23-06-20 |
740 рет қаралған
«Күйеуімнің тепкісіне 18 жыл шыдадым. Балаларымды да ұрып, балағаттады».
«Күйеуімнің тепкісіне 18 жыл шыдадым. Балаларымды да ұрып, балағаттады»

фото: vecher.kz/Наталья ВЕРЖБИЦКАЯ

Қазақстанда коронавирус пандемиясына байланысты 3 айға созылған төтенше жағдай және карантин кезінде отбасылық зорлық-зомбылық үш есеге артты деп мамандар дабыл қақты. Сондықтан да  тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған паналау  мекемелері сияқты орындарға келушілердің қарасы көбейген. Сондай мекемелердің бірі Алматыдағы Республикалық тұрмыстық зорлықзомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы. Мен осы орталыққа отбасында зәбір көрген жандардың мұңмұқтажын естіп, мәселені ішінен түсіну үшін барған едім.

Орталық Алматының шеткі аудандарының бірінде орналасқан екі қабатты ғимарат екен. 

Мен барғанда кей бөлмелердің төсектерін біреулер жылжытып жатқан болатын. Мекемедегілердің сөзінше, жаңадан келіп түскен әйелге орын босатып жатқан көрінеді. Орталықтың басшысы Зульфия Байсақова «бұл үй 50 адамға арналған бірақ келушілер саны карантин кезінде көбейіп, қазір кішкентай балаларды есептемегенде 53 адам тұрып жатыр» деді. 

Ғимарат үй сияқты екен, кең қонақ бөлмесі бар, жұмсақ диван мен кресло, содан кейін жеке жеке жатын бөлмелер және бір бұрышта ас үй жихазы тұр. Мұнда тұрып жатқан адамдар өздері тамақ пісірмейді, асханадан ішеді. Ал ас үй жихазы кішкене балалардың сүтін жылытып бергенге арналған. 

Аулада балалар ойнап жүр. Ағаштардың түбіндегі орындықтарда әйелдер тізіліп отыр. Арасында жас келіншектер де, әжелер де бар екен. Сол әйелдердің арасында біреуі қолына бір бума құжат ұстап, бірдеңеге қобалжып отырған сыңайлы өңі сұрғылт тартып тұр. Сұраса келе білгенімдей, бұл кісі күйеуімен ажырасу сотын күтіп отыр екен. Екі сағаттан кейін сот онлайн өтеді дейді. 

Күйеуімнің тепкісіне 18 жыл шыдадым. Шыдамның да шегі бар. Зәулім сарайдай үйде тұрып, қалталы күйеуімнің болғанын қайтейін, басымда бостандығым жоқ құл болсам. Бұрын ішетін, ішіп келіп ұратын. Бірақ соңғы бес жыл болды ішімдік ішпейді. Арағын қойса да қол көтеруін қоймады. Мені балағаттайды. Бес бала таптым. Әлі ұрып келеді. Ұрған кезде туыстарыма қашамын. Артымнан келіп, алып кетеді. Ешқайда қашпасын, ешкіммен сөйлеспесін деп құжаттарым мен ұялы телефонымды, ақшамды тығып қояды. 18 жыл болды еш жерде жұмыс істемедім, себебі жұмыс істеуге рұқсат бермейді. Балаларыма әкелік мейірімі жоқ. Балаларымды да ұрып, балағаттайды.  Соңғы рет ұрғанда өзі ораза ұстап жүрген. Ораза ұстап жүріп осындай әрекетке барды, -деп сөзін бастаған әйел осы орталыққа 21 мамырда бес баласын ертіп келгенін айтты.

