10-05-19 |
3130 рет қаралған
Никулин: Олар «Сталин үшін!» деп айқайлаған емес, тек қана боқтаған.
Никулин: Олар «Сталин үшін!» деп айқайлаған емес, тек қана боқтаған

Мектеп партасынан бірден екінші дүниежүзілік соғыс майданына түсіп, Берлинге дейін барып соғысқан майдангер, ғалым Николай Никулиннің «Соғыс туралы естелік» кітабы екінші дүниежүзілік соғыс шындығы боямасыз жазылған мемуарлардың бірі. Төменде кітаптан тәржімаланған үзіндіні жариялап отырмыз.

arasha.kz

Мені алғы шепке шығара бастады. Толассыз атыс кезінд қар үстінде иір-қиыр еңбектегеніміз есімде. Қан, қан, қан. Бұл күндері мен бірінші рет жараландым, дегенмен жарам түк емес еді – оқ әншейін сызып өтіпті. Оқиға былай болды. Түн ішінде сілеміз қата шаршап, қараусыз қалған мектепке жақындадық. Бос бөлмелер сыртқа қарағанда жылылау екен, сабан үстінде солдаттар ұйықтап жатты. Біз қастарына жата қалып, бірден ұйықтап кеттік. Сосын біреу оянды да, анықтап қарады: немістердің қасына жатыппыз! Бәріміз атып тұрдық, қараңғыда атыс басталды, алыс-жұлыс, шу, айғай, ойбай, балағат. Ешкім ешкімді танып болмайды, алдына кім келсе де ұрып жатыр. Менің бүйіріме істік тиді, біреуге пышақ салдым, сосын тісімізді қалшылдатып жан-жаққа қаша жөнелдік, бәріміз қара терге малшындық.

***

Алғы шепте тамақ табу оңай болды. Түнде бейтарап сызыққа еңбектеп шығып, өлгендердің затқабын пышақпен кесіп аламыз. Оның ішінде – кепкен нан, кейде консерві мен қант болады. Көбіміз тыныштық бола қалған кезде осы шаруамен айналысамыз. Көбі оралмай қалатын, өйткені неміс оқтары да қалғуды білмейтін еді.

***

Ауыр жараланғандардың тағдыры ауыр еді. Көп жағдайда оларды атыстың астынан алып шығу мүмкін болмайтын. Бірақ бейтарап сызықтан алып шыққандардың да азабы біте қоймайтын. Санбөлімге дейінгі жол алыс еді, ал госпитальға бірнеше сағат жүріп баруға тура келетін. Госпиталь палаткаларына жеткен соң да күтесің, өйткені дәрігерлер бірнеше апта бойғы тынымсыз, жанкешті еңбектенгеніне қарамастан, бәрін қарап шығуға үлгермейтін. Ыңырсыған, есіріктей қалшылдаған немесе естерінен танып қатып қалған адамдар салынған  қан-қан зембілдер кезегі оларды күтіп жататын. Ішінен жараланғандар көп күтуге шыдамайтын. Басқалары да өліммен қауышып жататын. Дегенмен кейінгі жылдары жағдай біраз жақсарды.

