Контентке өту
Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Ғылым

"Қазақстанда білім алатын шетелдік студенттер саны 41 мыңға жетті" – Тоқаев

"Қазақстанда білім алатын шетелдік студенттер саны 41 мыңға жетті" – Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтың жоғары білім саласындағы еңбегіне тоқталды. Мемлекет басшысы Қазақстан университеттері дипломдарының халықаралық деңгейде мойындалуына оның қосқан үлесін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Президент форум барысында отандық жоғары білім жүйесінің халықаралық кеңістікке ықпалдасуы, шетелдік университеттермен ынтымақтастық және Қазақстанға шетел студенттерін тарту мәселелерін көтерді. Оның айтуынша, қазіргі заманда жоғары білім беру жүйесіндегі халықаралық серіктестікті кеңейту мен ғылыми байланыстарды нығайту айрықша маңызды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның жоғары білім саласындағы халықаралық келісімдерге қосылуы туралы айтып, ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың еңбегін ерекше атап өтті.

"Қазақстан осы аймақта алғашқы болып Еуропадағы Лиссабон және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы Токио конвенцияларына қосылды.

Бұл – қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, бұрынғы Білім және ғылым министрі, елші Жансейіт Түймебаевтың арқасы. Соның нәтижесінде енді Қазақстан университеттерінің дипломдары Батыс және Шығыс елдерінде мойындалатын болды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі халықаралық білім беру жобаларының нәтижелеріне де тоқталды. Президенттің мәліметінше, Қазақстанда жоғары білім саласындағы халықаралық стратегиялық серіктестік туралы 40 келісім жүзеге асырылып жатыр.

"Елімізде 11 мемлекеттің жетекші университеттері өз филиалдарын ашты. Осы білім ордаларында 12 мыңнан астам студент оқиды, сондай-ақ 1,5 мыңға жуық оқытушы жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында шетелден келген 600-ден астам профессор бар", – деді Президент.

Президент елімізге оқуға келетін шетел азаматтарының саны жыл сайын артып келе жатқанын да мәлімдеді. Оның айтуынша, былтыр Қазақстан университеттерінде 31 мың шетелдік студент білім алса, биыл олардың саны едәуір өскен.

"Былтыр елімізде басқа мемлекеттерден келген 31 мың студент оқып жатқанын айтқан едім. Қазір олардың саны 41 мыңға жетті. Соның ішінде 8 мыңнан астам студент Қазақстанның қаржылай қолдауымен білім алуда. Бұл – Тәуелсіздік жылдары ішіндегі ең жоғары көрсеткіш", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның халықаралық білім беру орталығы ретіндегі әлеуетін арттыруға бағытталған алдағы жоспарларды да таныстырды. Президенттің айтуынша, еліміз 2029 жылға дейін шетелден келетін студенттер санын 100 мыңға жеткізуді көздеп отыр.

"2029 жылға қарай 100 мың шетел студентін тарту ойымызда бар. "Қазақстанда білім ал!" деген ұлттық бастамамыз осы міндетті іске асыруда маңызды рөл атқарады деп сенемін", – деді Президент.