Контентке өту
Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Бас прокуратура сайлау қарсаңында маңызды мәлімдеме жасады

Бас прокуратура сайлау қарсаңында маңызды мәлімдеме жасады
Бас прокуратура кеңсесі. Фото: gov.kz

Қазақстанның Бас прокуратурасы 29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы қарсаңында азаматтарға маңызды ескерту жасады. Ведомство сайлау заңнамасын бұзудың 13 дерегін анықтаған. Оның жетеуі тыйым салынған уақытта үгіт жүргізуге байланысты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, анықталған заңбұзушылықтарға жол берген тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қадағалау органы сайлау науқаны кезінде үгіт жүргізу тәртібін, әлеуметтік желіде ақпарат жариялау талаптарын және қоғамдық пікір сауалнамаларына қатысты шектеулерді сақтау қажеттігін еске салды.

"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға сәйкес, сайлауалды үгіт 2026 жылғы 28 қарашада сағат 00:00-де аяқталады. Яғни 28 қараша – сайлау алдындағы тыныштық күні, ал 29 қараша – дауыс беру күні. Осы екі күнде кандидаттар мен саяси партияларды қолдауға немесе оларға қарсы сайлауалды үгіт жүргізуге тыйым салынады. Дегенмен бұрын орналастырылған баспа үгіт материалдарын сайлау комиссиялары мен дауыс беру үй-жайларынан тыс жерлерде бұрынғы орындарында қалдыруға болады.

Интернетте бұған дейін жарияланған үгіт материалдары да сақтала алады. Бірақ оларды сайттардың басты бетіне қайта шығаруға рұқсат жоқ.

Бас прокуратураның түсіндіруінше, үгіт жүргізуге тыйым салынған уақытта заң талаптарын бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102-бабы бойынша айыппұл қарастырылған.

Атап айтқанда:

  • Жеке тұлғаларға – 15 АЕК;
  • Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 20 АЕК;
  • Орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 25 АЕК;
  • Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 35 АЕК.

Бас прокуратура сайлаушыларға тағы бір маңызды талапты ескертті. Заңға сәйкес, толтырылған сайлау бюллетенін фотоға немесе видеоға түсіруге және дауыс беру күні мұндай материалдарды таратуға тыйым салынады. Сонымен қатар сайлау нәтижесіне қатысты қоғамдық пікір сауалнамаларын жариялауға да шектеулер бар.

Бас прокурордың орынбасары Е. Өтегеновтің түсіндіруінше, дауыс беру күніне дейінгі бес күн ішінде және дауыс беру күні БАҚ пен онлайн-платформаларда қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін, сайлау қорытындыларына қатысты болжамдарды және сайлауға байланысты басқа да зерттеулерді жариялауға болмайды.

Сайлау күні дауыс беру үй-жайының ішінде қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге де тыйым салынады. Бұл талаптарды бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабының 2-бөлігі бойынша жеке тұлғаларға 10 АЕК, заңды тұлғаларға 25 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген.

Бас прокуратура сайлау кезеңінде жалған ақпарат пен заңға қайшы контент таратудан сақтандырды. Ведомствоның мәліметінше, мұндай әрекеттердің сипаты мен келтірілген зиянына қарай Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы немесе Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша жауаптылық туындауы мүмкін. Сондай-ақ митингілер, жиналыстар, пикеттер мен шерулер өткізу кезінде бейбіт жиналыстар туралы заң талаптары сақталуға тиіс.

Заңда белгіленген тәртіпті бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Ал елеулі зиян келтірілген жағдайларда қылмыстық жауаптылық та көзделген.

Бас прокуратура сайлау процесіне қатысушыларды заң талаптарын сақтауға, азаматтардың құқықтарын құрметтеуге және құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырды.