04-06-21 |
1610 рет қаралған
Ауыл тұрғындары ауыз судан уланды.
Ауыл тұрғындары ауыз судан уланды

Солтүстік Қазақстан облысындағы Бескөл ауылы тұрғындарының ауыз судан уланды.  Құбырдан су ішкендердің іші өтіп, құсып, қызуы көтерілген.

Айқай-шудан соң судан сынама алған мамандар оның ластанғанын растады. Дегенмен, қазір қосымша зерттеу жүріп жатыр. Ал санитар дәрігерлер тексерудің нақты қорытындысы шыққанша, ауыз суды қайнатып ішуге кеңес берді. Бұл туралы “КТК” арнасы хабарлады.

Бескөл ауылында 15 мыңға жуық тұрғын бар. Бір бөлігі жаңа, екінші жартысы ескі құбырдан су алады. Үш күн бұрын сол тозығы жеткен құбырдан лай су аға бастаған. Тұрғындар оны амалсыз тұндырып ішіпті. Артынша көбінің іші ауырып, дене қызуы көтеріліп ауруханадан бір-ақ шыққан.

“Үй ішіміз бәрі ауырып жатыр. Осы судан ғана көреміз. Су лайлы, ішінде  тұнып қалатын тұнбасына дейін бар. Сол себептен балаларымыз, үй-ішімізбен ауырып жатырмыз. Екі баламның бірдей температурасы көтеріліп, 39-ға дейін жетті”, – дейді ауыл тұрғыны Күміс Менбай.

Денсаулығына шағымданушылар саны күрт өсіп, үш күнде 130-ға жуық адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Қазір ауруханада 18 науқас ем алып жатыр. Оларға анықталмаған энтеровирус инфекциясы диагнозы қойылған. Тұрғындар әкімдіктің бейқам болғанына наразы. Әу бастан, су лайланған кезде дабыл қаққан екен. Алайда ешкім мән бермеген.

“Шындықты ешкім айтпайды. Бұл қандай инфекция екенін білмегендіктен, дәрігерлер оны қалай емдеу керегін білмей жатыр. Бізге еш ақпарат бермейді. Бүкіл ауыл қандай аурумен ауырып жатқанымыз түсініксіз”, – дейді Бескөл ауылының тұрғыны Алена Гокина.

Іс насырға шапқанда ғана шенділер білек сыбана кіріскен. Мамандар судан сынама алып, оның ластанғанын растады. Бірақ қандай инфекцияның тарағанын дөп басып айта алмайды. Оны анықтау үшін қосымша зерттеу тағайындалған.

“Бактерия көрсеткіші өте жоғары болып шықты. Жалпы микроб саны да жоғары. Бір миллилитрде 50 болуы тиіс, одан асып тұр. Су қатты ластанған. Барлық жағынан көрсеткіш жоғары, оны бірден анықтау мүмкін болмай тұр”, – дейді Қызылжар ауданының санитар дәрігері Жангелді Ибраев.

Ауыл тұрғындары ауру тараған ескі құбырды ауыстыруды талап етіп отыр. Ал атқамінерлер күзге дейін су жүйесін жаңалауға немесе хлормен тазартуға уәде етті. Оған дейін ауыл халқы суды тек қайнатып ішуге мәжбүр.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.