«Карантин біткесін ажырасамыз деді»

Сол күні болмашы іс үшін 15 жастағы қызыма ұрысты, сыбады. «Бақытсыз боласың» деген сияқты ауыр сөздер айтты. Ал қызым сабыр сақтап, әкесіне жағдайды түсіндіруге тырысып жатты. Сөйтіп қызыма қол көтере бастағанда шыдай алмай кетіп, араларына түстім. Сол кезде мені соққының астына алды. Қызым мені қорғамақ болып, әкесінің қолын ұстап қалып еді, қызымның артынан жүгірді. Әнел қашып далаға шықты. Көрші-қолаңның көзінше Әнелдің шашынан сүйреп, үйге алып кірді де есікті жауып алды. Мен қорыққаннан көршінің үйіне қашып бардым. Көршінің үйінде отырып әпкеме телефон шалдым. Әпкем патрульдік полицияға хабарлас, дағдарыс орталығының номері – 150 соған телефон шалып, көмек сұра деді. Сөйтіп кешкі 8-де полиция келді. Үш полициямен үйге кірсем  Әнел қызым қашып кетіпті. Ал күйеуім ұрған жоқпын деп мойындамай қойды. Сол кезде 14 жастағы ұлым жылап жіберді. «Әке, сіз ұрдыңыз ғой, мойындасаңызшы» деді. Полицияға мені алып кетіңіздер, бұл үйде қала алмаймын деп жалындым. Олар бес балаңызбен сізді қайда алып кетеміз деп айтты. Мен бәрі бір қала алмаймын деп едім, бір полицей өз үйіне шақырды. Бірақ полицейдің үйіне бармайтынымды айттым. Сосын күйеуіңізді қамап тастаймыз, бірақ ішімдік ішпегендіктен ұзақ қамауда ұстай алмаймыз деді. Келістім де, күйеуімнің үстінен арыз жаздым. Таңға жуық күйеуім полиция бөлімшесінен босап шығып, ашық қалған терезеден үйге кіріпті. Одан кейін ұрыс-төбелес қайта басталды. Арызыңды қайтып ал  деп қорқытып-үркітті. Карантин біткесін ажырасамыз деп көндірді. Мен келіскен болдым. Сөйтіп сіңлімнің үйінен қызымды алып келдік. Ал ертесінде учаскелік полиция үйге келгенде киім-кешегімді жинап, балаларымды ертіп, үйден кетіп қалдым, -деді Қарлығаш (кейіпкердің аты-жөні өзгертіліп алынды).

Ол күйеуі кіші қызына ғана мейіріммен қарайтынын, ұрмайтынын айтады. Кіші қызын басқа балаларына қарсы қойып, жаман сөздерді айтуды үйреткен. Күйеуінің қылықтары балаларының тәрбиесіне әсер етіп жатыр деген келіншек ажырасу себебін түсіндірді:

Балаларым әкелері аналарын тепкінің астына алғанын, былапыт сөз айтқанын көріп өсіп келеді. Әкелері өздеріне де қол жұмсайды. Мұны көрген балаларым бір бірімен де сондай қарым қатынаста. Кіші қызым әкесін жақтап, сыбанып сөйлеуді мәртебе көреді. Басқа балаларым мұны жақтырмайды. Ұлдарым өскенде әйелдеріне қол көтермесе екен деймін. Қыздарым озбыр күйеуге кезікпесе деп тілеймін. Балаларыма жақсы тәрбие беру үшін ажырасқым келеді, – дейді сұхбаттасымыз.

«Менің әкем жоқ!»

Қарлығаштың үлкен қызы Әнел (кейіпкердің аты-жөні өзгертіліп алынды) биыл 9 сыныпты бітірді. Сұңғақ бойлы қыздың қап-қара қолаң шашы беліне төгіледі. Ол әкесін есіне алса булығып, жылап жіберуге дайын. Себебі дәл осы шаштарын әкесі жұлған. Әкемді көргім келмейді деген 15 жасар қыз көзіне жас алып отырып, оқиғаны өзінше баяндады. 

