07-12-18 |
6190 рет қаралған
«Қай елдің адамы келсе де бізді полицейлік мемлекет деп ойлайды».
«Қай елдің адамы келсе де бізді полицейлік мемлекет деп ойлайды»

Рүстем ХАЙДАРОВ,  «Генералдар кеңесі» РҚБ төралқасының төрағасы, генерал-майор:

– Мемлекет басшысы полиция жұмысын түбегейлі реформалауды, тіпті, формаға дейін жаңалауды тапсырды. Қалай ойлайсыз, киімнің өзгеруі қандай да бір нәтижеге жеткізе ме?

– Қай елдің адамы келсе де бізді полициялық мемлекет деп ойлайды. Неге дейсіз ғой, себебі, төтенше жағдайлар, қылмыстық атқару комитеті қызметкерлері, қай-қайсысының болсын сыртқы формасы полициямен бірдей. Халық оларды ажырата алмайды. Сондықтан, полиция киімінің өзіндік ерекшелігі болуы керек. Президент форма өзгертуді бекер айтып отырған жоқ. Мысалы, полицияға күнделікті фуражка кию ыңғайсыз. Оның орнына ыңғайлы беретка болса, өйткені, қылмыскер ұстауда бас киімін қолына ұстап жүгірмейді. Фуражка парадтық форма. Осы себепті, полицияның мәртебесін көтеру, жұртшылық сеніміне ие етуде киімнің әсері бар. Полицияның киіміне қарап та құрмет артады. Министр Қ.Қасымов сот, прокурор, т.б. ғимараттарының күзетінен полицияны алып кету туралы дұрыс мәселе көтерді. Мұның өзі полиция қызметінің абыройын көтеруге себеп болады.

– Әлеуметтік жағдайдың жоғарылауы жұмыс сапасын арттыра ала ма?

– Президент егемендік жылдары 779 полиция қызметкерінің қаза тауып,  2,5 мыңға жуығы жарақат ал­ғанын айтты. Бірде-бір салада ішкі істер органы мен Ұлттық Ұлан қызметкерлері сияқты анттарына адалдық танытып, құрбандыққа баратындар жоқ. Полиция күндіз-түні жұмыс істейді, баспанасыз жүргендері қаншама? Оның бір-ақ мәселесі, мысалы, отбасымен бірге өткізер уақытын реттеу ғана болу керек. Қалғанының бәрін, бала-шағасын оқыту, әйелін жұмыспен қамту, т.б. үкімет шешіп беруі тиіс. Бұларды шешпей, ешқашан халық көңілінен шығатын полиция болмайды. Бұрын арнайы емханамыз, шипажай, т.б. бәрі болатын. Бүгінде соның бәрін құртып, аумақтық емханаларға бөліп тастады. Полицей басқалар сияқты дәрігер кезегінде тұра алмайды, себебі, оның жұмысы белгілі бір уақытқа бағынбайды. Сондықтан, емхана, госпиталь, шипажай, бәрін өз қалпына келтіру кезек күттірмейді.

Қызмет бабында көз жұмғандар мен жарақат алғандардың отбасы мүшелеріне не өздеріне арналған Республикада бірде-бір оңалту орталығы жоқ. Бұл сұмдық жағдай. Елді қорғау жолында жарақаттанғандар неге аумақтық емханаларда кезек күтіп жүреді? Мысалы, ҚР Қорғаныс министрлігінде оңалту орталығы бар. Ол салада мұндай адам шығыны жоқ. 20-50 төсектік госпитальдарды қалпына келтіргеннен мемлекет ештеңе жоғалтпайды. Денсаулық министрлігі жұмыс істесін. Кезінде соның бәрі болды ғой, құртты, енді қалпына келтірсін.

Тағы бір айтарым, біздің заңға өзгеріс керек. Жергілікті әкімшілік полицияға көлік бердік, көшелерге камера қойдық деп мақтанады. Бірақ, қанша пәтер бердіңдер деген сұрағыма жауап бере алмайды. Өйткені, заңда жергілікті биліктің полицияға материалдық-қаржылық тұрғыда көмек бере алатыны жазылмаған.   Бүгінгі күні бұл мәселелерді шешуге бетбұрыс бар. Халықтың, Генералдар кеңесінің атынан айтарым, болашағымыз дұрыс болуы үшін азаматтар әрбір полицияның Қазақстан Республикасы үкіметінің, ҚР президентінің өкілі екенін сезінуі керек.

– Жергілікті полицейлерді жұмысқа қою әкімдер құзыретінде, осы мәселе туралы да түрлі пікір бар, бұған Сіз не дейсіз?

– Бұл үрдісті доғару керек. Бұрын әкімдер ұсыныс жазып, ІІМ жанындағы арнайы комиссияға жіберетін. Қазір бәрі керісінше. Министрлік ұсынады, комиссия қарайды, әкім тағайындайды, бұл сұмдық жағдай. Жергілікті әкімдер ұсынсын, бірақ, оны қолдау немесе қолдамауды министрліктің өзі шешсін. ҚР Президенті жанындағы кадрлар комиссиясы қарасын. Полицияның абыройын өсіруде бұл жағдайдың да ықпалы зор.

