06-12-21 |
390 рет қаралған
Ресейге көшіп, Қазақстаннан зейнетақы алып келгендер 6 млрд теңге қарыз болып қалды.
Ресейге көшіп, Қазақстаннан зейнетақы алып келгендер 6 млрд теңге қарыз болып қалды

Қос азаматтығы бар зейнеткерлер 6,3 миллиард теңге көлемінде заңсыз төлем алған. Ресейге көшіп кетсе де зейнетақыны Қазақстаннан алып отырғандар бар. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2020 жылы Қазақстанда да, Ресейде де төлем алған 1 198 зейнеткер бар. Ал 2021 жылы былтыр тағайындалған 107 мың зейнетақы төлемінің ішінде осындай 289 адам анықталды, деп жазды Sputnik Қазақстан. 

«Аталған тұлғалардың қос азаматтығы және Ресей Федерациясының аумағында зейнетақы төлемдерін алу фактісінің болуына байланысты Қазақстанның республикалық бюджетінен алынған қаражат сомасы алдын ала 6,3 миллиард теңгені құрайды», – делінген депутат Екатерина Смышляеваның сауалына берген еңбек министрлігінің жауабында.

Еңбек министрлігі Қазақстанда қос азаматтыққа тыйым салынғанын және басқа елдің азаматтығын алған кезде Қазақстан азаматтығы автоматты түрде тоқтатылатынын еске салды.

Зейнетақы мен жәрдемақыны төлеу зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың Қазақстаннан тыс жерге тұрақты тұруға кету фактісі туралы мәлімет түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатылады.

«Көрсетілген мәліметтер негізінде министрлік зейнетақы төлемдерін алушылардың қос азаматтығы фактісін анықтау үшін ішкі істер министрлігіне және аталған азаматтардың бюджет қаражатын өтеуіне қатысты тиісті шаралар қабылдауы үшін қаржы мониторингі агенттігіне хат жолдады. Тиісті жауап түскеннен кейін қос азаматтық пен екі рет төлем жасалу деректері бойынша құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл тетігі пысықталады», – деп хабарлады еңбек министрлігі.

Ресейге тұрақты тұруға көшіп кеткен және зейнетақыны заңсыз алып жүрген бұрынғы қазақстандықтарды анықтаумен қатар, еңбек министрлігі екі рет төлем жасау дерегін анықтау үшін Өзбекстан және Қырғызстанмен деректерді салыстырып, тексереді.

Айта кетері, бұған дейін мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева екі елден төлем алып жүрген зейнеткерлерге қатысты бюджетке келтірілген шығын мәселесін көтерді.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.