Logo
Іздеу
Айдарлар

“Беймәлім” компания. Ақтөбедегі тендер “таныстарға” берілді ме?.

/
“Беймәлім” компания. Ақтөбедегі тендер “таныстарға” берілді ме?.

Ақтөбе. 2025 жылдың көктемі. Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы «Қазақстанның үздік тауары» байқауын ұйымдастыру үшін тендер өткізді. Сома — 13,4 миллион теңге. Байқауға қатысушы — біреу. Жеңімпаз — сол біреу. Енді назар аударыңыз: жеңіске жеткен компанияда іс-шара өткізуге лицензиясы да жоқ. Негізгі қызметі — азық-түлік пен темекі өнімдерін бөлшек саудада сату.

SUNKAR MEDIA ЖШС — тендерге дейін 4 ай бұрын Алматыда тіркелген фирма. Мекеме мәліметтер базасында ол бейінді емес дүкендерде бөлшек саудамен айналысады деп көрсетілген. Алайда белгісіз бір себептермен бұл компания мемлекеттік органдардан ондаған миллион теңгеге форум, көрме, семинар, PR-кампаниялар өткізуге, тіпті фуршет пен гүл жеткізуге тапсырыстар алып келеді.

Туыстық байланыстар мен үлкен қаржы

Компания 1994 жылы туған Мұқатай Әйгерім Серікқалиқызының атына тіркелген. Құрылтайшысы — 1990 жылы туған Мұқатаев Бағлан Серіқалиұлы. Мүмкін, олар аға-қарындас шығар. Фамилиясы мен әкесінің аты Серікқали Мұқатаевпен яғни Қазақстанның 2022–2023 жылдары экология вице-министрі болған тұлғамен сәйкес келеді. Ол бұрын су ресурстарын басқару құрылымдарында бірнеше маңызды лауазымдар атқарған. Бұл — антикоррупциялық тергеуге сұранып тұрған тақырып.

Қоғам бұл жайлы түрлі жорамал айтып жатқанда, SUNKAR MEDIA тұрақты түрде тендер жеңіп отыр: жалпы сомасы 50 миллион теңге болатын мемлекеттік органдармен қызмет түріне сай келмейтін шарттар жасасып келеді. Географиясы — Ақтөбеден Астанаға, Жамбыл мен Қызылорда облыстарына дейін. Сонымен қатар, Муҡатаев Б.С. атымен тіркелген ЖК (мүмкін, сол Баглан) 62 келісімшарт бойынша 130 миллион теңге игеруде.

13 миллион теңгеге не істеуі керек еді?

Тендердің техникалық сипаттамасына сәйкес, мердігер «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрмесін ұйымдастыруы тиіс болған. Қызметтер тізімінде: сахна, шатырлар, LED-экран жалдау, буклеттер басып шығару, сувенирлер, фото және видео түсірілім, жүргізушілердің жұмысы, PR-материалдар, жарияланымдар, аудармашылар, Wi-Fi орнату, фуршет, гүлдер мен флешка жеткізу бар. Қысқасы, бұл — ондаған жылдық тәжірибесі бар ірі ивент-агенттік деңгейіндегі толық қызмет кешені.

Алайда тендер кәсіби компанияға емес, негізгі қызметі азық-түлік сатуға арналған ОКЭД-і бар, Алматы қаласы, Алатау ықшам ауданы, Ибрагимов көшесі, 1/1 мекенжайында орналасқан жаңадан тіркелген фирмаға бұйырады. Бұл мекенжай — тұрғын үй.

Неге басшылық үнсіз?

Келісімшартқа басқарма басшысы Досжан Әлібеков қол қойған. Оның тікелей басшысы — Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров. Бұл өңірде тендерлердің «өз адамдарға» бәсекесіз берілуі бірінші рет болып отырған жоқ. Бұған дейін SUNKAR MEDIA осы басқармадан 13 млн теңге шамасында тағы бір тендер ұтып алған. Ол да іс-шара ұйымдастыруға арналған деп көрсетілген.

Сонда сұрақ туындайды: әкімдік бұл схемаға өзі қатыса ма, әлде бюджет ақшасының кімге, не үшін кетіп жатқанын бақыламай ма?

Фуршеттен гүлден басқаның да «иісі» шығатындай

Бұл жай ғана күмәнді сатып алу емес, жүйелі ашықтықтың жоқтығын көрсететін алаңдатарлық белгі. Белгілі бір ықпалды тегі бар, тиісті салалық тәжірибесі мен қызмет түрі жоқ компания конкурстан тыс ірі тапсырысқа ие болуда. Осындай жағдай ел бойынша жиі кездеседі. Бірақ сөз мемлекеттік қаражат есебінен өткізілетін қоғамдық іс-шаралар туралы болғанда, бақылау деңгейі әлдеқайда жоғары болуы керек.

Тікелей сұрақтар қоюдың уақыты келді:

  • Неге өңірде «өз адамдарына арналған» сатып алулар жалғасып жатыр?
  • Мердігерлер мен шенеуніктер арасындағы байланыстар тексеріле ме?
  • Осындай көп миллиондық қызметтердің сапасын кім және қалай бақылайды?

Сондай-ақ мынаны оқуға кеңес береміз: