14-05-19 |
11690 рет қаралған
Сайлаушы құқығы: Абзал Құспанның сайлаушыларға екі ұсынысы.
Сайлаушы құқығы: Абзал Құспанның сайлаушыларға екі ұсынысы

Сайлау  – мемлекет өміріндегі ең маңызды саяси науқан. Халықтың билік тағдырын шешіп, таңдау жасайтын сәт. Сондықтан arasha.kz сайлаушылардың қандай құқықтары бар екенін айтып, заңгерлердің кеңесін жариялауды бастап отыр.

Абзал Құспан, заңгер:

  • Конституцияда «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп жазылған. Бұл – халық сайлау арқылы мемлекеттік билікке араласып, өзінің таңдаған кандидатына дауыс беретін бірден-бір, ажырамас құқығы. Адамның сайлау құқығын ешкім шектей алмайды және мәжүрлеп дауыс бергізуге қақы жоқ. Егер сайлаушыға қандай да бір қысым жасалса, ол заңмен қудаланады. Сайлауда ең басты тұлға – сайлаушы. Осыны әрбір азамат терең сезінуі тиіс.

Менің сайлаушыларға айтар екі ұсынысым бар.

  • Бірінші – Біз, Қазақстан деген елде тұрамыз. Елдегі саяси жүйенің қандай екенін де жақсы білеміз. Биліктің қандай қитұрқы әрекеттерге баратынынан да хабардармыз. Мәселен, сайлаушыға: мұғалімдер, дәрігерлер, студенттер, оқытушылар басқада мыңдаған мемлекеттік қызметкерлер немесе әкімшілікке кіріптар мекеме қызметкерлері, жұмысшыларына басшылық, деканат, ректорат немесе ықпал ете алатын қандай да бір тұлға белгілі бір кандидатқа дауыс бересің десе, қарсыласпай «иә» десін. Ал сайлау учаскесіне дауыс беруге барып, кабинаға кірген соң, әр адам өзі таңдаған кандидатына дауыс берсін. Ол жерде сізді ешкім бақыламайды, камераға түсірілмейді. Өйткені әр сайлау учаскесінде бақылаушылар отырады. Олар мұндайға жол бермейді. Тіпті сондай бір жағдай бола қалды деген күннің өзінде ол мыңдаған адамның сайлау құқығын бұзу болады. Ондай факт тіркелсе, жұмыстан, оқудан шығаруға ешкімнің қақысы жоқ. Сондықтан сайлау кабинасына кірген әр адам өз жүрек қалауымен таңдаған кандидатына дауыс берсін. Қайталап айтайын, бұл әр азаматтың елде өзгеріс жасауға қосатын ең үлкен үлесі әрі жалғыз мүмкіндігі.
  • Екінші – ешкімге кіріптар емес, қолы бос немесе жеке кәсібі бар болмаса «бәленшеге дауыс бер!» деп ешкім қысым жасамайтын азаматтар сайлау учаскесінен шыққан соң, экзит-поллға қатысып, кімге дауыс бергенін айтып, қоғамдық пікір қалыптасуына атсалысса.
  • Тағы бір айтар маңызды мәселе бар. Ол тағы да сол ықтимал қысым жайлы. Айталық, бір мектептің мұғалімдерін немесе ЖОО-ның оқытушыларын, студенттерін мәжбүрлеп, белгілі бір кандидатқа дауыс бергізіп, соны сайлау учаскесінде телефонына түсіріп, факт әкелуін басшылық талап етсе, мұндай сорақы заң бұзушылықты дереу Әміржан Қосановтың сайлау штабындағы кез келген адамға хабарласын. Біз бақылаушыларды сол сайлау учаскесіне жіберіп, үлкен мәселе көтеріп, әр азаматтың конституциялық қақы бұзылмауы үшін күресеміз.
  • Астын сызып, айрықша айтатын және бір мәселе бар. Ол – әр сайлау учаскелеріндегі комиссия мүшелеріне қатысты. Әдетте, комиссия мүшелері мұғалімдерден, дәрігерлерден, оқытушылардан өзгеде бюджеттік қызметкерлерден тұрады. Мен алдағы сайлауда комиссия мүшесі болатын барша азаматтарға мына мәселені ескерткім келеді: егер дауыс беру, дауыс санау, түрлі хаттамалар толтыру кезінде сайлаушылардың қандай да бір құқығы бұзылатын болса, яғни, комиссия тарапынан құқық бұзушылық орын алса қылмыстық кодекстің 150 бабында көрсетілген қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Осыны 9-маусымда сайлау комиссияларына кіретін азаматтарға ескерткім келеді. Егер комиссия мүшесіне қысым жасап, ықпал етіп белгілі бір нұсқауды орындатуға тырысса, одан үзілді-кесілді бас тартыңыз. Себебі, ол әрекетіңіз – қылмыс. Таза, ашық әрі әділ сайлау өткізу әр комиссия мүшесінің өз азаматтық арының және ел алдындағы үлкен жауапкершілігі, сын. Бұл сайлау бұрынғы сайлаулардай емес екенін де терең түсінгеніңіз дұрыс деп ойлаймын.
БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.