– Президент штатты қысқарту, полицияға заңгерлерді тарту жайын да айтты. Одан жағдай түзеле ме?

– Он жеті миллион халықтың бір миллиондайы мемлекеттік қызметкер.  Ал, Жапонияда жүз-ақ мың адам мемлекеттік қызметте. Бізге сан емес сапа керек. Штатты қысқарту арқылы жалақыны өсіруге болады. Нағыз жұмыс істейтіндер қалсын, тиіп-қашып жүргендерден пайда жоқ. Президент  заңгерлерді полицияға тартып, алты ай, бір жыл оқытуды ұсынды. Жоғары оқу орындары сапасыз заңгерлер дайындап жатқанын мен ашық түрде айтамын. Себебі, студенттердің көпшілігі сабаққа қатыспайды. Диплом жұмыстарын сатып алады. Өз ісінің маманы болуы үшін оның спецификасын білу керек. Заң университетінде кафедраға жетекшілік еттім. Әлі күнге дейін сабақ берем, шетелдерге барып лекция оқимын. Айтқым келгені, заңгер, әсіресе, тергеуші мен опер қызметкерлері хирург сияқты болуы керек. Бұрын біз «Следственная практика» деген журнал шығардық. Соның редакторы болдым. Журналды барлық сот, прокуратура, полицияға тарататынбыз. Тергеу, криминалогияның, соттың шешімі қалай, оны қалай түсіну керектігі жан-жақты жазылатын. Жоғарғы Соттың пленумы барлық қаулысын жіберетін. Жоғарғы Сот пленумының ғылыми кеңесшісі ретінде сот, прокурор шешімдеріне пікірімді ашық айтатынмын. Маман дайындауда осының барлығы керек дүние. Жақсы ұстаз, тәжірибе болмай мықты маман шықпайды.

– Полиция мен азаматтар арасындағы қарым-қатынас қайтсек жақсарады?

– Кеше ғана Мәскеуден келдім. Ресейде баяғыдағыдай еріктілер ұйымдары әлі бар. Оның ішінде, менің таң қалғаным, Панфилов дивизиясының ерлігіне бәрі тәжім етеді. Жас Панфиловшылар мектебі, олардың анты бар. Мен мұны қолдаймын. Волоколамск қаласы мен ауданының басшысы Павлодардың Баянауылынікі екен. Үлкен дастархан жайып, бізді шақырды. Біршама кісі жиналды. Солардың алдында орнынан тұрып менен бата сұрады. Сонымен қатар ол Мәскеу орыстарының алдында қазақтардың әлемдегі бірден-бір батыл, жауынгер, бабаларын ардақтайтын халық екенін айтып: «Қазақтар  балаларының құлағына кішкентайынан бабаларының жақсы істерін, әр атасының қасиетін құйып өсіреді. Орыстарға осы қасиет жетіспейді» деді. Ата-ананы сыйлау, жастарды құрметтеу қасиеттері қазақтың қанында бар. Сыйластық болған жерде кез келген қарым-қатынас жақсарады. Полиция өз міндетін адал атқарса, халықтың алғысына бөленеді.

– Полицейлер білім-білігін жетілдіруде қандай шаралар қолға алынса деп ойлайсыз?

– Елімізде жол көлік апатынан көз жұматындар көп. Оқиға орнына ең бірінші полиция барады. Бірақ, жол полициясында жұмыс істейтіндер алғашқы медициналық көмек көрсетуді білмейді. Егер олар білгенде Денис Тенге көмек дер кезінде көрсетіліп, көп қан жоғалтпас еді. Генералдар кеңесіне осы мәселені Үкіметке жеткізуді сұрап азаматтар хабарласты. Біз азаматтар аманатын жеткізіп, өз уәжімізді дәлелдедік. Алдағы уақытта заңға еніп жатса, нұр үстіне нұр. Әсіресе, полиция қызметіндегі әрбір жүргізуші алғашқы медициналық көмек көрсетуге оқытылуы, онсыз права берілмеуі тиіс. Кеңес үкіметі кезінде азаматтық қорғаныс, ІІМ, т.б. органдардағы жүргізушілер алғашқы медициналық көмекті көрсете алатын. Адам өмірін сақтау үшін жедел жәрдем келгенше жүргізушілер әрекет ететін. Мұның жол көлік апатына ұшырағандарды құтқаруда маңызы зор.

Әңгімеміз негізінен полиция беделіне байланысты өрбіп отыр ғой, бір мысал айтайын, Кеңес үкіметінің кезінде 10 қараша совет милициясының күні болатын. Сол күні Република бойынша бірде-бір қылмыс болмайтын. Оныншы қарашада, тіпті, қылмыскерлердің өзі милиция мерекесін тойлап, демалсын, біз олардың көңіл-күйін бұзбаймыз дейтұғын принцип  ұстанатын. Шынында да солай болды. Ал, қазіргі күні адамдар полицияның көзінше қылмысқа барады. Осының өзі біраз жайтты аңғартады. Президент полиция қызметін жаңғырту туралы тапсырманы дер уақытында беріп отыр. Бұл мәселеде атқарылар шаруа көп. Солардың сәтті жүзеге асуына тілектеспіз.

– Әңгімеңізге үлкен рақмет.

Түймегүл Смағұл

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.