жақындары Дауылды спортқа бейім, шымыр әрі болашағынан үміт күттірген жас ретінде еске алады.