15-06-23 |
630 рет қаралған
Алматылықтар ел халқына үлгі.
Алматылықтар ел халқына үлгі

Қазақстан Республикасының азаматы  – бұл сөз 20 млн-ға жуық ел тұрғындары үшін ғана емес, алыс-жақын шетелдерде жүрген бес миллионнан астам қазақ үшін де қасиетті, қастерлі сөз. Өйткені әлемде сан мыңдаған ұлт пен ұлыс өкілі болғанымен олардың ішінен тек 193-нің ғана мемлекеттігі Біріккен Ұлттар Ұйымы деңгейінде мойындалған. Яғни өзінің тілі, мәдениеті болғанымен ата-бабасынан мирас болып қалған атақонысында өзінің дербестігінің белгісі іспетті жеке мемлекеттігін құрып, оны сақтап қалған ұлт әлемде аса көп емес. Сондықтан Қазақстан Республикасы Конституциясы алғысөзіндегі: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген  Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде  мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып,  қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз» деген сөздер жайдан-жай жазылмаған.

          Қазақстан тарихында тәуелсіздіктің алтын бесігі  саналатын Алматы қаласы бүгінде республика астанасы болмағанмен,  Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасуында ғана емес елдің ұзақмерзімді дамуын айқындауындағы орны әлі де жоғары. Республикалық мәртебеге ең бірінші ие болған бұл қала экономикада, мәдениетте, саясатта, ғылым мен білімде ғана емес, өндірісте де өзінің көшбасшылық рөлін жоғалта қойған жоқ. Сондықтан 2050 жылға дейін әлемдегі бәсекеге қабілетті ең озық 30 елдің қатарына кіруді алдына страгиялық мақсат етіп қойып отырған Қазақстан үшін, оның отаншыл азаматтары үшін Алматы әрдайым үлгі-өнеге болып қала беретін болады.

          Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында бұл – арқаны кеңге салып отыратын жиын да, сән-салтанатпен өткізетін той да еместігін. Ел басына түскен қиындықтар, ең алдымен, біздің береке-бірлігімізді сынға саладтын, осындай күрделі сәттер, ең бастысы – шынайы жанашырлық және терең жауапкершілік таныту қажет екенін айқын көрсететін ерекше атап өтті.

– Біз аз уақытта зор серпіліс жасадық. Бұған ынтымақ-бірліктің және сындарлы қоғамдық диалогтың арқасында қол жеткіздік. Қазақстан – осы геосаяси аймақта саяси жүйесін қысқа мерзім ішінде түбегейлі өзгерткен бірден-бір мемлекет. Тың өзгерістердің арқасында саяси реформалардың Қазақстанға ғана тән ерекше үлгісі қалыптасты. Келешекте де оның мән-маңызы арта бермек. Алайда қолда бар жетістікке тоқмейілсіп отыруға болмайды. Алда ұзақ жол, ауқымды жұмыс бар. Түпкі мақсатымызға жету үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс. Әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер. Бір сөзбен айтсақ, пиғыл өзгермесе, ештеңе де өзгермейді. Біз қазір халықаралық ахуалдың бұрын-соңды болмаған деңгейде шиеленіскеніне куә болып отырмыз. Кейбір ірі елдер өзіне қажетті күн тәртібін басқаларға таңуға, оларды өз талабына икемдеуге тырысуда. Бір-біріне мүлдем қайшы келетін түрлі идеялар мен ұстанымдар қақтығысы белең алды. Бұл қақтығыс геосаясатта немесе экономикада ғана болып жатқан жоқ. Тіпті, мәдениет пен руханиятты, құндылықтар жүйесін, басқаша айтқанда, идеология саласын да шарпуда. Мұның бәрі тұтас мемлекеттердің және халықтардың қауіпсіздігіне зор кесірін тигізуі мүмкін. Халықаралық ахуалдың беталысы көңіл көншітпейді. Сондықтан Қазақстан Республикасы бұрын-соңды болмаған деңгейде біртұтас болуы керек. Біздің әлемдегі орнымыз, ең алдымен, ұлтымыздың сапасына байланысты болмақ. Қуатты ел боламыз десек, бірлесе отырып, бірқатар маңызды сауалға жауап беруге тиіспіз. Біз болашағы қандай мемлекет құрып жатырмыз? Ұлтымыз нені армандайды? Қазақстан азаматы қандай болуы керек? Еліміздің басты тірегі не? Миссиясы қандай? Мен бүгін осыған қатысты ой-пікірімді ортаға салғым келеді,  – дегенді айтқан еді. 

ҚР Президентінің  елдегі саяси-экономикалық реформаларды қоғамдағы терең әлеуметтік-мәдени өзгерістермен қатар іске асыру керктігін және оны  маңызды міндет деуі бекер айтылған жоқ. Бір орында шиырлап қалмай, алға қадам басу үшін құндылықтарымызды нығайта түсуіміз қажеттігін, сонда ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратынымызға айрықша тоқталуы сондықтан.  Ал елдегі әлеуметтік-мәдени өзгерістердің ұйтқысы болуға әлі күнге дейін Алматы қаласының әлеуеті мен мүмкіндігі өзгелерден көбірек. Оған 1927-1997 жылдары ел астанасы болған Алматының тек республика көлемінде ғана емес, көршілес Орталық Азия елдері арасында қазір де  барлық салада  аса қуатты орталық болып отырғаны негіз бола алады.

 – Жұртшылық арасында ХХІ ғасырдағы Қазақстан азаматына қатысты  түрлі ой-пікірлер бар. Біреулер ол бір емес, бірнеше тілді еркін білетін десе, екіншілері кәсібилікке көбірек көңіл бөлетін адам болу керек деп санайды.

Меніңше, ең бірінші Қазақстан азаматының құқықтық сауаты жоғары болу керек. Екінші, дені сау болу үшін саламатты өмір сүру керек. Үшінші,  өзгелермен тең дәрежеде өмір сүруге талпыныс жасауы керек. Төртінші, кез келген ортада адал болу керек. Бесінші, жан-жақты болу керек. Алтыншы,  ұтқыр болу керек. Заман даму өте жылдам жүріп жатыр. Жаңа өзгеріске, жаңалықтарға дайын болу керек. Жетінші, көп конфессиялық ел болған соң жақсы жағына үлгі бола білу керек,  – дейді Халықаралық адам құқықтарын қорғау комитетінің Қазақстандағы уәкілетті өкілдігініің кеңесшісі Қанат Жұмабай.

Мемлекет басшысы да  құрылтайда сондай-ақ, дәстүрлі құндылықтарымызды қазіргі мәдени үрдістермен үйлестіруіміз керек. «Елімізде отаншыл, жасампаз, батыл, дарынды, білімді, озық әрі еңбекқор жандар өте көп. Мен осындай азаматтарды көргенде болашағымыздың жарқын боларына зор сеніммен қараймын. Тәуелсіз Қазақстанда рухы азат, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ өсіп келеді. Олар ғылым-білім, музыка, кино, спорт және басқа да салаларда табысқа жетіп, бүкіл әлемге танымал бола бастады. Жастарымыз туған жердің қайталанбас ерекшелігін және туған елдің бірегей болмысын жер жүзіне танытып жүр. Жас ұрпақ тарих тағылымын және елдің жарқын болашаққа ұмтылысын бір арнаға тоғыстырып жатыр.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.