Құрсаққа сыйған алтын айдарлы ұлдардың құшаққа сыймай кете баратынын қайтерсің. Мұны, әсіресе, спорт саңлақтарына қарата айтуға болады. Тоқсаныншы жылдары атамекеніне келіп таэквондоның туын тіккен Мұстафа Өзтүрік, қазақ боксының қара нары Әбдісалан Нұрмаханов немесе небәрі жиырма жасында жасындай жарқылдап барып сөнген Бекзат Саттарханов… Осынау оғландардың орны ойсырап-ақ тұр әлі күнге. Өкініштісі, ажал мұнымен тоқтамады.
Кешегі жазда ғана, мұз үстінде ойнақтаған мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің «жаз өмірі қысқарды». Дұрысы, оны адам қолымен қысқарттық. Тағдыры алдыңғы ағаларына ұқсас болғанын кім қалады дейсіз, Әбдісалан атасы секілді кісі қолынан мерт болды, Бекзат ағасы секілді қыршын кетті – небәрі жігіттің жасы жиырма бесінде.
Шыны керек, Денистің Теннің қазасы ауыр болды, әрі «аздап» әлем алдында бет-пердеміз ашылып, ұятты болып қалдық.
Ауыр дейтініміз, ол жаһан жұрты мойындаған, айдында атойлаған өнеріне тік тұрып қол соққан саңлақ еді. Сондықтан, бұл Қазақстанға ғана емес, спорт сүйер әлем жанкүйерлеріне ортақ қайғы. Оның үстіне, ғаламдық додаларда әлі талай туымызды көтеретін бірден бір сайыпқыранымыздан айырылдық.
Ал, ұятты болдық деуіміздің себебіне келсек, бұл қаза елімізде Конституцияда жазылған, мемлекетіміздің басты байлығы саналатын адам өмірінің сақталуына кепілдік бола бермейтінін көрсетіп кеткендей. Көптің көзайымына айналған ұл көлік айнасын ұрлаған ұры-қарының қолынан мерт болса, осылай демеске лаж жоқ және оған оқиғаның тапа-тал түсте алып шаһар Алматының қақ ортасында болғанын қосыңыз. Бұл ұры-қары қала көшелерінде тал түсте-ақ тайраңдап жүре береді, ешкімнен айылын жимайды, тіпті, қылмысы үшін ертең жазаланатыны да оларға қорқыныш емес деген сөз.
Енді, хош, болары болып, бояуы сіңді делік. Үзілген ғұмырды қайта жалғай алмасымыз анық. Алайда, спорт саңлағына қатысты қылмыстың көп ұзатпай нүктесін қою адам қолындағы, анығы тиісті органдардың құзырындағы шаруа ғой. Иә, обалы не керек, құқық қорғау орындары бірер күн өтпестен күдіктілерді құрықтады. Бірі жамбылдық 24 жастағы Нұралы Қиясов, бірі қызылордалық 23 жасар Арман Құдайбергенов болып шықты. Күдіктілер сот санкциясымен 2 айға қамауға алынып, бастапқыда олар ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі бойынша күдікті деп танылып, тергеу жүргізілді. Артынша, 27 шілдеде іс бойынша үшінші күдікті ретінде Жанар Толыбаева есімді бойжеткен қамауға алынды. Оған себеп – қылмыс туралы хабарламағаны.
Айтайын дегеніміз, оқиға ізі суымай жатып күдіктілер ұсталды және кінәларын мойындады. Тиісті бап бойынша олар күдікті деп танылып, істері тергелді. Тергеу жұмыстары аяқталып іс сотқа өткізілген тұста бұл туралы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Парламенттегі отырыста депутаттар алдында хабарлады. Бірақ, неге екені белгісіз, күдіктілерді қамауға алу мерзімі қайта-қайта ұзартылып келеді. Қазанда ұзартылған мерзімді қарашада Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық тергеу соты желтоқсанға дейін тағы созды. Әрине, бәлкім сот тергеуі барысының біз білмейтін тұстары, заңмен бекітілген өтуі тиіс баспалдақтары бар шығар. Алайда, кінәсін мойындаған айыпталушылары мен қадағалаушы орган өкілдері айтқандай барлық дәлелдері бола тұра, аты-шулы істің бұлайша созылуы көптің көкейіне күмән ұялатып, құзырлы органдарға деген сеніміне селкеу түсіретіні хақ. Сондықтан, жариялылық жайлы күнде айтылатын заманда істің неліктен қайта-қайта созылып жатқаны туралы халықты хабардар етіп қою мақсатында Алматы қалалық сотының телефон нөмірін терген болатынбыз.
Диас МАХАМБЕТОВ, Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің жетекшісі:
– Сот Денис Тенді өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс шеңберінде күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасын қабылдады. Атап айтқанда, Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының қаулысымен бұлтартпау шарасы ретінде ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы 2-бөлімінің 1,4-тармақтарында көзделген «Қарақшылық», 99-бабы 2-бөлімінің 7,8-тармақтарында көзделген «Адам өлтіру» қылмыстарын жасады деген күдікке ілінген Нұралы Қиясовты қамау мерзімі 15 тәулікке, яғни 2018 жылдың 18 желтоқсанына дейін ұзартылды.
Сондай-ақ, аталмыш соттың қаулысымен ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 2-бөлімінің 2-тармағында көзделген «Ұрлық», 192-бабы 2-бөлімінің 1,4-тармақтарында көзделген «Қарақшылық», 99-бабы 2-бөлімінің 7,8-тармақтарында көзделген «Адам өлтіру» қылмыстарын жасады деген күдікке ілінген Арман Құдайбергеновті қамау мерзімі 15 тәулікке, яғни 2018 жылдың 19 желтоқсанына дейін ұзартылды.
ҚР Қылмыстық кодексінің 434-бабында (Қылмыс туралы хабарламау) көзделген қылмысты жасады деген күдікке ілінген Жанар Толыбаеваны қамау мерзімі 15 тәулікке, 22 желтоқсанға дейін ұзартылды.
Бұлтартпау шарасы күдікті және жәбірленуші тараптар адвокаттарының қылмыстық іс материалдарымен танысуы үшін Алматы қаласы Тергеу басқармасының өтінішхаты негізінде ұзартылды.
Қылмыстық іс бойынша бәрі де күдікті. Ал, Денис Тенді өлтірді деген күдікке Нұралы Қиясов ілініп отыр. Бірақ, әзірге ол тек күдікті, айыпталушы емес.
Арнайы arasha.kz үшін
Сәкен ОРЫНБАСАРҰЛЫ
-
11.11.2024
-
11.11.2024
-
11.11.2024
-
11.11.2024
-
11.11.2024
-
11.11.2024
-
11.11.2024
-
11.11.2024
-
11.11.2024