01-09-18 |
5170 рет қаралған
Пара алған да, берген де жауапты.
Пара алған да, берген де жауапты

Жемқорлықпен күрес мәселесі мемлекет назарынан шет қалған емес. Тәуелсіздік алған жылдардан бері осы індетке тосқауыл қоюдың түрлі әдіс-тәсілдері зерттеліп, қолданысқа енгізіліп келеді. Жемқорлықты әшкерелеу, сыбайластарды жазалау бойынша атқарылған жұмыстар да бір арнаға түсіп, нәтижелі болып келеді. Алайда, жегіқұрттың тамырына балта шаптық деуге әлі ерте. Және жемқорлықпен күрес құзырлы орындардың міндеті деген түсініктен арылып, індетті жоюға бүкіл халық жұмылғанда ғана сыбайластықтың бетін қайтаруға болады. Өкініштісі сол, қарапайым азаматтар әлі күнге дейін пара алғандарды ғана қылмысты санайды. Ал пара беру мәселесіне мәжбүрлік, шарасыздық деп қарап жатады. Бұл шындығында қате пікір.

 Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа жолдауында әлем әр саладағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басқанын, осы орайда біздің елде дамуға қажетті бағдарламалардың бәрі бар екенін атап айтты. Он басымдық айқындалған жолдаудың тоғызыншы міндеті – жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі деп аталды. Соңғы жылдары елімізде жемқорлық үшін жауаптылық едәуір күшейтілген. Қылмыстық Кодексте пара алған қызметкерлердің пара көлеміне қарай мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 50-80 еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не 3-15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатыны көрсетілген. Пара берген адам да, парақорлыққа делдал болған адам да осы секілді ауыр жазаға тартылады.

Сарапшылардың сөзіне сенсек, әлемдегі ешбір ел жемқорлықтан құлан-таза айықпаған, қай ортаны алсаңыз да, онымен күрес жүргізіліп жатқанын көреміз. Әлем елдері арасында жүргізілетін рейтингтерде жемқорлыққа қатысты жағдайды анықтағанда әр мемлекеттегі ашық үкімет орнату, сөз бостандығы мен азаматтардың құқықтарын қорғау, сот тәуелсіздігі, сонымен бірге, жемқорлық көріністері сияқты өлшемдер ескеріледі. Өкінішке орай, жемқорлық салдарынан көп елдердің экономикасынан миллиардтаған қаражаттар жымқырылып, халықтың аузынан жырылып, жеке қалтаға түсуі елді дамытудың орнына кері тартуда.

Бүгінде ақпараттар мен технологияның дамыған заманында заңсыз әрекет жасаған адамды анықтау немесе оның әрекетін әшкерелеу қиынға соқпайды. Соңғы жылдары Елбасы жоғарыда айтқандай, сыбайлас жемқорлыққа жол бергендер шетінен ұсталып, едәуір тосқауыл қойылып келеді.

Маңғыстау облысының аудандық және оған теңестірілген соттарымен 2015 жылы сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтар бойынша 39 адамға қатысты 30 қылмыстық іс қаралған. Сот үкімдері бойынша 13 тұлғаға жалпы сомасы55 081 800 теңгеайыппұл салынған болатын. Ал, 2016 жылы сыбайлас жемқорлық бойынша 41 тұлғаға қатысты 24 қылмыстық іс қаралып, 21 тұлғаға 127 308 000 теңге айыппұл салынған. Салынған айыппұл жазалары толық өндірілген. Өткен, 2017 жылы облысымызда 26 тұлғаға қатысты 26 қылмыстық іс қаралып, 6 тұлғаға 12 549 500 теңге айыппұл салынған.

Ақтау қалалық сотында 2017 жылы қоғамдық пікір туғызатын, сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша 16 тұлғаға қатысты 19 қылмыстық іс қаралды. Оның ішінде 9 тұлға бас бостандығынан айырылса, 5-еуіне бас бостандығынан шектеу жазасы, 6 тұлғаға түрлі көлемде айыппұлдар салынған. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексімен сотталғандардың барлығынан қылмыстық жолмен табылған мүліктері тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, бас бостандығынан шектеу не айыру жазалары тағайындалған.

Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов соттардың алдында басты үш міндет тұрғанын айтты. Біріншіден, жемқорлыққа жол бермеу. Екіншіден, соттарда халыққа ыңғайлы жағдай жасап, сыпайы қарым-қатынас орнату. Үшіншіден, халықтың сенімін арттыру. Осы арқылы біз сот билігінің ғана емес, жалпы биліктің беделін арттырамыз. Жалпы бізде қай кемшілікті де еңсеріп, бұрынғыдан да табыстырақ алға басуымыз үшін барлық жағдай жасалған. Ендеше мемлекетіміздің деңгейі халықаралық қауымдастықта жоғары нәтижеге ие болуы тиіс деп санаймын.

Аида БҰЛАҚБАЕВА,

Ақтау қалалық сотының судьясы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.