28-10-23 |
630 рет қаралған
Адвокаттар ақысы қызметіне сай болуы тиіс.
Адвокаттар ақысы қызметіне сай болуы тиіс

Қарапайым азаматтардың бірі «Адвокат ісімді сапалы шешіп берді», «Менің адвокатым сауатты жол көрсетті» деп шын көңілмен ризашылығын білдірсе, келесі бір тобы «Қаржымды алған соң, саясағының ұшын да қимылдатқан жоқ», «Менің құқымды үстірт зерделеп, селқос қорғады» деп өкпе-ренішін жолдап жатады. Тіпті, адвокатының үстінен арыз жазып, берілген қаламақысын қайтарып беруді сұрайтындар да аз емес. Бұл республика адвокаттарының арасында біліктілігі жоғарысы да, білімі төмені де кездесетінін көрсетеді.

Расында, адвокаттардың кәсіби дайындығына, адам тағдырына жауаптылығына қатысты қоғамда түрлі пікірлер айтылады. Бұл қалыпты жағдай. Десек те, адам құқығының мінсіз қорғалуына жауапты, елдегі әділдіктің кепілі, тергеу, прокуратура, сот жұмысының сапалы атқарылуына тікелей әсері бар адвокаттардың біліктілігін арттыру, кәсіби әдеп нормаларын сақтауына ықпал ету басты меже. Мұндай талаптар қойылған жағдайда ең бірінші жоғары оқу орындарындағы адвокаттар дайындау ісіне өзгеріс енгізу қажет болады. Білікті адвокат Әнуар Түгел өнідіріске араласқан заңгер мамандар адвокаттардың қарапайым міндетін меңгермей келетінін айтып, мәселенің маңызына көпшілік назарын аударған. Оның айтуынша, еліміздегі қаншама білім ордасы заңгер мамандарын дайындаумен айналысып отырса да, таза адвокаттарды дайындауға маманданған ешбірі жоқ. Бұл өз кезегінде жас мамандарды қорғаушылыққа бейімдеу, тәжірибесін шыңдау бағытында көп ізденуді қажет етеді. Ал мықты адвокаттар шоғырын қалыптастыру үшін заңгер дайындайтын жоғары оқу орындарында адвокаттыққа үйрететін машықтану сабақтары енгізілуі керек.

Адвокаттардың біліктілігін арттыруға себебін тигізетін екінші тетік – сапалы заңдарды қабылдаумен, сол заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізе бермеумен өлшенеді. Шындығында, бізде заң көп, әрі құқықтық құжаттар асығыс, шала зерттеліп дайындалғандықтан, көпшілігі қолданысқа енгізіле салып, өзгерісті қажет етеді. Ал осы өзгерістер мен толықтыруларды жаттау маңызды. Қанша қабілеті жоғары болғанымен, адвокаттардың ішінде бкіл заңды жаттап алмақ түгілі, оқып шығуға уақыт табатындары сирек. Сондықтан, заңшығару ісіндегі жауаптылықты барынша қатайтқан орынды.

Сонымен қатар, қазір адвокаттар пікір алмасатын, тәжірибесін бөлісіп, шеберлігін шыңдайтын алаң қалыптаспай отыр. Мұндай алаңның болуы қорғаушылардың әріптестік байланысын нығайтып, қателіктен сақтауға көмектеседі.   

Жоғары оқу орындарында адвокаттар үшін біліктілікті арттыру курстарының қарастырылмауы да өте өзекті мәселе.  Соған орай бүгінде әрбір адвокат өз бетінше ізденуге, кәсіби біліктілігін жетілдіруге мәжбүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адвокаттың қоғамдағы ролін күшейту, қылмыстық процестегі тараптардың жарыспалылығын кеңейту қажеттігін әр жылғы жолдауында басты басымдық ретінде атап келеді. Осы мақсатта елімізде «Адвокат туралы» заң қолданысқа енгізілген. Заңда адвокаттық қызмет атқаратын заңгерлердің тәуелсіздігін нығайту, жұмыс істеуіне кедергі жасамау, құзырлы органдардың адвокат жұмысына барынша қолдау көрсету тетіктері шешімін тапқан.