Бірақ, кейін білгенімдей, 1942 жылдың қысында совет-герман майданының басқа бөліктеріндегі жараланғандардың жағдайы бұдан да нашар болыпты. Ол жайлы менің госпитальдағы төсектес көршім айтып берді: «Қырық бірінші жылы біздің дивизияны Мурманск түбінде қорғаныста жатқан бөлімшелерге көмектесуге жіберді. Тундрада батысқа қарай жаяу жүріп кеттік. Артынша дивизия жау оғының астында қалды, қарлы боран басталып кетті. Қолымнан жараланып, алғы шепке жетіп үлгермей, мен кері қайттым. Жел күшейе түсті, бұрқасын үдеді, бетке ұрған қар аяқ бастырмады. Бірнеше шақырымды әзер жүріп өтіп, жылыту бекеті орналасқан жеркепеге әлім құрып жеттім. Оған кіру тіпті мүмкін емес екен. Жаралылар бір-біріне тығылып, үйді аузы-мұрнынан шыға толтырып, иін тіресіп тұр екен. Ішке әйтеуір бірдеңе ғып кірдім де, таңға дейін тікемнен тік тұрып ұйықтадым. «Тірі адам бар ма? Шығыңдар!» деген дауыс естілді таңертең. Келген санитарлар екен. Жеркепеден үш-төрт адам еңбектеп шықты, қалғаны қатып қалыпты. Кірер есік алдында қар астында қалған өлілердің қат-қабат үймегі көрінеді. Оның бәрі түнде алғы шептен жылыту бекетіне әкелініп, осында қатып қалған жаралылар екен… Кейін білгеніміздей, дивизия түгелімен ашық-шашық тау жолдарында қатып қалыпты. Боран сұмдық болған-ды. Мен бетім мен саусақтарымды ғана үсітіп алыппын…»

***

Кенет үздіксіз снаряд жарылды. Алыс, жақын, тіпті қасымнан. Штабтың жеркепесі жанында тұрған сақшы қанға малынып, жерде ойбайлап жатты. Жолда келе жатқан жасамыс солдат аяғын ұстап отыра кетті. Оның қасында жап-жас санинструктор қыз. Бода-бодасы шығып жылап отыр, көзінен аққан жас көп күн бойы жуылмаған, кір-кір беті мен қолын айғыздап ағып барады. Қолы дір-дір етеді, не істерін білмейді. Қараудың өзі қиын. Солдат өз шалбарын асықпай шешіп, санындағы қан атқылап тұрған жерін таңды, сонысына қарамай: «Қызым, қорықпа, жылама!» – деп қызды жұбатып, күш беріп қояды. Соғыс дегенің әйелдер айналысатын шаруа емес қой. Әрине, еркектерге де үлгі етіп көрсетуге болатын батыр қыздар аз болған жоқ. Бірақ майданның азабын әйелдерге күштеп көрсету дегеніңіз – қаталдық. Сонымен ғана шаруа тынса ғой. Еркектердің қасында оларға тым қиын болды. Аш солдаттардың, әрине, қыздармен шаруасы болмайтын. Ал басшылық өз дегеніне барлық айла-тәсілді қолданып қол жеткізетін: өте дөрекі қысым да жасайтын, естен тандыра көңілдерін де табатын. Есепсіз кавалерлер ішінде түрлі айлакерлер де жетіп-артылатын: ән айтатындары да, билейтіндері де, сендіріп сөйлейтіндері де, Блок пен Лермонтовтың өлеңдерін таңдай қақтыра оқитын білімділері де… Қыздар үйіне отбасын көбейтіп қайтатын. Білуімше, әскери кеңселер тілінде бұл «009-бұйрық бойынша кету» деп аталатын. Біздің бөлімшеде 1942 жылы келген 50 қыздың ішінен соғыс соңына қарай екі-ақ нәзік солдат қалды. Бірақ «009-бұйрық бойынша кету» – ең жақсы жол. Жамандары да болды. Естігенімдей, полковник Волков деген біреу жаңа келген әйелдерді қатарға тізіп қойып, өзіне ұнаған сұлуларды таңдайды екен. Олар полковниктің ППЖ-сына (ППЖ – полевая передвижная жена. ППЖ аббревиатурасы солдат лексиконында басқа мағынаға да ие еді. Олар ішінде түгі жоқ, сылдыр көжені ППЖ деп, яғни «Прощай, половая жизнь» деп айдарлайтын) айналатын. Егер қарсылық танытса, абақтыға, тастай суық жеркепеге, бір үзім нан мен суға жіберетін. Одан кейін бейбақ әйел қолдан-қолға өтіп, түрлі көмекшілер мен орынбасарларға бұйыратын.

