27-10-23 |
1400 рет қаралған
Кассациялық сот құру – қоғам талабы.
Кассациялық сот құру – қоғам талабы

Сот жұмысына, судьялар шығарған сот актілерінің сапасына арызданушылар аз емес. Әрине, сот отырысында екі тараптың мүддесі қозғалғандықтан, жеңілген тараптың өкпе-реніші болатыны рас. Бірақ, дауларды шешудің баламалы тәсілдерін енгізу, сот актілерін түсіндіру, сот отырыстарын дыбыс-бейне таспаға жазу бойынша қолға алынған шаралар сот жұмысына деген наразылықты біршама төмендеткен еді. Жоғарғы Сот бұл нәтижемен тоқтап қалмай, төрелікке деген сенімді қалыптастыруға түрткі болатын тетіктерді жан-жақты қарастыруда. Осы ұстылыстың қатарында Кассациялық сот құру басты орында тұр.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жақында еліміздің кәсіпкерлер қауымымен кездесу барысында әкімшілік әділетті күшейтіп, бұл институттың қолданыс аясын кеңейтуге басымдық берілетінін алға тартты. Жиында көпшіліктің өкпе-назын мұқият тыңдаған Мемлекет басшысы «Бүгінде қылмыстық және азаматтық істердің небәрі 5 пайызы ғана кассацияға жолданады. Бұл өте аз әрі азаматтардың сұранысына сәйкес келмейді. Сондықтан заңгерлер және кәсіпкерлер қоғамдастығымен өз алдына бөлек кассациялық инстанция құру мәселесі жөнінде кеңес өткізу қажеттігі пісіп жетілді деп ойлаймын» деген пікірін айтты.

Жария-құқықтық дауларды шешуге қадам жасалып, әкімшілік әділет институты қолданысқа енгізілген екі жылдың ішінде сот шешімдерінің 60 пайыздан астамы азаматтар мен бизнестің пайдасына шешілгені белгілі. Бұл халық өкілдерінің сотқа, әділдікке деген сенімін нығайтты. Ал алдағы уақытта Кассациялық сотты тәжірибеге енгізу сотқа кететін қаржыға нұқсан келтірмей, азаматтардың ұсыныс-талабын ескере отырып шешім шығаруға жол ашады.

Президенттің Кассациялық сот құру туралы ұсынысы қазір қоғам тарапынан қызу талқылануда. Мәселен осы мәселеге орай Республикалық адвокаттар алқасында арнайы шара өтті. Онда адвокаттар алқасының өкілдері Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевпен кездесіп, тәуелсіз кассациялық алқа құруға байланысты өзекті мәселелерді ортаға салды. Адвокаттар алқасының жетекшісі Айдын БІКЕБАЕВ қорғаушылар қауымының ұсыныс-тілегін ортаға салды. Олардың айтуынша, Астана қаласында азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша үш жеке кассациялық сот инстанциясын құру маңызды. Ең бастысы, бұл кассациялық орган толық тәуелсіз болғаны жөн. Сонымен бірге, істердің барлық санаттары бойынша арыздарды кассациялық сатыда алдын ала қарау сатысы алынып тасталуы да басты мәселе. Себебі, бүгінге дейін істерді бір судьяның қарап, пайымдауымен алқа қарауына жіберілмей келгені белгілі. Бұл азаматтар мен кәсіпкерлердің заңды ренішін туындатқан еді. Сондай-ақ адвокаттар қауымы барлық санаттағы істерді қарауға тараптар міндетті түрде қатысуы керек, әрі істі алқалы құрам жүргізуі тиіс деген ұсыныстарын алға тартып отыр.

Сот процесіндегі жетістіктер мен кемшіліктерді елдің айтуы бойынша емес, өзінің қызметтік жұмысына байланыста жетік білетін адвокаттар алқасының жоғарыдағы ұсыныстарының бәрі негізді. Себебі, азаматтар төменгі сатыларда дұрыс зерделенбеген мәселесі  жоғары сатыларда әділ шешімін табады деп үміттенеді. Ал істі алқалы құрамның қарауы бұл сенімді одан сайын бекіте түседі. Өйткені, алқадағы бір судьяның байқап, зерделемегені қалған екі судьяның назарынан сырт қалуы мүмкін емес.

