28-10-23 |
1010 рет қаралған
Балалар қылмысы бейжайлықты кешірмейді.
Балалар қылмысы бейжайлықты кешірмейді

Отбасы құндылығының төмендеуі балалар тәрбиесінде де ақтаңдақ із қалдырып жатыр. Алматы қаласы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған соттың мәліметінше, қылмысқа баратын жасөспірімдердің 95 пайызы толық емес отбасынан шыққандар.

Ерлі-зайыптылардың ажырасуы бала психологиясына өте ауыр тиеді. Ал материалдық жағдайдың төмендеуі – кез келген жанұя бетпе-бет келетін проблема. Өкінішке орай, қазақы қоғамда ажырасқан тараптардың бұрынғы сыйластықты сақтап қалып, бір-бірімен арадағы қарым-қатынасты жалғастыратындары сирек. Көбінесе ерлі-зайыптылар некені бұзғаннан кейін бітіспес жауға айналып жатады. Мұндай ерегестен де ең алдымен зардап шегетін – балалар. Анасы баланы әкесімен көрсетпей, ұл-қызын жасырып, өз қолынан келетін қысыстығын барынша пайдалады. Әкелер болса, алимент баласына емес, әйеліне берілетіндей табысын барынша жасырып, нақты жалақы көлемін көрсетпей, материалдық жақтан қолдау көрсетпеудің тетігін табуға барын салады.

Егер өмірлік қажеттілікті ескерсек, материалдық игіліктерді айтпағанда, балаға ананың мейірімі де, әкенің қолдауы да керек. Ажырасу арқылы ата-ана баласын осындай табиғи қолдаудан ажыратып, перзенттік құқығын шектеп тұр. Анасының қамқорлығында өсіп, толық емес отбасында тәрбиеленген балалардың да дамуында көп өзгеріс болады. Ең бастысы, тек әйелдің тәлімін тыңдап, анасының айтқанын орындап өскен ұлдар азаматқа тән мінезден ажырайды. Әкесіз өскен баланың жасқаншақ, қызмінезді, босбелбеу болып өсетінін психологтар да, мұғалімдер де жиі айтады. Осының өзі бала тәрбиесінде ана мен әкенің теңдей үлесі болу қажеттігін көрсетеді. Ендеше, отбасындағы тәрбиеде кеткен олқылық салдарынан баланың қылмысқа ұрынып, дұрыс жолды таңдамағаны үшін әке де, ана да теңдей жауапты.

Мұны ата-аналар білмейді деуге болмайды. Бірақ, толық емес отбасында толық мейірімнің болмайтыны сияқты, толық бақылаудың да жасалмайтыны түсінікті. Кейде ерлі-зайыптылар қайтадан отау құрып, жаңа отбасын құрғандықтан, баланың тағдыры екінші планға төмендеп қалады. Алғашқы қадамдары дұрыс болмағаннан кейін ерлі-зайыптылар жаңа жанұясын берік етуге, бұрынғы қателерін қайталамауға тырысады. Мұндайда алғашқы некеде өмірге келген балалардың құқығы жиі тапталатыны айтпаса да түсінікті.

Сондай-ақ, балаларына өмірін арнайтын аналар да ұл-қызының қауіпсіздігіне, тәрбиесіне жіті көңіл бөле алмайды. Қанша қаласа да бұған оның физикалық мүмкіндігі жетпейді. Өйткені ұл-қызын ешкімнен кем қылғысы келмеген ана ірнеше жерде жұмыс істеп, материалдық игіліктің соңынан кетеді. Анасының не үшін шаршап, кім үшін өмірін құрбан етіп жүргенін түсінетін саналы ұрпақ бар. Олар қайта анасының бір жағына шығып, есті, тәрбиелі жастар қатарын толықтырады. Ал бақылаудың жоқтығын пайдаланып, нашар топтарға қосылып кететіндер де аз емес. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың басым бөлігін осындай толық емес отбасының балалары толтырып отыр.

Біздің елімізде қылмыс жасаған жасөспірімдерге жауаптылық белгілегенде қатаң жаза қолданбай, қателігінен сабақ алуына, түзу жолға түсуіне барынша мүмкіндік қарастырылған. Еліміздегі Қылмыстық кодексте  «Кəмелетке толмағандардың қылмыстық жауаптылығы» деп аталатын арнайы бөлім бар. Осы кодексте жасөспірімдерге белгіленетін жаза реті дәйектелген. Заңнамаға сәйкес елімізде 14 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Дәл осы жастың белгіленуі бекер емес. Өйткені, заң шығарушылар он төрт жастағы бала өзінің құқықтық әрекетіне толық баға бере алмайды, мұндай қадамның қоғамға қаншалықты залалы тиетінін пайымдай алмайды дегенді алға тартады. Соған орай, он төрт жастағы баланың құқыққа қайшы әрекеті үшін ата-анасы жауапты болады. Сәйкесінше, жасалған қылмыстың ауырлығына, залалдың шегіне қарай ата-ана айыппұл төлейді.