Погостье түбіндегі әскери өмірде бұл кезде өзіндік ырғақ пайда болған. Түнде қатарымыз толығатын: бес жүз-мың-екі-үш мың адам (жақында тылдағы жасақтау бөлімшесінің ардагері маған өздерінің күн сайын 1500 адамдық марш ротасын жасақтап тұрғандарын айтты. Оның үстіне Погостьедегі толықтырулар бірнеше қосалқы полктерден келіп тұратын).

Біресе теңізшілер, біресе Сібірден марш роталары, біресе қоршаудағылар (оларды қатып жатқан Ладога өзенінің үстімен жіберетін) келетін. Таңертең, сирек өтіп тұратын артдайындықтан кейін, олар шабуылға шығатын да, теміржол үйіндісі алдында жатып қала беретін.  Шабуылға қалың қардан ор қазып, тасбақаша әзер жылжитын. Күштері де аз еді, әсіресе, ленинградтықтар әлсіз болды.  Қар белден жоғары еді, өлгендер құламай, қар үйіндісіне сүйеніп қала беретін. Мәйіттерді жаңа жауған қар жасырып қалатын. Келесі күні – тағы жаңа шабуыл, жаңа мәйіттер, сөйтіп, қыс бойы өлілер бірінің үстіне бірі жинала берді. Көктемде ғана олар – бұралып, бөлініп, тапталып қалған денелер қардан тазарды. Қаптаған үймек еді…

***

Погостья түбіндегі сәтсіздіктер туралы олардың себеп-салдары, келісілмеуі, түсініксіздігі, жадағай жоспарлануы, барлау жұмысының нашарлығы, әскери бөлімдер мен  жалпы әскер арасында өзара қарым-қатынастың болмағаны жөнінде біздің баспасөзде, мемуарлар мен арнайы жазылған мақалаларда аз-кем айтылды. Погостьядағы шайқастардың  негізінен 1942 жылғы барлық орыс-неміс майданында болған әдеттегі соғыстардан айырмашылығы жоқ еді. Барлық жерде әйтеуір бірдеңе болып жатты, барлық жерде – теріскейде де, күнгейде де, Ржев түбінде де және Старая Руссада –  әрқайсының өз Погостьялары болды.

Соғыс басталғанда неміс әскерлері біздің аумаққа майға сұққан қанжардай кірді. Олардың қозғалысын тежеу үшін осы қанжардың жүзін қанмен бояудан басқа амал болмады. Уақыт өткен сайын ол таттана түсті, өтпейтін деңгейге жетті әрі баяу қозғала бастады. Қан аққан үстіне аға берді. Ленинградтық майдандастар осылай жанып, күйіп кетті. Екі жүз мың үздік, қаланың қорғаны болған ерлер оққа оранды. Бірақ әлгі қанжар тоқтады. Әйтсе де, ол әлі мығым еді, кері қайтару қолдан келмеді. Сөйтіп, 1942 жылы қанжардың жүзін аздап қайрай отырып, қан судай ақты. Біздің болашақ жеңісіміз осылай бекіді.

Кадрлық әскер шекарада жан тәсілім болды. Жаңадан құрылған бөлімдерде қару-жарақ тура жетті, оқ-дәрі онсыз да аз болатын. Тәжірибелі командирлер – санаулы. Ұрысқа дайындықтан өтпеген жаңадан қабылданғандар кетіп жатты…

Шабуылдаңдар! – деп Кремльдің Қожайыны қоңырау шалады.

Шабуылдаңдар! – деп жылы кабинеттен генерал телефон соғады.

Шабуылдаңдар! – деп жылы жертөледен полковник бұйрық береді.

