Желіде желдеп келе жатып бір бейнежазбаға еріксіз көзім түсіп кетті. Өткенде Абайдың жайынан ақтарыламын деп аңдамай қалған әлгі бір бикеш екен. Негізі мұның қара басында шаруам шамалы, бірақ осындай әжептәуір дайындығы бар типтер көзіңді бақырайтып қойып ашықтан-ашық жүргізіп келе жатқан декультурация үдерісі күндердің бір күнінде ұлттың тағдырын қасірет қазығына байлайтынын айтпауға болмайды.
Әлгі нашар бала қазақтың құдалық рәсімін бекіту кезінде құйрық-бауыр жейтін тым ескі салтты, оған дейін өтетін «отыз күн ойын, қырық күн тойын» жасау деп аталатын халық ауыз әдебиетіндегі ғажап жоралғыны, бата жасау, қонағына кәделеп жілік тарту, бетке ұн жағу сияқты тым арыдан керуен тартқан салт-дәстүрлерді кеше ғана өмірге келген ислам мәдениеті кезінде Мұхаммедтің немере інісі, күйеу баласы, сахаба әрі төртінші халифа, қазақтар Әзірет Әлі атандырған Али ибн Әбу Талиб әл-Құраши қалыптастырды деп, жұрқа «өнеге» шашып отыр.
Аты сорға жығылған сорлы пенде ұлтының асылдары мен жасындарынан әбден тамыр ажыратып, қағынан жерініп болуға таяған кезде өмірінде қалғымай кітап оқып көрмеген, ескіден еш тәлім түймеген діншікештердің мистикалық әпсаналарындағы сандырақ атаулыға көзсіз, талғамай сене беретін болады. Шынымды айтсам, ұлтқа қатысты мұндай нәрселерді бесіктен беліміз шыққалы ұғынып, қан-сөлімізге сіңіріп өскен соң майда-шүйде ретінде қарайтынымыз жасырын емес. Осы уақытқа дейін қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сенімдерін бәдеуилік түсініктермен шатыстырып, мипалау жасамас үшін кісінің арнайы білім деңгейі болу керек деп ойлап та көрмеппіз. Бұл дегенің бұрынғы ауыл баласының екінің біріне түсінікті, кезінде тіпті талқылауға да жатпайтын нәрселер еді ғой.
Сөйтсек, мыналар алаңсыз мақұрым қалғанға ұқсайды. Сала құлаш тілдері сайрап, ақылдың нышаны да қалмаған көздері жайнап, әртүрлі жолмен әр жерден үзіп-жұлқып шатты-пұтты оқып алғандарын мазмұндап беріп жүргендеріне мәз екен. Арнайы дайындығы бар, еуропада білім алған, «демократиялық деңгейі көтерілгендер» мынадай болса, қалған қазаққа сәлем айта бер. Жалпы, кейінгі кезде көзімнің әбден жеткені осылардың, өзін журналист санап жүргендердің көбісі дүбараға айналып үлгеріпті. Әрине, бұл сөздің өз кәсібіне адал ат төбеліндей топқа қатысы шамалы.
Қалай десек те әуелде ұлтты іштей ыдырату мақсатын көздеген ылыңшылар жоспарлаған ақырғы нүктеге жетіп жығылып тұрғанымыз анық. Мейлі бізден пессимист жасай берсін. Бұрын біреу «ақиқат алақандағы айдай» екенін айтса сенбес едім. Ал мен сезінгенді сен де сезген күні дәл осылай деріңе еш шүбәм жоқ. Әзірге оның жайының билігі әркімнің өз ырқында. Қалай десең де, біреулер саналы, ал енді біреу бейсаналы түрде қазақ баяғыда жеткен биік мәдениет үлгілерін декультурация жасауға жанұшыра кірісіп кеткені көрініп тұр.
Берік Жүсіп, жыршы, музыкатанушы