Сонымен қатара, Қылмыстық кодекстегі кәмелетке толмағандарға тағайындалған жазаның жоғары шегі 12 жыл. Соттардың бұдан жоғары жаза белгілей алмайтыны заңда көрсетілген. Олардың жазаны қандай мекемеде өтейтіні де нақтыланған. Соған сәйкес, жасаған қылмыстық әрекетіне орай бірінші рет бас бостандығынан айырылған жастар жазасын жалпы режимдегі тәрбие колонияларында өтейді. Ал бас бостандығынан айыру бойынша екінші рет жазасын өтегелі отырған жасөспірімдер күшейтілген режимдегі тәрбие колонияларында жазасын өтеуі заңдастырылған. Қаншалықты ауыр, аса ауыр қылмыс жасаса да кәмелетке толмаған балаларға өмір бойына бас бостандығынан айыру және өлім жазасы қолданылмайтынын да қаперде ұстағанымыз жөн. Бұл Қазақстан Республикасы қосылған халықаралық конвенцияларда нақтыланған. Соған орай, еліміздің заңдарында да жасөспірімдерге жоғары жаза белгілемеу керектігі басты орында тұр.

Жалпы, сот тәжірибесіне талдау жүргізгенде судьялардың жасөспірімдер қылмысына барынша сарабдал қарап, жеңідік беруге тырысатынын аңғару қиын емес. Соның ішінде соттар тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шараларын жиі қолданады. Бұған қоса, қылмыстың орын алу, күдіктінің өкінген, кешірім сұраған әрекеттеріндегі шынайылық пен ізгі ниетті дұрыс бағалай отырып судьяның ауырлығы төмен немесе орташа қылмыс жасаған  кәмелетке толмаған баланы жазадан босата алатыны да ел заңындағы ізгі мүмкіндіктің бірі.

Түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан балаларды тәрбиелеу, қоғамға бейімдеу шаралары да басты назарда. Әсіресе, мұнда баланың денсаулығын түзеуге, психологиясын қалыпқа келтіруге, білім алуына, кәсіп меңгеруіне жан-жақты жағдай жасалады.  Түзеу мекемесінен жазасын өтеп, бостандыққа шыққан бала егер ортаға сіңісе алмаса, жұмыс тауып, өз бетінше күнін көре алмаса, туыстарынан қолдау болмаса, айналып келіп бұрынғы қателігін қайта жасауы, сөйтіп түзеу мекемелеріне қайта оралуы әбден мүмкін. Ал зайырлы, құқықтық мемлекетте азаматтарды қалыпты өмірге оралту – басты міндет. Бұл жасөспірімдер қылмысында бірінші кезекте басшылыққа алынады. Сондықтан бүгінде бостандыққа шыққан жастарды жұмыс орындары ұсынатын жәрмеңкеге қатыстырып, қызметке араласуына барынша көмек көрсетілуде. Соынмен бірге, оларды қоғамдық жұмыстарға тартып, қосымша кәсіптер меңгерту бойынша да іргелі бастамалар қолға алынып келеді.

Қылмыстық жазаны тағайындаудың басты мәні – кәмелетке толмаған құқық бұзушыларды түзету және қайта тәрбиелеу. Алайда, олардың болашақта қандай жолды таңдайтынын, түзеу мекемелерінде берілген дәріс, айтылған тәрбиенің қаншалықты әсер еткенін ешкім де нақты айта алмайды. Ең бастысы, мемлекет олардың болашағына сеніммен қарауы қажет. Бұл мемлекеттік мәжбүрлеу органдарының құзырындағы ғана мәселе емес. Және сотталушыны түзеуге тек ата-ана ғана мүдделі десек қателесеміз. Сондықтан бүкіл жұртшылықпен белсенді алдын алу қызметін жүргізу мәселесін бірінші орынға қоюға ықпал етуіміз қажет. «Ұлың жақсы болса, ұлы жақсымен ауылдас бол» дегенді бааларымыз бекер айтпаған. Ұл-қызымыз тәрбиелі болып, теріс ықпалдың жетегінде кетпесін десек, айналамыздағы жастардың да түзу жолмен жүруіне қолдан келгенше көмектескеніміз абзал.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.