24-06-23 |
1610 рет қаралған
Мешіт саны жағынан Алматы республикада соңғы бестікте тұр.
Мешіт саны жағынан Алматы республикада соңғы бестікте тұр

Алматы 2,1 млн  тұрғыны бар Алматыда жыл басындағы мәлімет бойынша,  200-ге жуық діни бірлестік тіркелген.  Оның 118-і діни ғимарат. Атап айтқанда 54-і  мешіт, 35-і протестанттық конфессиялардың ғибадат ғимараты, 20-сы православие шіркеуі мен соборы, төртеуі Ехоба Куәгерлерінің, екеуі католиктердің шіркеуі. Сондай-ақ бір-бірден  Жаңа Апостол, синагога шіркеулері мен  Вон-будда конфессиясының ғибадат ғимараты бар.

          Былтыр қаланың жаңа аудандары саналатын  Наурызбай және Алатау аудандарында 2 жаңа мешіт, сондай-ақ Жетісу ауданында 2 католик шіркеуі ашылды. Бұдан бөлек Алатау, Түрксіб аудандарында 2 мешіттің, Түрксіб ауданында 1 православие шіркеуінің  сондай-ақ,  Алмалы ауданында жұмыс істеп тұрған мешітке 1 қосымша нысан құрылысы жүргізілуде.

          Діни бірлестіктердің бұдан бөлек 4 рухани оқу орны («Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті; ҚМДБ жанындағы ҚР имамдарының біліктілігін арттыру институты; «Әбу Ханифа» колледжі (медресесі); Православие шіркеуінің Алматы рухани семинариясы), 7 намазхана және діни әдебиетті таратуға арналған 17 стационарлық үй-жай жұмыс істейді. Қалада сондай-ақ, дінді насихаттайтын 72 миссионер тіркелген.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының есебі бойынша, елімізде 2716 мешіт бар. Аймақтар арасында алғашқы үштікте Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары, ең соңғы үштікте Астана қаласы және Ұлытау мен Атырау облыстары тұр. Егер Түркістан облысында – 753, Жамбыл облысында  – 310, Алматы облысында – 285 мешіт болса, ал елордамыз Астанада – 13, Қостанай облысында – 26, Ұлытау облысында – 31  мешіт бар.

Ұлттық статистика бюросының 2023 жылғы 1 маусымдағы мәліметіне қарағанда, елімізде 19,8 млн халық бар. Оның 2 185 596-сы Алматыда, 2 132 208-і Түркістан облысында,  1 516 506-сы Алматы облысында, 1376528-і Астана қаласында, 1 222 093-і Жамбыл облысында, 1 203 184-і Шымкент қаласында, 1 136 177-і Қарағанды облысында тұрады. Тұрғындары ең аз аймақтардың бестігіне Ұлытау (221 823), Солтүстік Қазақстан (533 127), Абай (610 292), Батыс Қазақстан (690 712) Жетісу (699 277) облыстары кіреді. Осы арада Ұлытауда – 31, Солтүстік Қазақстанда – 60,  Абайда – 110,   Батыс Қазақстанда – 48, Жетісуда – 192   мешіт барына назар аударған жөн шығар.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұровтывң айтуынша,  2022 жылы елімізде онлайн және офлайн форматта 280 470 уағыз-насихат айтылып, оны 9 606 349 адам тыңдады. Атап айтқанда мешіттерде 104 126 бесін уағызы, 149 477 ақшам уағызы айтылды. 1961 уағыз-насихат орыс тілінде айтылып,  20491 уағыз-дәрістер онлайн форматта жүргізілді.

Сәуір айында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлын қабылдаған кезде Мемлекет басшысы халқымыздың  дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу маңызды екенін айтқан болатын. Онда бас мүфти  Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қоғамда дәстүрлі ислам дінін кеңінен дәріптеу және ел игілігі мен бірлігі жолында атқарып жатқан жұмыстарын баяндады. Бас мүфтидің айтуынша,   діни басқарма 2023 жылды «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жариялаған. Оның аясында жыл бойы бірқатар маңызды іс-шара ұйымдастырылады. Сондай-ақ ұлттық салт-сананы жаңғырту, дәстүрлі исламға басымдық беру үшін алдағы уақытта бірқатар жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. 

          ҚР Президенті Түркістандағы Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында:«Елімізде жаңа қоғамдық этика қалыптасуы керек. Онда елдің бірлігі және тұрақтылығы, азаматтардың өзара тілектестігі, әділдік, заң мен тәртіп, сенім және жауапкершілік сияқты құндылықтар үстемдік құруы қажет» деген еді. Бұл мәселенің адамдардың діни сеніміне де қатысы бар. Соңғы жылдары тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде дінді теріс бағытта қолданып, оған жұртшылықтың жеккөрініш сезімін тудыруға әрекетенушілер аз емес. Сондықтан конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету мен ақпараттық-түсіндіру жұмсының да маңызы күн өткен сайын өспесме, кеміп отырған жоқ.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитетінің мәліметі бойынша, 2023 жылғы 2 тоқсанда ақпараттық түсіндіру топтары дәріскерлері 368 мыңнан астам адамды  қамтыған  10 мың іс-шара өткізген. Министрліктің есебі бойынша, елімізде 18 конфессияны қамтитын 3932 діни бірлестік тіркелген. Оның  2790-ы  исламдық, 345-і православие, 93-і католик, 588-і протестант, 61-і Ехоба куәгерлері, 24-і Жаңаапостолдық шіркеу, 13-і Кришна санасы қоғамы, жетеуі иудаизм, алтауы бахаи, екеуі буддизм, екеуі соңғы күнгі әулиелер Иса Мәсіхтің шіркеуі (мормондар), біреуі муниттер. Ал діни ғимараттардығң жалпы саны – 3726, оның ішінде: 2788 – мешіт, 302 – православие  шіркеуі, 115 –католик  шіркеуі, 424 – протестанттық  ғибадат үйі, 57 – Ехоба куәгерлерінің ғибадат үйі, 24 – Жаңа апостол шіркеуінің үйі, 6 – синагог, 2 – Бахаи ғибадат үйлері, 6 –«Кришна санасы қоғамы» ДБ ғибадатханалары, 2 – буддисттік  ғибадатхана бар.

          2023 жылғы екінші тоқсанының қорытындысы бойынша діни қызмет саласында 57 әкімшілік құқық бұзушылық деректері анықталған, оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 453, 489-баптары бойынша құқық қорғау органдары және өңірлік Дін істері басқармаларымен 17 факт анықталды.   Құрамында 3028 маманы бар дін мәселелері бойынша 228 өңірлік ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс атқарады. Оның 19-ы облыстарда, 46-сы қалаларда, 163-і аудандарда.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.