29-04-22 |
1120 рет қаралған
«Экс-президентті жауапкершілікке тарту үшін елбасы туралы заңның күшін жойса жеткілікті».
«Экс-президентті жауапкершілікке тарту үшін елбасы туралы заңның күшін жойса жеткілікті»

Конституцияға енетін өзгерістерге орай референдум өтпек. Бұл туралы президент Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының жиынында айтты. Соңғы кездері конституцияға енетін өзгерістер қызу талқыланып, әралуан пікір айтылып жатыр. Осы орайда Аrasha белгілі заңгер Абзал Құспанға бірнеше сауал қойып, қысқа сұхбат жасады.

Абзал Құспан, заңгер
Абзал Құспан, заңгер

 

arasha: Конституцияға өзгерістер енгізгеннен Жаңа Қазақстанның жаңа конституциясын қабылдауға қандай да бір құқықтық кедергі бар ма?

А.Құспан: Жоқ, бірақ референдум өткізу белгілі-бір дәрежеде материалдық және уақыт шығынын қажет ететіндігі себепті, біраз уақыт жаңа Конституция мәселесі жабық күйінде қалмақ.

arasha: Конституцияға Н.Назарбаев есімінің енуі «Тұңғыш президент – елбасы туралы» конституциялың заңның күшін жою ма?

А.Құспан: Конституциядағы Елбасыға қатысты 91 баптың 2 бөлігіндегі норма осыдан 5 жыл бұрын, 2017 жылы еніп қойған. Осы норма енді енгелі жатыр деген ел арасында, әсіресе әлеуметтік желіде шатыс пікір бар. Ал ол норманың “Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы” Конституциялық заңын жоюға қатысы жоқ, кедергі де бола алмайды.

arasha: Конституцияға енетін өзгерістерге орай өткізілетін референдумға шығарылатын сұрақтар қалай болуы керек деп ойлайсыз? Өзгеріс енгізілген әр бап бойынша жеке сұрақ болуы керек пе?

А.Құспан: “Республикалық референдум туралы” Конституциялық заңына сәйкес, оның тәртібі мен реттілігін – Орталық комиссия белгілейді. Менің пікірім, әр бап бойынша бөлек сұрақ және бөлек бюллетень болғаны жөн.

arasha: Конституцияға қазіргі өзгерістер енсе, экс-президент пен оның отбасы заңдық иммунитетінен айырылып, қандай да бір істерге тартылу ықтималдығы қаншалықты?

А.Құспан: Экс-президентті жауапкершілікке тарту үшін Конституцияға өзгеріс енгізбей “Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы” Конституциялық заңының күшін жойса жеткілікті.

arasha: Өзгерістерге сай, конституциялық сот төрағасын президент тағайындайды. Бұл норма конституциялық соттың тәуелсіздігін шектеп, билікке тәуелді етпей ме?

А.Құспан: Мүмкін. Жалпы бұл мәселеде мен Американдық жүйеге көшуіміз керек деген пікірдемін. Ондағы штаттардың басым бөлігінде орталық органдар тұрмақ, округтың прокурорлары мен судьяларына дейін сайлау арқылы қызметке отырады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.