Сол күні маған ауыр сөз айтты да, «осы айтқан сөзім сенің жүрегіңде қалсын» деді. Бұған анам шыдай алмай кетті де, әкемнен олай айтпауын сұрады. Сол кезде анамды ұрды. Анамды қорғамақ болғанда қайта маған қолын ала ұмтылды. Мен көшеге қашып шықтым да, көрші ағайға көмектесіңіз деп жалындым. Сол кезде ол артымнан қуып келіп, ол ағайдың көзінше бір ұрып, шашымнан жұлды. Сосын үйге алып келді де, тағы ұрды. Сол кезде ернім қанай бастады. Барып бетіңді жуып кел деп айтты. Бетімді жууға ваннаға кірдім де, жуынатын бөлменің терезесінен секіріп түсіп, көшеге қарай қаштым. Содан тәтемнің үйіне бардым. Тәтеме сіздің үйіңізде екенімді әкеме айтпаңызшы деп жалындым. Бірақ ол айтып қойды. Тәтемнің үйіне барғанда аузымның бәрі қан-қан, есім кіресілі-шығасылы болды. Түні бойы дірілдеп жатты, – деп Әнел бетін басып жылады.

Әнелдің сөздерінен кіші сіңілісін жақтырмайтыны байқалады. 

Әкем тек кішкентай сіңлімді ғана жақсы көреді. Ол да әкемнің айтқанын істейді. Кіші сіңіліммен ара қатынасымыз жақсы емес. Ол бәрін әкеме жеткізіп отырады. Бізді сыйламайды, жаман сөздер айтады. Сол үшін біз оны ұнатпаймыз, -дейді сұхбаттасымыз.

Ол кісі үнемі менің артымнан аңдып жүреді. Кемшіліктерімді теріп, бетіме басады. Ұрады. Басқа балаларынан мені бөледі.  Ешқайда жібермейді. Күнде үйде қамалып отырмамыз. Өзі ғана қыдырады. Басқаларымыз да ел көріп, жер көргіміз келеді. Үйден аттап шыққымыз келеді. Біз де адам баласымыз ғой. Не айтады соны істейміз. Тұр десе тұрып, отыр десе отырамыз. Ол ораза ұстаса біз де тамақ ішпеуіміз керек. Біз оның балаларымыз ғой. Әке балаларына олай жасамауы керек. Ондай әке маған керек емес. Менің әкем жоқ! – деді Әнел.

«Орталыққа алғаш келгенде көбінің ішінде үрей болады»

Әнел орталыққа алғаш келгенде өзін «бақытсызбын», «ешқашан бақытты болмаймын» деп есептейтін. Себебі әкесі оған бұл сөзді көп айтқан. Санасына құйып тастаған. Тіпті ешқашан тұрмысқа шықпаймын дейтін. Егер тұрмысқа шықсам күйеуім ұратын болады деп ойлайтын. Қазір бірте-бірте ойын өзгертіп келе жатыр. Әнелмен әлі де жұмыс істеп жатырмын. Болашаққа жоспар құруды, жақсылыққа сенуді үйреніп келеді, – дейді тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған паналау орталығының психологы Мәдина Бақытжанқызы.

Мәдина Бақытжанқызының айтуынша орталыққа алғаш келгенде көбінің ішінде үрей басым болады, ойлары шашыраңқы, тұйық келеді екен.

Бізге алғаш келгенде бұл кісілер қорқып қалған, ойларын жеткізе алмайтын болып келеді. Кейін, бір аптадай уақыт өткенде үйренісе бастайды да, ашыла түседі. Өзіне не керек екенін айтатын болады. Балалар да солай. Кей балалар бас кезінде ештеңе ұқпай, шуласа, кей балалар тұйықталып жүреді. Сосын жан жағына қарап үйрене бастайды, жүйеге бейімделеді. Тіпті кішкентай нәрестелердің өздері де бас кезінде жылайды, кейін басылады. Біздің мақсатымыз бұл кісілер өз пікірін айтуды, өздерін қорғауды, жеке шекарасын қорғауды үйрету.  Өздерін жоғары бағалауды үйретуге байланысты жұмыстар жүргіземіз. Осы жұмыстарды жүргізгеннен кейін күйеуіне қайтып бара ма, жоқ ажырасып кете ме таңдау жасайды. Бірақ, тіпті қайтып барған күннің өзінде олар бұрынғыдай өздеріне қол көтеруге жол бермейді. Егер қол көтеріп жатқан жағдайда олардың білімдері болады. Нақты не істеу керектігін біледі. Ал егер бөлек шығамын десе, соған жігерлендірумен жұмыс істейміз. Қалай дұрыс жұмыс табу керек, қандай мәселелермен бетпе бет келеді деген сияқты сұрақтарға жауап іздейміз. Болашаққа жоспар құруға көмектесеміз, -дейді  Мәдина Бақытжанқызы.