Осы кезде жүздеген Ивановтар айқұш-ұйқыш орналасқан неміс пулеметтерінің күрежолы арасынан терең қар үстінде қалбалақтайды. Жылы дзоттағы қарны тоқ, ішімдікке сылқия тойып алған мас, арсыз немістер бәрін алдын ала қарастырып қойған, бәрін есептеп қойған біздің солдаттардың күлін көкке ұшырады. Тирдағыдай атып жатыр, атып жатыр. Дейтұрғанмен, жау солдаттарына да оңай тиген жоқ. Таяуда бір неміс ардагері маған мынадай әңгіме айтты: олардың полкінде пулеметшылар арасында есі ауысып кеткен оқиғалар да кездескен екен: адамды бірінен соң бірін қаз-қатар ата беру де оңайға соқпайды, ал олар бітпейді, шыға береді, шыға береді.

Полковник мұндай шабуылдың қисынсыз екенін біледі, тек жаңа өліктің санын көбейтуден басқа ештеңе жоқ. Кейбір дивизияда тек штабтар ғана және отыз-қырық адам қалған. Мынадай да оқиғалар кездескен: ұрысқа 6-7 мың жасақпен кірген дивизиялар шабуылды 10-12 мың шығынмен аяқтаған, себебі үсті-үстіне қосымша адамдар жіберіліп отырған. Ал адамдар үнемі жетіспейтін! Погостьяның жедел картасында әскери бөлім номірлері қаптап кетті, ал оларда солдат жоқ. Әйтсе де, полковник бұйрықты орындап, адамдарды шабуыл жасауға айдайды. Егер оның жаны ауырса әрі ұяты болса, ұрысқа өзі де қатысып, ақыры өледі. Өзінше табиғи сұрыптау ісі де жүреді: Жүйкесі әлсіздер мен сезімтал адамдар тірі қалмайды. Қалыптасқан жағдайда соғысуға әлеуеті жететін қатал, рухы мықтылар ғана қалады. Оларға соғыстың бір әдісі ғана айқын – дене салмағымен жауды жапыру. Әйтеуір біреуі немісті атып өлтіреді. Сөйтіп, баяу, бірақ көз алдында кадрлық неміс дивизиясы шаршап, жүдей бастайды.

Егер полковник шабуылға шығардың  алдында бәрін ойластырып, жан-жақты барлап ұйымдастырса бір сәрі. Өйткені көп жағдайда олардың дені дарынсыз, жалқау, мас жүреді. Оған үнемі жылы баспананы тастап шығып, оқтын астына оралу ұнамайды… Артиллериялық офицер нысананы жиі дәл көздемейді, тәуекелге бармас үшін алаңға алыстан атады. Өзіміздікілерді атып тастамаса қуанасың, себебі мұндай оқиғалар аз кездеспейді… Жабдықтаушы арақ ішіп алып, жақын деревняда қыз-қырқынмен көңіл көтеріп кететін кезде де жиі болып тұрады. Соның салдарынан снарядтар мен тамақ жеткізілмей қалады… Немесе майор жолдан шығып кетіп, компасқа сеніп мүлде басқа жаққа ауып кетеді.

Бейбіт өмірде бәрімізге тән шатасу, түсінбестік, бір жұмысты аяғына дейін жеткізбеу, ұпай жинауға ұмтылушылық басқасы-басқа, соғыста ерекше айқын көрініс береді. Осының бәрінің бір ғана құны – қан. Ивандар шабуылға, шайқасқа шығып өліп жатыр, ал кепеде отыратын адам оларды ұрысқа қарай үздіксіз қуады. Адам психологиясының бір-біріне кереғарлығы таңданыс тудырады: шабуылдауға шығып келе жатқан адам және өлімге бас тікпейтін кісі – шайқасты сырттай бақылаушыға бәрі әншейін сияқты: алға және алға!

