21-04-21 |
750 рет қаралған
Ақтөбеде​ пайдалануға берілмеген үйге кіріп алған отбасылар әкімдіктен араша сұрап жүр.
Ақтөбеде​ пайдалануға берілмеген үйге кіріп алған отбасылар әкімдіктен араша сұрап жүр

Ақтөбеде 20-ға жуық отбасы әкімдіктен араша сұрап жүр. Далада қалғалы тұрғандарын айтқан отбасылардың дені аз қамтылған жалғызбасты аналар мен мүгедек бала тәрбиелеп отырғандар.

Тұрғындар осыдан үш жыл бұрын әкімдік уақытша тұруға рұқсат берген баспанаға кіргендерін айтады. Ол жер жекенің меншігіндегі даулы баспана болып шықты. Жедел сатысы жоқ, жылу жүргізілмеген тұрғын үй адам тұруға қауіпті. Ресми органдар тарапынан да баспананы қолданысқа беруге рұқсат етпеген.
«Қызым бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана. Әкімдіктің уақытша тұруға берген баспанасы кіргенімізде қаңырап тұрды. Жеделсаты жоқ. Оны балаларға қауіп болмасын деп таспен тіреп отырмыз. Есіктерінің тұтқасына дейін ұрланған. Электр желісінен бастап, жылу жүйесіне дейін қызымның өзі жүргізді. Өзінің табысымен бір бөлмелі үйге жөндеу жасады. Бұл жерден шығарып жіберсе қайда барамыз»,- дейді тұрғын Шамшырақ Құсайынова.
Мәселелерін айтқан қаладағы Бөгенбай батыр 155 /2 үйдің тұрғындары қалалық әкімдікке келді. Айтуларынша, банк тұрғын үйді 25 мамырға дейін босатып беруді талап еткен.
«Біздің банкке айтар шағымымыз жоқ. Бірақ ертең шығарып жіберсе қайда барамыз? Әкімдік бұл үйді уақытша тұруға берді. Баспана кезігінде тұрғанымызбен уақытымыз әлі келген жоқ. Банк бұл үйді сатып жіберсе, біз қайда барамыз?​ Әкімдіктен көмек сұраймыз»,- дейді Гүлшара Қалыбекова.
Қалалық тұрғын үй қатынастар бөлімінің басшысы Жандос Әлімов тұрғындарға баспанада уақытша тұратындары ескертілгенін айтады.
«Баспана мемлекеттің меншігі емес, жеке тұрғын үй. Бұл отбасылар ол жерде үш жылдан бері тұрып жатыр. Банк пен тұрғындар арасындағы мәселеге әкімдік араласа алмайды. Кезекте тұрған азаматтар мемлекеттік бағдарламамен​ баспана ала алады»,- деді Әлімов.
Әкімдік әлеуметтік аз қамтылған отбасы мәселесіне қатысты сұрақты үш жақты кездесу өткізу арқылы бақылауға алатындарын жеткізді.
«Бүгінгі күні ол үй заң бойынша тіркелмеген. Банк сата алмайды. Қазіргі уақытта банк өкілдерін және тұрғындарды жинап, осы мәселені сөйлесеміз. Ол үй толық аяқталмаған. Ресми құжаты болмағандықтан сатуға шығара алмайды»,- дейді қаланың бас сәулетшісі Сұлтан Аманшин.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.