12-01-21 |
580 рет қаралған
Ақтөбеде парақор шенеуніктер 200 млн теңге айыппұл арқалады.
Ақтөбеде парақор шенеуніктер 200 млн теңге айыппұл арқалады

Ақтөбе облысында соңғы 4 жылда 54 мемқызметкер пара алғаны үшін жауапқа тартылды. Олардың 23-і бас бостандығынан айырылып, абақтыға қамалса, қалған 31-і айыппұлмен құтылған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәліметінше, облыстағы парақорларға салынған айыппұлдың жалпы сомасы 200 млн теңгені құрайды, деп хабарлайды arasha.kz.

Ақтөбе облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Бауыржан Балғабеков мәліметінше, жемқорлық қылмысы үшін айыпталғандардың қатарында 32 құқық қорғау органдарының қызметкері бар. Олардың 18-і парақорлық фактілері бойынша сотталған.

Мәселен, пара алғаны үшін ҚР ІІМ Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Ақтөбе облысы бойынша басқармасының бастығы 49 млн. тенге, ал дәл осы басқарманың тергеушісі 2,3 млн. теңге сомасындағы айыппұлға кесілген.

Жалпы сыбайлас жемқорлық қылмыстары, оның ішінде парақорлық үшін істі болғандардың саны аз емес. Олардың қатарында 18 мемлекеттік орган және 7 квазимемлекеттік сектор басшылары бар.

Мысалы, Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары пара алғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылған.

Департамент басшысының айтуынша, Қазақстанда лауазымды тұлғаларды параға сатып алумен әдейі айналысатын немесе делдал ретінде әрекет ететін, заңсыз сыйақы беруші тұлғалардың жауапкершілігі күшейтілген.

Естеріңізге сала кетсек, өткен жылғы желтоқсан айының соңында Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы бірқатар заңнамалық өзгерістерге қол қойды.

Егер бұрын Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігінде көзделген «айтарлықтай мөлшерде пара беру» қылмысы үшін ең жоғары санкция 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды құрай отырып, бұл әрекет орташа ауыр қылмыс деп танылған болатын. Ал қазіргі жаңа редакцияға сәйкес, жазаның жоғарғы шегі 7 жылға дейін ұлғайтылып, бұл өз кезегінде автоматты түрде ауыр және арнайы құқықтық салдары бар қылмыс санатына жатқызылды. Яғни шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынып және қауіпсіздігі төмен қоныс-колониясында жазаны бірден өтеу мүмкіндігінің болмауымен сипатталады.

Бас бостандығынан айыру мерзімдерін ұлғайтудан басқа, пара бергені және парақорлыққа делдал болғаны үшін айыппұл мөлшері бірнеше есеге өсті.

«Мәселен, егер ​ тұлға 100 мың теңге сомасындағы пара беру дерегімен сотталса, онда сот азаматқа тағайындалуы мүмкін ең төменгі еселенген айыппұлдың жаңа заңнамаға сәйкес айыппұл мөлшерінің көбейтілгендігін ескере отырып, параның 20 еселенген сомасын ​ тағайындай алады. Яғни айыппұл 2 млн.теңгені құрайтын болады. Бұған дейін ең төменгі айыппұл көлемі 1 млн.теңгені құраған. Азаматтар қабылданып жатқан шаралардың маңыздылығын түсініп, мемлекеттік қызметшілерді параға сатып алуға тырысқаны үшін нақты қылмыстық жауапкершіліітің бар екендігін сезінуі тиіс», – деп атап өтті Бауыржан Балғабеков.

Сонымен қатар, бизнес саласына араласқан құқық қорғау органдарының қызметкерлері 2 жылдың орнына енді 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Құқық қорғау органдары басшылығының және судьялардың осындай әрекеттерді жасауы одан да қатаң жазаға – 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.