Соғыста большевиктік құрылыстың аярлығы айрықша көрінді. Бейбіт заманда ең еңбекқор, адал, зиялы, белсенді және парасатты адамдарды тұтқындап, өлім жазасына кессе, майданда да тура осылай, бірақ анағұрлым ашық, жиіркенішті түрде жүзеге асты. Мысал келтірейін. Жоғары жақтан бір нысананы алу туралы бұйрық түседі: полк күніне көптеген адам шығындайды, апталап шабуылға шығады. Үздіксіз толықтыру жүргізіледі, соның салдарынан адам тапшылығы жоқ. Бірақ олардың арасында Ленинградтан, жүдеген адамдар бар. Дәрігерлер оларға төсекте жатуға және үш апта бойы күшті тамақ ішу туралы ем-дом жазып берген. Олардың ішінде 1926 жылғы он төрт жасар балалар жүр, әскерге шақыруға жасы толмаған балалар…

«Алғғға!!!», бары осы. Ақыр аяғында  қаны тамып тұрған осы сорақылықты көріп жүрген қандай да бір солдат немесе лейтенант, взвод командирі немесе капитан, рота командирі (өте сирек) «Адамдарды бұлай нақақтан-нақақ өлтіруге болмайды ғой!» деп айқайлайды.

Онда, жоғарыда бетонды дот! Ал бізде 76- миллиметрлік үлбіреуік! Оны тесіп өте алмайды!»… деп зарланады. Осы кезде политрук СМЕРШ (НКВД ұйымы «Шпиондарға өлім!» Олардың қолында жазалау қызметі болды)  іске араласады және одан кейін трибунал. Кез келген бөлімшеде өріп жүретін «тоқылдақтың» біреуі куәлікке тартылады: «Иә, ол солдаттардың көзінше біздің жеңісімізге күмән келтірді».  Осы кезде тек  адамның тегін жазып, дайын тұрған қағазды жедел түрде толтырады: «Сап алдында атылсын!» немесе тура  «айыптылар ротасына жөнелтілсін!».

Қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінген ең адал адамдар осылай өлім құшты. Ал қалғандары – «Атойлап алға!» деп ұрандады. «Большевиктер ала алмайтын қамал жоқ!». Ал немістер траншея мен қорғанның небір түрлерін, лабиринттай  жасап жерді қазып орналасып алды. Тауып көр оларды! Біздің солдаттарды мәнсіз, ақымақ өлімге аттандырып жатты. Орыс халқының осынау селекциясы – баяу іске қосылатын бомба: бірнеше буыннан кейін большевиктер іріктеп және әлпештеген азғындар өзіне ұқсайтын жаңа буын тудырады әрі ол ХХІ немесе ХХІІ ғасырда жарылады.

Жылдар өткен соң, ел-жұрт атаулының бәрі осынау кішкентай стансаны ұмытып кеткеннен кейін, Погостьяда бомбадан ойылып қалған шұңқырлар бітеліп қалғаннан соң бұл туралы жазу әрине оңай. Сол кезде басымыздан өткен қайғы мен шерден, небір сұмпайы сезімдерден  арылдық. Мұны көзге елестете алмайсыз, өйткені оны бастан өткізген адам ғана түсінеді: орныңнан тұрып өлімге қарай аяқ басу. Басқа емес, тек сен және күндердің күнінде емес, дәл қазір, дәл осы минутта сен отқа түсуің керексің. Жолың болса сені жаралайды, ал бақытсыздықта бет сүйегіңді жұлып әкетеді немесе ішек-қарныңды ақтарып тастайды, немесе көзіңді ағызып жібереді, бас сүйегіңді жұлып әкетеді. Тек қана сені, өмір сүруге ынтық сені осылай өлтіреді. Кеудесінде үміт ұшқыны лаулаған сені бір оқ атып түсіреді. Әлі ештеңе көрмеген, өмір сүріп үлгермеген сені қыршыннан қияды. Тек қана сен, небәрі он жеті жастағы сені өлім жалмайды. Сен қазір ғана өлуге тиіс емессің, үнемі өлуге дайын болуға тиіссің. Бүгін сенің жолың болды, өлім жаныңнан өтіп кетті. Бірақ ертең де атойлап шығуың керек. Тағы өлуге тура келеді, ерлікпен емес, сән-салтанатсыз, оркестрсіз және кір-қоқыста, күлімсі иіс мүңкіген жерде жүрегің тоқтайды. Және сенің өліміңді ешкім байқамайды: шойын жол бойындағы қат-қабат өлік арасында жатасың және ең өкініштісі бәрі есінен шығарып ұмытып кеткен погостьялық қоймалжың батпақта шірисің.