Кассациялық соттарды құру мәселесі сот саласының ортасында да талқыланып жатыр. Әсіресе, бұл жаңашылдыққа қатысты отставкадағы судьялардың айтары көп. Мәселен сот ардагерінің бірі Рахымбек Мамырбаевтың айтуынша, кассациялық инстанцияны құру бастамасын басқалар емес. Ең алдымен сот жүйесінің өзі көтеріп отыр. Себебі, Жоғарғы Сот отандық сотқа деген оң көзқарастың орнығуына тікелей мүдделі. Ал кассацияға қатысты сын бұл саладағы игі істерге көлеңке түсіріп, халықтың сынын көбейтуге түрткі болып келе жатқаны белгілі.

Ардагер судьяның пікірінше, Қазақстанда сот актілеріне шағымданудың үш буынды сатысы бекітілді, алайда ол іс жүзінде өз тиімділігін көрсетпеді. Іс жүзінде барлық істер аудандық, қалалық және мамандандырылған соттарда бірінші сатыдағы соттың ережесі бойынша қаралады. Облыстық соттарда істер апелляциялық, ал Жоғарғы Сотта кассациялық тәртіппен қаралады. Осылайша, облыстық соттардағы кассациялық алқа заңнамалық тұрғыдан жойылып, Жоғарғы Сотта құрылды. Алайда, бүгінгі күнге дейін сот процесіне қатысушылардың өтініші бойынша істі қарау туралы мәселені судья алдын ала жеке-дара шешіп келді. Өкініштісі сол, мұндай құзырет берілген судьялар кқбінесе істі кассациялық алқа қарауына беруден бас тарту туралы қаулы шығарып келген. Ал сенім артып келген Жоғарғы Сот істі қараудан бас тартқан соң азаматтар амалсыздан Жоғарғы Соттың төрағасына, Бас прокурорға, кей жағдайда Президентке шағымдануға мәжбүр болған. Сот сатыларында шешіліп, заңды нүктесі қойылуы тиіс істердің бұлайша сипат алуы жалпы қоғамның сот жұмысына деген теріс көзұарасын қалыптастырары күмәнсіз. Кассациялық алқа құру туралы бастаманың көтерілуіне де осы мәселені оңтайлы шешсек деген ойдың түрткі болғаны анық.

Қазіргі уақытта Жоғарғы Сотта кассациялық алқа ретінде шағымданудың екі кезеңі қалыптасқан. Бұдан бөлек Жоғарғы Сот төрағасының ұсынуы бойынша және ҚР Бас прокурорының наразылығы бойынша дауды шешу мақсатында жұмыс қолға алынады. Осы тұрғыдан алғанда кассациялық өтінішті жеке-дара қарау құқығының Жоғарғы Сот судьясына берілуі сот төрелігінің бәсекелестік негізінде жүзеге асуына тосқауыл қояды. Дұрысында тараптар өз ісінің сот отырысында қаралуы үшін мемлекеттік баж төлейтіндіктен, істің сот отырысында таразылануы міндетті. Ал арнайы сот процесін жүргізбей-ақ, судьяның жеке-дара шығарған қаулысы қолына тиген азаматтардың өкпе айтуы орынды. Мұндай кемшіліктердің алдын алу үшін кассациялық сатыға шағым жазған азаматтардың өз дәлелін тыңдатуға мүмкіндік беріп, істің толық алқалы құрамда және жариялы түрде қаралуының нақты тетігі жасалуы тиіс. Сот саласының дамуына атүсті қарамайтын ардагер судьялар бұл олқылықты шешу үшін Жоғары кассациялық сот құруға қатысты екі ұсынысты көпшілікке ұсынып отыр. Ол үшін қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша дербес кассациялық алқаны біріктіретін бірыңғай Жоғары кассациялық сот құру керек. Сондай-ақ дербес үш кассациялық алқа құрудың да сот ісін жандандыруда пәрмені бөлек. Азаматтарды әуре-сарсаңнан құтқарып, істерін жедел қарату үшін кассациялық алқаны бірнеше өңірде құру да артықтық етпейді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.