Astana IT University (AITU) жанындағы колледждің түлектері оқу гранттарын бөлу жүйесіне наразылық білдіруде. Соңғы аптада әлеуметтік желілер мен арнайы боттарда көптеген шағымдар тарауда. Жастардың айтуынша, оларға грантқа тек екі университетке – ҚазУТБ (Қазақ технология және бизнес университеті) мен Есіл университетіне ғана құжат тапсыруға болатыны туралы жаңа ғана хабарлаған.
Түлектердің көбі ҰБТ-ның ТжКБ (Техникалық және кәсіптік білім беру) форматын тапсырған. Ал негізгі ҰБТ тапсыру мерзімі өтіп кеткен. Олар колледжге дәл AITU-ға түсеміз деген ниетпен оқуға түскен болатын. Бірақ қазір бұл оқу орнына мемлекеттік тапсырыс бойынша қабылданбайтыны белгілі болды.
Түлектердің негізгі талаптары мен сұрақтары мынадай:
Неліктен мұндай маңызды шектеулер алдын ала ескертілмеді?
Неліктен AITU-да жалғастыру мақсатымен колледжге түскен жастар басқа ЖОО-ға грантқа тапсыруға мәжбүр?
Егер AITU-да мемлекеттік тапсырыс болмаса, бұл неге оқу жылының соңында емес, бастапқыда айтылмады?
Оларға Есіл немесе ҚазУТБ университеттеріне құжат тапсырып, кейін AITU-ға ақылы түрде ауысу ұсынылған. Бірақ бұл схема жастардың көңілінен шықпай отыр. Олардың айтуынша, бұл – жастардың болашағына жасалған соққы.

«Бұл шешім біздің барлық жоспарымызды бұзды. Біз нақты AITU-да білім алуды көздедік. Енді мемлекет жастарды қолдайды, білімге инвестиция салады дегенге қалай сенеміз? Жаңа Қазақстан – осылай болмауы керек», – деп мәлімдеді AITU колледжінің түлектері.
Түлектер министрліктен ресми түсініктеме мен әділетті шешім күтуде.