06-10-20 |
600 рет қаралған
Қарағандыда Қасымбектің тапсырмасы орындала ма?.
Қарағандыда Қасымбектің тапсырмасы орындала ма?

Бүгін arasha.kz сайында Қарағанды қаласындағы 9 көшенің мәселесіне байланысты «Жеңіс Қасымбек неге жеңілді?» деген тақырыпта мақала жариялаған болатынбыз. Аталған мақалаға байланысты Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы арнайы хабарласып, мәселенің мән-жайын түсіндірді.
Басқармаға қарасты Ономастика бөлімінің басшысы Әсет Аманжоловтың айтуынша, қоғамдық тыңдалымнан қолдау тапқан он көшенің атауын өзгерту жұмыстары аяқсыз қалмайды. Сондай-ақ ол Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхан атын беру жұмыстары жүргізіліп жатқанын ескертті.

«Құрметті Серік Жолдасбай мырза!
Сіздің Қарағанды қаласының бірқатар көшелерінің атауын өзгерту мәселесіне қатысты жазған мақалаңызбен толық танысып шықтық. Аталған сұрақтар бойынша толық ақпаратқа қол жеткізбей жазған пайымыңызда ағаттық орын алғанын ескерте отырып төмендегіні хабарлаймыз.
Біріншіден: Жаңа атауға ие болған Абай көшесінен басқа тоғыз көшенің атауын өзгерту жұмыстары әлі де жүріп жатыр.
Бұл жұмыстардың ұзақ уақыт алуына биыл жоспарланған жалпыұлттық санаққа байланысты ономастика жұмыстарына жарияланған шектеу шарасы себеп болды. Дегенмен, Ұлы Абайдың 175 жылдығына байланысты Ленин көшесіне Абай есімін беру туралы ұсыныс ағымдағы жылы 6 тамызда республикалық ономастика комиссиясынан өткен отырысында, ал қалған 9 көшені қайта атау туралы ұсыныс жалпыұлттық санақтың келесі жылға шегерілуіне байланысты аталған комиссияның 27 тамызында өткен отырысында мақұлданды. Осы жағдайға байланысты Ленин көшесін Абай есімін беру шарасы бірінші кезекте аяқталып, қалған көшелерді қайта атау жұмыстары бойынша бүгінгі күні тиісті нормативтік-құқықтық құжат даярлануда. Бұл сұрақ Қарағанды облыстық Мәслихатының кезекті сессиясында қаралатын болады.
Екіншіден: Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхан атауын беру жұмыстары назардан тыс қалған емес.
Бұл мәселе бойынша халық арасында тиісті ақпараттық-түсіндіру жұмыстары өз деңгейінде жүргізіліп, дайындық жұмыстары толық аяқталған. Ендігі кезекте қолданыстағы заң талаптарына сәйкес тұрғындардың пікірін ескеру үшін көпшілік тыңдалымды өткізу қажет болатын. Алайда, оған індеттің таралуына байланысты орын алған жағдай мүмкіндік бермей отыр. Еліміздегі шектеу шаралары алынған жағдайда Октябрь ауданы атауын өзгерту жұмыстары ұйымдастырылатын болады.
Жалпы алғанда Қарағанды облысы бойынша ескірген атауларға және осы атаулар бойынша сын-пікірлер мен ұсыныстарға мониторинг үнемі жүргізіледі. Ол бойынша арнайы жұмыс жоспары бар. Осы жоспар аясында атау беру, қайта атау жұмыстары жүйелі, дәйекті түрде халақпен келісіле отырып жүргізілетін болады», – дейді Әсет Аманжолов.
Сондай-ақ, ол облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Октябрь ауданын Әлихан Бөкейхан атауына ауыстыру туралы нақты тапсырма бергенін айтты. Алайда карантиннен кейін көпшіліктің жиналуына рұсат етілсе, қоғамдық талқылауға Октябрь ауданының мәселесі қаралатын болады.
Бұған дейін сайтымызда Жамбыл облысының ономастикасына қатысты «Сапарбаев көзбояуға көшті» деп мақала жазған болатынбыз. Алайда, Бердібек Сапарбаев басқаратын облыстан ләм-мим деген тірі жан болмады. Ал, Жеңіс Қасымбек басқаратын облыс сыни мақалаға тез реакция танытып, қандай жұмыстар атқарылып жатқанын жан-жақты түсіндірді. Демек Жеңіс Махмұдұлы Қасым Жомарт Тоқаевтың «Еститін Үкімет» деген саясатына нақты қолдау көрсетіп отыр. Бұған әрине «Бәркелді» дегеннен басқа айтарымыз жоқ.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.