Заң бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын паналататын орындарда адамдар алты айға дейін тұра алады екен. Бірақ біздің негізгі мақсатымыз оларды бұл жерден тезірек шығару, мәселелерінің тез шешілуі деп отыр «Дағдарыс орталықтары одағының» басшысы Зульфия Байсақова.

Біз барлық мәселені шешуге тырысамыз. Біріншіден олардың туыстары бар. Екіншіден ол әйелдер экономикалық тұрғыда тәуелсіз болулары керек. Сондықтан тезірек жұмысқа шығуларына немесе екінші мамандық табуларына көмектесеміз. Мысалы бізде қазір шугаринг курсы өтіп жатыр. Шугаринг қызметі өте сұранысқа ие сала екен. Қаржылық тәуелсіздік әйелдің өз талабын қоюына мүмкіндік береді. Біз ерлі-зайыптылардың бірге тұрғандарын қалаймыз. Бірақ жаңа жағдайда өмір сүруді, эмоцияларын басқаруды үйренулері керек. Бізге әйелдер өздері ғана емес, балаларымен келеді. Ер адамдардың да балалары үшін жауапкершілігі бар ғой. Негізі ерлер мен қатар әйелдер де мінездерін өзгертулері керек. Бізге алғаш келгенде әйелдер балаларына қалай ұрсатындарын көрсеңіз… Сосын біз оларға эмоцияларын тежеуді үйретеміз. Бірте-бірте олар балаларына ұрыспайтын болады. Балалары қате бірдеңе істеп қойса, «Бұлай істеуге болмайды» деп түсіндіруге тырысатын болады, – дейді З. Байсақова.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайту үшін тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі бірінші кезекте қаралатын іс болуы керек деп отыр одақ төрағасы.

– «102–ге қоңырау келіп түсті ме, тіпті ол әйел он рет шақырған болса да полиция бірден сол жерге баруы керек. Білесіздер ме, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары көбі ойлайтындай әйелдер ғана емес, балалар да құрбан болып есептеледі. Олар да құрбанның күйін кешеді. Себебі олар аналарына жасалып жатқан зорлықты өз көздерімен көреді ғой. Сондықтан бәріміз бірігіп, тұрмыстық зорлықты криминалдандыру керекпіз. Тұрмыстық зорлықты криминалдандыру агрессорлар мен зорлықшыларды адекватты жазалауға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні егер біреу зорлық жасаса біздің құқықтық мемлекетімізде оған: «Ой, сіз тұрмыстық зорлық жасапсыз ғой?» -дейді. Негізі оған бұлай жасауға болмайтынын жақсылап түсіндіруіміз керек едік. Тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминалдандыру көптеген мәселелерді шешер еді», -деді Зульфия Байсақова бізге берген сұхбатында.

Ресми мәлімет бойынша Қазақстанда жыл сайын екі мыңдай кәмілет жасына толмаған балаға зорлық-зомбылық жасалады екен. Мұндай қылмыстың саны тұрақты өсіп те, кеміп те жатқан жоқ. Балаларға жасалатын қылмыстың түрлеріне: қинау, ұрып соғу, бопсалау, қауіпті жағдайда қалтыру және жыныстық мәжбүрлеу жатады екен. Ал карантин кезінде Қазақстанда 25 бала өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болған. Мамандардың айтуынша олардың мұндай әрекетке баруларының негізгі себебі отбасындағы мәселелер.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі бойынша дағдарыс орталығына байланысу үшін:

Тел: 150 немесе WhatsApp +7 708 10 608 10 (тегін, анонимді, тәулік бойы) сайт:www.telefon150.kz e-mail: kzsoyuz@gmail.com

 

Арнайы «Араша» ақпараттық порталы үшін Балжан Жеңісқызы

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.