Әнуар Түгелден кейін әріптестерінің жроғары қолдауына ие болып, Республикалық адвокаттар алқасына төраға болған Айдын Бікебаев бүгінде қорғаушылар тәуелсіздігін нығайту бойынша ауқымды іс-шаралардың басында жүр. Өзі қызмет еткен саланың ертеңіне шын ашитын Айдын Жолшыұлы бүгінгі күнге дейін қорғаушылардың қамсыз жұмыс істеуіне кепіл болар біраз жаңашылдықты қолға алып отыр. Соның ішінде, адвокаттардың халықаралық адвокаттар алқасымен байланыс орнатуына, сот отырыстарында адвокаттардың жарыспалылық қағидатын мейлінше кең пайдалануына мүмкіндік ұсынған. Жаңашылдықтарды енгізуде Республикалық адвокаттар алқасы көпшілік пікірін басшылыққа алуда. Ал көпшілік пікірі адвокаттар қызметіне төленетін қаламақының тым жоғары екеніне наразы. Мұндай шағымдардың жиі түсетінін айтқан алқа төрағасы адвокаттар гонорары негізінен істің күрделілігіне, сұралатын құжаттардың көптігіне, шақырылатын куәгерлердің беделіне, іске қатысып, пікірі тыңдалатын азаматтар қатарының молдығына қарай анықталады. Сондай-ақ, қаламақы көлемінің жоғары болуына адвокаттың танымалдығы, көпшілік алдындағы беделінің де әсері зор екенін айта кеткеніміз жөн.

Қаламақының жасалған жұмыс сапасына сай болуы да өзекті мәселе. Өйткені, адвокаттар  белгілі бір өлгеммен өзіне қаламақы белгілегенімен, кейде өзіне жүктелген қызметті сапалы атқара алмай, сенім білдірген азаматтың көңіліне қаяу түсіріп жатады. Мұндай теріс пікірлер белең алмауы үшін адвокаттар алқасы қаламақыға сай көрсетілетін қызметтің өлшемдерін белгілеп, заң талаптарының сақталуына ықпал етуі маңызды.

Мысалы, Алматы қаласының адвокаты Мәди Бөленбаевтың қызметіне жүгінген Гүлмира, Шалқар деген ерлі-зайыптылар қызметтің сапасына дән риза.

– Ініміз құқықтық сауатының кемдігінен зардап шекті. Өзі саты жасайтын ұста еді. Бірақ өзі жақсы білмейтін, сенімсіз адамға материалдар бойынша тапсырыс берген. Бұл сатыларды жасау үшін үш адамнан алдын ала ақша алып, оны материал әкеп берем деген адамға берген. Ал ол ақшаны алып жоқ болып кеткен. Ең өкініштісі, ақшаны бергенін дәлелдейтін құжат жоқ қолында. Не саты жасалмай, не ақшасы қайтпаған соң үш үй иесі де інімнің үстінен полицияға арыз түсірген. Алаяқ ретінде полиция інімді уақытша ұстау изоляторына қамап тастады. Содан заңгер іздедік. Мемлекеттен тегін берілген адвокат жағдайды түсіндірді де, сот отырысына қатысу үшін сағатына ақша алатынын айтты. Шыны керек, оған аса сенім білдірмедік. Сосын заңгермін деп таныстырған Гүлнар деген қызбен сөйлестік. Ол да алдын ала төлемнің 30 пайызын алғанмен, құры сөзден басқа қолынан еш қайран келмейтінін аңғартты. Ақыры таныстардың жол сілтеуімен осы Мәди Бөленбаевқа жолықтық. Ол кісі бізді тыңдаған соң, нақты болжам айтты. Бізді алдаусыратпады. Ақыры жүгіріп жүріп бірінші рет қылмыстық қудалау органымен бетпе-бет келген інімнің бас бостандығынан айырылмай, жазасын туыстарының ортасында өтеуіне қол ұшын созды. Осы іс барысында біз тіпті істің не туралы екенін, қолымызда қандай құжаттың бар-жоқтығына қарамай, ақша ғана сұрайтын адвокаттардың көп екенін білдік. Сондықтан, адвокаттар алқасы жауапты, білімді адвокаттардың тізімін жасаса деген тілегіміз бар, – дейді Гүлмира мен Шалқар Ізтілеуовтер.

Расында, адвокаттық қызметтің сапасын арттырғымыз келсе, біліксіз адвокаттардың жауаптылығын көтеріп, сауатты қорғаушылардың тізімін жасау маңызды. Сонымен бірге, зардап шеккен азаматтар да үнсіз қалмай, адвокаттар қызметіндегі кемшіліктерді ашық айтқаны абзал.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.