06-01-21 |
470 рет қаралған
АҚТӨБЕДЕ КЕНШІЛЕРДІҢ ТУЫСТАРЫ ПРЕЗИДЕНТКЕ ҮНДЕУ ЖОЛДАДЫ.
АҚТӨБЕДЕ КЕНШІЛЕРДІҢ ТУЫСТАРЫ ПРЕЗИДЕНТКЕ ҮНДЕУ ЖОЛДАДЫ

Ақтөбеде шахтадағы апат кезінде қаза болған кеншілердің туыстары президентке үндеу жолдады.

Жәбірленуші тарап тергеу жұмыстарының республикалық деңгейде жіті қаралуын талап етті.

«Тергеу жұмыстарын президенттің өзі бақылауға алуын сұраймыз. Кеншілер өліміне компания басшылары жауап берсін. Қайғылы жағдайды енді болғызбау керек»,- дейді тау-кен шебері болған марқұм Асхаттың жеңгесі Венера Қайқанова.

Қайғылы оқиға 30 желтоқсан күні Хромтау ауданындағы «Ақтөбе мыс компаниясының» ЖШС-не қарасты «Весенняя Аралчинская» шахтасында тіркелді.

Жазатайым оқиғадан қаза болған жүргізуші Берік Жақыпов үш баланың әкесі. Тау-кен жарылысшысы Денис Черныйдың артында екі бала қалды. Тау-кен шебері Асхат Қайқанов та үш баланың әкесі. Ал шахта жарушысы Рустам Шәметовтың келіншегі төртінші баласына аяғы ауыр. Қорғаныш құралдарын қолданған жалғыз 59 жастағы Қанат Абдуллаев есімді кенші ғана апаттан аман шықты.

Тергеу комиссиясы «Ақтөбе мыс компаниясының» басшылығына марқұмдардың отбасына жағдай жасауды міндеттеді.

«Ақтөбе мыс компаниясы қаза болған жұмысшылардың отбасына 20 миллион теңге бөлді. Бұл бір жолғы көмек. Сонымен бірге бәрінің баспана мәселесі шешіледі. Яғни, әр отбасына бір пәтер беріледі. Олар пәтерді аудан орталығынан немесе Ақтөбе қаласынан ала алады. Балалары 18 жасқа жеткенше әкелерінің еңбекақысын алып отырады. Ал аман қалған жұмысшыға денсаулығын қалпына келтіру үшін 5 миллион теңге бір жолғы көмек беріледі», – деді Ақтөбе еңбек инспекциясы басқармасының еңбек инспекторы Артур Әуезов.

Шахтада жарылыс жұмыстарын жүргізу кезінде газдан уланып қайтыс болған төрт кеншінің артында кәмелеттік жасқа толмаған 11 бала жетім қалды. Ел президентінен көмек сұраған марқұмның жесірі әділдік іздейді.

«Балалары өсіп қалғанда арамыздан кетті. Өкінішті… Сұраусыз болмасын, әділдік сұраймыз. Біздің сөзіміз президентке жетсе екен. Жолдасым сау күйінде кетті. Үйге денесі келді… Кінәлілер жазалансын»,- дейді марқұмның жесірі Жанна Досаева.

Төрт бірдей кенші опат болған шахтада қазір жұмыс тоқтап тұр. Еңбек инспекциясындағылар сот-медициналық сараптаманың қорытындысын күтіп отырғанын мәлімдеді. Сондықтан, әзірге бұған дейін айтылған «кеншілер жарылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде газдан улануы мүмкін» деген болжам сол күйі қалып отыр.

«Біз тергеу жұмыстарының әділ өтуін сұраймыз! Бір жерден төрт бірдей​ адамның мәйіті шықты. Компания басшылары тарапынан жауапсыздық орын алып тұр. Жарылыс жасалған жерде басшылық болу керек. Ал осы оқиға кезінде тек шахтада тау-кен шеберлері ғана болған. Жаппай өлім деп ойлаймын. Компания басшылары келіп, материалдық көмек көрсетілетінін айтты. 20 миллион теңге қаржылай көмек көрсетіп, 4 бөлмелі үй алып береміз деп уәде берді. Бізге ақшадан бұрын тергеудің әділ өткені маңызды»,- дейді​ марқұмның інісі Мәди Шәметов.

Апат болған шахта «Ақтөбе мыс компаниясына» тиесілі. Ал бұл компанияға мыс өндіру бойынша Ресейдегі ең ірі үшінші компания – «Орыс мыс компаниясы» иелік етеді. Оның негізін қалаған – Forbes журналы 4,1 миллиард доллары бар деген ресейлік миллиардер Игорь Алтушкин.

 

Ардақ Ерубаева, Ақтөбе, arasha

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.