29-10-23 |
1750 рет қаралған
Мәмілелер қандай жағдайда жарамсыз деп танылады?.
Мәмілелер қандай жағдайда жарамсыз деп танылады?

Мәмілелерді жарамсыз деп танудың салдары ауыр. Әсіресе мемлекеттік кірістер органының, кәсіпкерлердің арасындағы мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы даулар өзектілігін жоймай отыр. Оның түпкі мәніне үңілу үшін тәжірибеге назар аударайық.

Айталық, өкілетті орган, кірістер департаменті сотқа мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен жүгінді делік. Әрине, бұндай талап қоюлар кәсіпкерлер қызметіне біраз тосқауыл келтіреді. Бұл санаттағы істерді қару экономикалық сотқа жүктелген. Жалпы бұндай санаттағы талап қоюға қандай негіз бар, қандай материалдық заң нормалары қолданылатын білген жөн. Әрбір заңды тұлға, мемлекеттік орган болғандықтан оған заңмен белгіленген құқықтар мен құзыреттер белгіленген. Мемлекеттік кірістер органына талап қою құзыреті Салық кодексінің 19-бабына сай берілген. Нақтырақ айтқанда, 19-баптың 1/10 тармақшасында көрсетілген. Ал сотқа мәмілелерді жарамсыз деп тануға құқық берілген.

Аталған мемлекеттік органдар өз қызметтерін жүзеге асыру барысында, салықтық әкімшілендіру барысында қандай да бір күдік тудыратын кәсіпкерлердің арасындағы мәмілелерге өздерінің арнайы бағдарламалары арқылы қадағалау орнатып, күмәнді қаражат айналымын бақылауға алып, арасынан іріктеп кәсіпкерлердің мәмілелерін жарамсыз деп тану туралы сотқа талап қою беріп жатады. Бұл жағдайда Жоғарғы Соттың осы заңнаманың қолдану барысын зерделей отырып сотта дауларды дұрыс, жан-жақты қарау мақсатында нормативті қаулы қабылданады. 2022 жылы 22 желтоқсанда салық заңнамасын қолданудың кейбір мәселелері туралы нормативтік қаулы қабылданған.

Нормативті қаулыда заңнаманың дұрыс қолдануға бағыт берер басымдықтар көрсетілген. Егер бұрын салық органдарына барлық күдік туғызатын мәмілелерді жарамсыз деп тануға талап берілетін болса, қазіргі таңда ол құзырет шектеліп, тек қана салық төлеуден жалтару мақсатында жасалған мәмілелерге назар аударылып отыр. Сондықтан да кәсіпкерлердің салық төлеу, салықтық жүктемесін азайту мақсатында жасалған мәмілелерінен жиі дау туындайды.

Жалпы кәсіпкерлердің талап қоюға құқығы бар. Қоғамда көбінесе заңгерлер қауымы, кәсіпкерлер бұндай талап қоюларға қарсылық білдірген кезде, «неге сотқа дейінгі реттеу тәсілдері қолданылмаған?» деген мәселе де туындайды. Ал сотқа дейінгі реттеу тәсілдері заңдарда нақты көрсетілген. Бірақ бұл санаттағы істер бойынша медиациялық келісіммен реттеу қарастырылмаған.

Қазіргі таңда Қаржы министрлігі кіріс басқармасынан берілген тапсырма бойынша сотқа дейінгі тәртіптерді қолданып бастады. Кәсіпкерлерді сотқа берер алдында, кіріс департаментіне сотқа дейінгі нұсқаулықтарын беріп шақыртады. Сол жерде контрагент декларация тапсырмағандығы көрсетіліп, бетпе-бет кездестіріліп, шара қолдануға тырысады. Сотқа дейінгі бір шешім қабылдап, сотқа беру, бермеу жайлы мәселелер қарастырылады.

Азаматтық іс жүргізу кодексінің талаптарына сәйкес, екі тарап та сотқа бейтарап. Яғни, салық органдары да, кәсіпкерлер де бірдей, тең құқылы. Салық органдарына талап қою құқығы берілген болса, өз кезегінде кәсіпкерлер өзінің даулы мәмілелерін шын мәнінде іс жүзінде жүргізгенін, дәлелдеме, бастапқы бухгалтерлік құжаттарымен дәлелдеуі тиіс. Көптеген жағдайларда кәсіпкерлердің негізгі мақсаты пайда табуға бағытталады. Сол пайда табу барысында әртүрлі тәуекелдерге барады. Соңғы кездері назар аударатын басты мақсат – кәсіпкерлердің кәсіпкерлікпен айналысу барысында мұқияттылық танытуымен байланысты. Яғни, сатып алатын сатушы, қызмет көрсететін мердігер мекемелерді таңдау барысында бухгалтерлік есеп құжаттарын түгендеп, өздерінің контрагент, яғни қызмет көрсету, басқа тауар өткізу мекемелерінің тарихын, салық заңнамаларын тиісті деңгейде орындау-орындамауын мұқият тексеру қажет.

Кәсіпкер өзін-өзі қорғамаса, басқа оны ешкім қорғамайды. Ол бастапқы шарт жасасқан кезден бастап бүкіл бухгалтерлік есеп құжаттарын сақтап, егер алдағы уақытта даулы жағдай туындап жатса, салық органдарына болмаса сотқа талап арыз берген кезде сол бастапқы өзінің шарттық қарым-қатынасын дәлелдейтін құжаттарын сотқа табыстау қажет. Бүгінгі таңда мәмілелерді жарамсыз деп тануға негіз болу үшін екі негіздеме бірге жүруі қажет. Ол Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысының 6-тармағында көрсетілген.

Жалпы Азаматтық кодекстің 147 бабында мәміле ұғымы толық көрсетілген. Мәміле әртүрлі тараптар арасында жасалынады. Соның ішінде мемлекеттік органдар кейде мемлекеттік мекеме мен кәсіпкерлер арасындағы мемлекеттік сатып алу шартының негізінде жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қойып жатады. Бұл мәмілелерді жарамсыз деп танудың қандай негізі бар деген мәселеге келетін болсақ, Жоғарғы Соттың нормативті қаулысында бір негіз, яғни салық төлеуден жалтару деген негіз бар. Мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік органдардың да мемлекеттік сатып алу заңында көзделген тәртіппен сатып алған мәмілелерінде салық төлеуден жалтару деген ұғым жоқ. Бұл жерде басқа қылмыстық құрам болатын болса, ол Қылмыстық кодекс аясында дәлелденуі керек. Алайда, салық органдары талап қою беріп, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жасалған шарттарды жарамсыз деп тану талабын ұсынып, бірақ Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысын негізге алып бұндай талап қою қанағаттандырудан бас тартылған жағдайлар да тәжірибеде кездеседі. Бүгінгі таңда бұл жағдай бойынша сот практикасы бар.

Даулы мәмілелерді жарамсыз деп танудың салдарына келетін болсақ, салық органдарының беріп отырған талабы болғандықтан, бұл жерде тапсырыс берушіге, болмаса салық төлеуден жалтарған мекемеге қосымша салық жүктемесі туындайды. Көп жағдайда салық органдарының талап қоюларын бергенде Азаматтық кодекстің 158-бабының 4-тармақшасын негізге алынып, мәмілелер жарамсыз деп танылып жатыр. Ол үшін аталған мәмілелер өз міндеттемелерін орындаудан жалтару мақсатында жасалуы керек.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.