***

Орыстың байғұс мұжықтары! Олар тарих диірменінің және екі геноцидтің ортасында қалды. Бір жағынан оларды социализмге оқпен айдап Сталин құртты, ал енді 1941-1945 жылдары ешқандай жазығы жоқ  жандарды Гитлер миллиондап қырып-жойды. Жеңіс осылай келді. Орыс ұлты, бәрінен бұрын оның жаны осылай жанышталды. Ал тірі қалғандардың ұрпақтары өмір сүре ала ма? Жалпы Ресейдің күні не болады?

Адамдар өлімнен қашып құтыла алмайтынын біле тұра оған не үшін бас тікті. Өлімді қаламай тұрғандарына қарамастан неге соған барды? Ол кезде өздерінің іс-әрекеттерін ойлайтындай әрі оны  негіздеуге мұршалары болмады. Баруға тиісті болған соң, барды. Баспасөздегі жалаң ұранға толы насихатты үгіттеген сауаты кем политруктардың сөзін сыпайы тыңдап, ұрысқа аттана берді. Олар әлдебір идеялар мен немесе ұрандармен рухтанғандықтан емес, баруға тиіс болған соң амалсыз кетті.

Сірә, біздің ата-бабаларымыз да Кулиководағы немесе Бородино түбіндегі шайқастарға өлімге бас тігіп, осылай барса керек. Олар біздің халықтың ұлылығы мен тарихи басымдылықтары жайлы ойлап жатты ғой дейсіз бе? Әдеби шығармаларда жазылатындай майдан алаңына шығып алып, «Отан үшін!», «Сталин үшін!» деп тіпті де айқайлаған емес. Алдыңғы шептегі солдаттардың  қашан оқ тиіп ауыздары жабылғанша тек қана боқтаған және ыңырсыған даусы естілетін. Өліммен бетпе-бет келгенде кім Сталинді ойлайды? «Сталиннің туы астында!», «Сталиннің арқасында ғана жеңіске жеттік!» деген аңыз алпысыншы жылдары, яғни қазір қайдан пайда болды? Менің бұған ешқандай күмәнім жоқ. Жеңіске жеткендердің өзі соғыстан кейінгі қиындықтардан еңсесі түсіп не ішіп, не қаңғырып кетті. Тек соғыс емес, елімізді қалпына келтіру де солардың есебінен жүзеге асты. Олардың ішінен тірі жүргендері үндемейді, жүздері сынық. Соғыстағы мағынасыз қанды-қырғындарға, лагерлерге айдап салғандар шімірікпестен билікте қалды. Олар Сталиннің атымен әрекет етті, қазір де соны айтып, даңғаза қылуда. Олар «Сталин үшін!» деп алғы шепте жүрген жоқ. Комиссарлар мұны біздің миымызға сіңіруге тырысты, бірақ өздері шабуылға шыққан жоқ. Оның бәрі бос сөз.

Әрине, майданға бәрі болмаса да көпшілігі кірді. Біреуі жер бауырлап шұңқырға тығылды. Осы арада политрук өзінің негізгі міндетін атқарды: бетіне тапаншаны тақап тұрып жасықтарды алғы шепке айдады. Дезертирлер болды, оларды сол арада ұстап, өзгелерге сабақ болуы үшін саптың алдында атты. Жазалаушы органдар бізде керемет жұмыс істеді. Бұл да біздің үздік дәстүрімізге тән.

