28-10-23 |
1290 рет қаралған
Заң жобасы дәрігерлерді қорғауды көздейді.
Заң жобасы дәрігерлерді қорғауды көздейді

Медицина саласына қатысты сын көп. Теріс пікірді біреулер көріп айтады, біреулер қалың дүрмекке еріп айтады. Дегенмен, ақ халаттылардың қоғамдағы маңызын әлемді дүрліктірген коронавирус індеті ұқтырғандай болды. Вирустың таралып, медициналық көмек сұраған жандар дәрігер болудың оңай еместігін осы тұста анық сезінгендей. Міне, осы тұста ауыл, аймақтарда дәрігерлер еңбегін дәріптейтін бильбордтар орнатылып, қаланың көрнекі жерлерінен муралдар салынған болатын. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы да жасалғаны осы кез.

Бұл заң түптеп келгенде азаматтардың денсаулығына жауапты мамандардың қызметтегі қателігі үшін жоғары жазаға тартылмауын көздейді. Егер құжат заңдық күшке ие болған жағдайда медициналық қателікке орын берген дәрігерлердің түрмеге қамалмауы әбден мүмкін. Бұған қоса, өз міндетіне ұқыпсыз қараған дәрігерлерді де қатаң жазаламау тетігі ойластырылуда. Бүгінде халық арасында талқыланып, Парламент қабырғасында сүзгіден өткен заңды пысықтау, жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Заңдағы олқы тұстарын қабылданып кетпес үшін азаматтар ашық пікірталасқа түсіп, өз ұсыныс-тілектерін жеткізуден шет қалмауы керек.

Мәселен, азаматтар дәрігерлердің нақты диагноз қоя алмайтынын, кейде қайта қойылған диагноз бойынша емделген адамның сауығудың орнына, денсаулығын бүлдіріп алатын жағдайлары көп. Алматы облыстық ауруханасында соқырішекке ота жасатып шыққан Нәзима Жетенова дәрігерлерге өкпелі. Өйткені, қатты ауырсынып келген Нәзиманы тексерген дәрігерлер өзара ақылдасқан соң ота үстеліне жатқызып, соқыр ішекті алып тастамақ болған. Бірақ, әбден операцияны бастағанда ешқандай соқырішектің жоқтығын байқап, отаны аяқтайды. Сол күні оянған Нәзима отадан кейін ауруының басылмағанын, керісінше үдей түскенін байқайды. Бұл жолы дәрігерлер гинекологиялық ақау барын анықтап, жатыр түтікшесіндегі кистаны алу үшін ота жасайды. Киста алынады, бірақ, наркоздың кесірінен жас қыз денсаулығынан айырылады. Оның үстіне бірінен кейін бірі жасалған отадан ішінде инфекция қалып, араға бір ай толмай, қайта операция үстеліне оралуына тура келген. Міне, осылайша бір қателік жас қыздың өмірін бір сәтте өзгерткен. Ал біздің елімізде дәрігер қателігінен мезгілсіз көз жұмған, мүгедек боп қалған, денсаулығына нұқсан келген азаматтар қаншама? Егер осындай қателік үшін заңдағы жазаны жеңілдететін болса, дәрігерлердің жауаптылығы бұрынғыдан да төмендеп кетпей ме? Жоба туралы пікір білдірушілердің алаңдайтыны осы сұрақ.

Жаңа құжатты дайындауға дәрігер мамандығына деген қызығушылықтың төмендеуі түрткі болған дейді Денсаулық сақтау министрлігіндегі мамандар. Олар дәрігерлердің әдейі қателік жасамайтынын, адам жанын арашалауға ант берген медицина қызметкерлері соңғы күші қалғанша өз ісін атқаратынын айтып, жұмыс барысында кеткен қателік үшін жазаны қатайту қате деген пікірде. Тіпті, министрлік дәрігер мамандығына қызығушылықтың төмендігін  жұмыстың қауырттығымен, жоғары жауаптылығымен, сонымен қоса, қателік үшін берілген жазаның қаталдығымен байланыстырады.

Деректер мен дәйектерді салыстырған Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың өзі дәрігерлердің ұқыпсыздығынан денсаулыққа ауыр зиян келмесе жазаны жеңілдеткен дұрыс деген пікірде. Егер дәрігер салғырттығы ауыр жағдайға соқтырмаса, ол үшін белгіленетін айыппұлдар көлемін екі есеге дейін азайтып, ал абайсызда адам өліміне душар еткен оқыс оқиғаға кінәлі дәрігерді қамаудың орнына, бостандығын шартты түрде шектеу қажет дейді мамандар.

Бұл пікірді ақ халатты абзал жандар да қолдап отыр. Жұмыстың қиындығын алға тартқан мамандар кәсіптік міндетін талапқа сай орындамағандардың жазасын ізгілендіру маңызды екенін алға тартуда. Өйткені, мұндай өзгеріс ең алдымен дәрігерлерге емес, қатардағы азаматтардың құқықтарын қорғауға, медициналық қызметтерді алу кезіндегі келтірілген зиянды өтеуге, сондай-ақ медицина қызметкерлерін заңдық және қаржылық қорғауға бағытталған.

Әлемдік тәжірибеге көз салатын болсақ, өркениетті елдердің көпшілігінде жұмысына салғырт қараған дәрігерлерге, өз қателігінен тұтынушыға моральдық, материалдық залал келтірген ақ халаттылар тек азаматтық-құқықтық жақтан жауапты болады. Англия, Израильде қызмет барысында қателікке жол берген дәрігер айыппұл төлесе, Францияда мұндай олықылық жасаған дәрігердің өылмыстық жауаптылығы бекітілген. Ал Америкада қателік үшін жауаптылық тек дәрігерден ғана емес, сақтандыру компанияларынан да сұралады. Көршілес Украина, Беларусь елдерінде де дәрігерлерге қателескені үшін қылмыстық кодекс нормаларына сүйене отырып жаза тағайындалады.

Заң жобасын дайындауға өз саласының біргір мамандарымен қатар, заңгерлер, ғалымдар шақырылған. Сонымен бірге, мамандар жеке және заңды тұлғалардан сот өндірісіне түскен арыздарын саралаған. Айталық 2018-2020 жылдары жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініш 14 123-ті құраған.   Осы арыздарға мониторинг жүргізу арқылы медицина қызметкерлері қандай заң бұзушылықтарды жиі жасайтыны, дәрігерлер қандай қателіктері бойынша жиі жазаланатынына мониторингтік талдама жасалған. Осы зерделеу барысында белгілі болғандай, жыл сайын медицина қызметкерлеріне қатысты кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 317-бабы бойынша 300-ге жуық іс ашылады екен. Бүгінге дейін зардап шеккендердің пайдасына 40 миллион теңгеден астам моральдық және материалдық залал өтемақысы өндірілген.

Осы жерде біліксіз дәрігерден зардап шеккендердің өтемақы төлеуі бекітілген. Бұл шараны сақтандыру компаниясы жүргізеді. Сақтандыру компаниясы тарапынан берілген төлемнен бас тартқан және қанағаттанбаған жағдайда пациент сотқа жүгіне алады.

   Заң жобасы аясында  2023 жылдан бастап сақтандыруды жұмыс берушінің есебінен жүзеге асыру ұсынылып отыр. Ал 2025 жылдан бастап сақтандыру сыйлықақысының сомасын медициналық ұйым мен медицина қызметкерлері арасында бөлінеді. Министрдің айтуынша,  бұл ортақ кәсіптік жауапкершілікті сезінуге әкеледі.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.