Скуратовтан Берияға дейін олардың қатарында әрқашан кәсіпқойлар болды. Кез келген мемлекет үшін қажетті және игілікті осы іспен айналысуға ниеттілер әрдайым болды. Бейбіт күнде бұл кәсіп егін егіп немесе станоктың қасында тұрғаннан гөрі әрі оңай әрі қызықтырақ. Әрі пайдалы, әрі өзгелерге де толық билік жүргізе алады. Ал соғыс кезінде өз басыңды оққа тосудың қажеті жоқ, тек өзгелердің солай істегенін бақыласаң болғаны. Бойларын үрей билеген әскерлер ұрысқа кіріп жатты.

Артиллериялық атыс пен бомбалаудың қанды қасабымен, немістердің пулетымен, танкісімен бетпе-бет келу сұмдық еді. Бірақ атылып кету қаупінің қорқынышы да одан кем болған жоқ. Соғысқа нашар үйретілген солдаттарды бағынышты ұстау үшін тура шайқастың алдында атып тастайтын. Ол үшін артық бірдеңе айтып қойғандарды немесе жасықтарды, дезертирлерді ұстап алатын және ондайлар аз болмайтын. Дивизияны П әрпі сияқты тұрғызып сөзге келместен байғұстарды жер жастандыратын. Қорқыныш солдаттарды өлімге айдады. Біздің кемеңгер партияның, басшысының және біздің жеңістеріміздің ұйытқысының күткені де осы болатын. Әрине, сәтсіз шайқастардан кейін де солдаттарды ату жалғасатын.

Кейде бұйрықсыз шегінген полктерді қорғаныс шебіндегі отрядтардың пулеметпен жайратып салатын кездері де болатын. Біздің айбынды әскерлеріміздің соғысқа қабілеттілігі осыдан келіп шыққан. Көпшілігі өз еркімен тұтқынға түсетін, бірақ немістер де оларды маңдайынан сипамайтын. Кейбір солдаттар соғыстан және ажалдан қашу үшін өзін-өзі жарақаттайтын. Өзін-өзі жарақаттағаны білініп қалмас үшін бөлке нанды төсеп тұрып ататын. Дәрігерлер біліп қалмас үшін тіпті нанның орнына өлгендердің мәйітін пайдаланатын. Алдын ала келісіп алып, бір-бірінің аяқ-қолын ататын. Өзін-өзі ататындар әсіресе қазақтардың, өзбектердің және басқа да азиаттардың арасында көп кездесетін. Олардың мүлде соғысқысы келмейтін. Көп жағдайда өзін-өзі атқандарды әшкерелеп атып тастайды. Бірде Погостья орманында қолдарына қанды дәке байлаған 25 адамнан тұратын тұтас отряды кездестірдім. Винтовка асынып алған СМЕРШ конвойрлары оларды бір жаққа әкетіп бара жатты. Келесі бір жолы жаралыны санитарлық бөлімге апарған кезімде қолы білезігінен жұлынып кеткен адамды көрдім. Қасында сақшы күзетіп тұрды. Санитарлар маған мына оқиғаны айтты: азық-түлік қоймасында істейтін Шебес деген біреу барлау бөліміне ауыстырылыпты. Ол сол арада алдыңғы шептегі солдаттарды ататынын және ажал құшуы мүмкін екенін естиді. Сосын Шебес дзотқа барып амбразураға қолын сұғып тұрып, бомба тұтандырғышты тұтатып, жарып жібереді. Солдаттар ештеңеден күдіктенбестен Шебесті жаралы ретінде медсанбатқа жібереді. Егер біздің контрбарлаушы, аға лейтенант Толстой болмағанда ол тылға, үйіне кетер еді. Ол өз ісінің туабітті шебері, аса тәжірибелі кәсіпқой болатын. Оның түрінің өзі адамды састыратын, бақырайған суық көз, ұзын имек саусақтар… Толстой алғы шепке барып дзотты, жұлынған саусақтарды, жыртылған қолғапты көреді, сосын медсанбаттағы Шебесті қуып жетіп үлгереді. Оны көріп есі шығып кеткен Шебес бәрін өзі мойындайды. Артынша оны атып тастады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.